Италия (итал.
Жер көлемі – 301,3 мың км2. Халқы – 62 млн адам. Халқының 94%-ы италиялықтар. Мемлекеттік тілі – италия тілі. Халқы христиан дінінің католик тармағын ұстанады. Астанасы – Рим (2,8 млн.). Бұған қоса Милан (1,6 млн.), Неаполь (1,2 млн.), Турин (1,1 млн.), т.б. ірі қалалар бар. Италия территориясында тәуелсіз 2 мемлекет (Ватикан, Сан-Марино) орналасқан. Әкімшілік-территориялық жағынан 20 облыстан тұрады. Оның 5-еуінің (Сицилия, Сардиния, Трентино-Альто-Адидже, Валле Д’Аоста, Фриули-Венеция-Джулия) ерекше автономиялық мәртебесі бар. Облыстар 94 провинцияға бөлінеді. Италия – парламенттік республика. 1948 жылы қабылданған конституция бойынша елді Президент басқарады (1992 жылдан О.Л. Скальфаро). Ол 7 жыл сайын қос палаталы парламент депутаттары мен облыстардан келген өкілдердің бірлескен жиналысында қайта сайланып отырады. Заң шығарушы орган екі палатадан: Республика сенаты (372 сенатор) мен Депутаттар палатасынан (630 депутат) тұрады. Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында. Ұлттық ақша бірлігі – лира. Ұлттық мерекесі маусымның алғашқы жексенбісі – Республиканың құрылған күні (2 маусым, 1946).
Италия Республикасы итал. Repubblica Italiana | |||||
| |||||
Әнұран: «Il Canto degli Italiani (Итальяндықтардың өлеңі)» (тыңдау ) | |||||
Тарихы | |||||
---|---|---|---|---|---|
Құрылды | 17 наурыз 1861 жыл | ||||
Мемлекеттік құрылымы | |||||
Ресми тілі | италиян тілі | ||||
Елорда | Рим | ||||
Ірі қалалары | Рим, Милан, Неаполь, Турин, Палермо, Генуя, Болонья, Флоренция, Бари, Катания | ||||
Үкімет түрі | Парламенттік республика | ||||
Президенті Премьер-министрі Сенат президенті ДП президенті | Серджио Маттарелла Марио Драги Мария Альберти-Казеллати Роберто Фико | ||||
Мемлекеттік діні | зайырлы мемлекет | ||||
Географиясы | |||||
Жер аумағы • Барлығы • % су беті | Әлем бойынша 71-ші орын 301 340 км² 2,4 | ||||
Жұрты • Сарап (2018) • Санақ (2011) • Тығыздығы | ▲ 60 359 546 адам (23-ші) ▲ 59 433 744 адам 201,3 адам/км² (63-ші) | ||||
Экономикасы | |||||
ЖІӨ (АҚТ) • Қорытынды (2019) • Жан басына шаққанда | ▲ 2,443 трлн. $ (12-ші) ▲ 40,470 $ (33-ші) | ||||
ЖІӨ (номинал) • Қорытынды (2019) • Жан басына шаққанда | ▼ 1,989 трлн. $ ▼ 32,947 $ (25-ші) | ||||
АДИ (2017) | ▲ 0,880 (өте жоғары) (28-ші) | ||||
Этнохороним | италиялық, италиялықтар | ||||
Валютасы | еуро (EUR, коды 978) | ||||
Қосымша мәліметтер | |||||
Интернет үйшігі | .it | ||||
ISO коды | IT | ||||
ХОК коды | ITA | ||||
Телефон коды | +39 | ||||
Уақыт белдеулері | +1, жазда +2 |
Италия қоңыржай белдеудің орманды аймағы (Солтүстік) мен субтропиктік белдеуде (Оңтүстік) орналасқан. Жерінің 4/5 бөлігі – тау мен қырат. Ең биік жері – Монблан шыңы (4807 м) Альпі тауында ондаған ірі мұздықтар бар. Альпінің оңтүстігіндегі Падан жазығы Апеннин тауына жалғасады. Оңтүстігінің қиыр шеті – Калабрия тауы. Аралдарының көбі таулы, жанартаулы келеді. Орта және Оңтүстік Италияда жер сілкінісі болып тұрады. Пайдалы қазбалары: тас көмір, лигнит, мұнай, табиғи газ, қорғасын, темір кентасы, күкірт, т.б. Сынап кенінің табиғи қоры жағынан ел дүние жүзінде Испаниядан кейін 2-орында. Климаты, негізінен, субтропиктік: жазы ыстық, қуаң, қысы жылы. Шілдедегі орташа температура 20 – 22°С-тан (солтүстікте) 28°С-қа дейін (оңтүстікте), қаңтарда 0°С-тан (солтүстікте) 12°С-қа (оңтүстікте) дейін. Альпінің жоғарғы жағында қыста –15 – 20°С аяз болады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 500 мм-ден (Сицилия, Сардиния) 3000 мм-ге (Шығыс Альпі, Солтүстік Апеннин таулары) дейін. Елдің басты өзені – По (ұзындығы 652 км) (Рим қаласы осы өзеннің жағасында орналасқан), үлкен өзендер қатарына Адидже, Брента, Рено, Арно, Тибр, т.б. жатады. Ірі көлдерінің көпшілігі (Гарда, Комо, т.б.) Альпі тауында орналасқан. Жері құнарлы қоңыр топырақты және шалғынды. Альпінің 800 м-ге дейінгі биіктіктерінде жалпақ жапырақты (емен, үйеңкі) ормандар, ал онан жоғары қарай шамшат және қылқан жапырақты ормандар, ал ең жоғарғы бөлігінде субальпілік шалғындар өседі. Падан (По) жазығында егіншілік жақсы дамыған. Апеннин тауы мен Сицилия, Сардиния аралдарында мәңгі жасыл шық тоғайлар, емен, шамшат ағаштары өседі. Альпі және Апеннин тауларында тау ешкі, жабайы мысық, сусар, күзен, абруц аюы кездеседі. Италияда 400-ге тарта құс мекендейді. Көрші теңіздері балыққа бай.
Ежелгі дәуірде Италия территориясында Рим мемлекеті салтанат құрды. 4 – 5 ғасырларда Рим империясына көршілес герман, ғұн, авар тайпалары күйрете соққы берді. 476 жылы Батыс Рим империясы құлап, орнына Одоакр корольдігі (476 – 493) құрылды.
Италия - парламенттік типтегі унитарлы мемлекет. Мемлекеттің негізгі заңы - 1947 жылы қабылданған конституция.
Мемлекет басшысы - Италия Президенті.
Атқарушы билік пен Үкіметті Италия Министрлер Кеңесінің Төрағасы басқарады. 2013 жылғы ақпандағы Үкімет құрылымына келесі министрліктер кірді:
Заң шығарушы билік — 5 жылға сайланған Италияның екі палаталы Парламенті.
Жетекші саяси партиялар — Бес жұлдызды қозғалыс, Солшыл демократтар, Демократиялық одақ, Италия халық партиясы, Біріккен христиан демократтары, "Бостандық халқы", Солтүстік Лигасы. Партиялар коалицияға біріктірілген — оңшылдар (Бостандық халқы, Христиан-демократиялық партиясы (ХДП), Солтүстік лигасы) және солшылдар (Солшылдардың демократиялық партиясы (СДП), Социалистік партия (СП), Халық партиясы, экологтар).
Италия — орталықтандырылмаған унитарлы мемлекет. Мемлекеттің астанасы — Рим. Ел 20 аймаққа бөлінген — Валле-д’Аоста, Ломбардия, Трентино — Альто-Адидже, Фриули-Венеция-Джулия, Пьемонт, Лигурия, Венеция, Тоскана, Умбрия, Эмилия-Романья, Марке, Абруццо, Лацио, Молизе, Базиликата, Кампания, Калабрия, Апулия, Сардиния және Сицилия (олардың 5-і Сицилия, Сардиния, Трентино — Альто Адидже, Валле-д'Аоста және Фриули-Венеция-Джулия — ерекше мәртебеге ие), оған әкімшілік-аумақтық бірлік ретінде 110 провинция кіреді. Провинциялар өз кезегінде коммуналарға бөлінеді, жалпы коммуналар ― 8101. Автономды облыстарда өздерінің өкілді органдары бар — облыстық кеңестер мен атқарушы органдар — джунттар, облыстар және автономиялық провинциялар Конституцияда жазылған мәселелер бойынша облыстық және провинциялық заңдар қабылдай алады.
Облысы | Астанасы | Ауданы (км²) | Халық |
---|---|---|---|
Абруццо | Л’Акуила | 10 794 | 1 324 000 |
Апулия | Бари | 19 362 | 4 076 000 |
Базиликата | Потенца | 9992 | 591 000 |
Валле-д’Аоста | Аоста | 3263 | 126 000 |
Венеция | Венеция | 18 391 | 4 832 000 |
Калабрия | Катандзаро | 15 080 | 2 007 000 |
Кампания | Неаполь | 13 595 | 5 811 000 |
Лацио | Рим | 17 207 | 5 561 000 |
Лигурия | Генуя | 5421 | 1 610 000 |
Ломбардия | Милан | 23 861 | 9 642 000 |
Марке | Анкона | 9694 | 1 553 000 |
Молизе | Кампобассо | 4438 | 320 000 |
Пьемонт | Турин | 25 399 | 4 401 000 |
Сардиния | Кальяри | 24 090 | 1 666 000 |
Сицилия | Палермо | 25 708 | 5 030 000 |
Тоскана | Флоренция | 22 997 | 3 677 000 |
Трентино — Альто-Адидже | Тренто | 13 607 | 1 007 000 |
Умбрия | Перуджа | 8456 | 884 000 |
Фриули-Венеция-Джулия | Триест | 7855 | 1 222 000 |
Эмилия-Романья | Болонья | 22 124 | 4 276 000 |
[[СуретFerrari 458 Spider.jpg|нобай|оңға|Жаңа Ferrari 458 Italia. Италия ең ірі экспорттаушы елдерінің арасында 7-ші орында]] Италия – әлемдегі аса жоғары дамыған жетекші елдердің бірі. Ұлттық табыс көлемі (1146,2 млрд. АҚШ доллары, 1997) жағынан дүние жүзінде АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Франциядан кейін 6-орында, оны жан басына шаққанда 3-орында. Экономикадағы өнеркәсіп үлесі – 35,6%, ауыл шаруашылығы – 3,9%, қызмет көрсету – 60,5%. Халқының 70%-ы – қызмет көрсету, 22%-ы – өнеркәсіпте, 8%-ы – ауыл шаруашылығында жұмыс жасайды. Экономикасында шет ел капиталының үлесі үлкен. Экономикасындағы негізгі салалары: машина жасау, автомобиль жасау, тамақ, химия, тігін, металлургия, т.б. Соңғы жылдары роботтар мен электронды жабдықтар өндірісі тез дамып келеді. Ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде. Астық өнімдерінен бидай, жүгері, күріш (Еуропада 1-орында), оған қоса жеміс-жидек, жаңғақ, жүзім (90%-ы – шарап жасауға жұмсалады), помидор өсіріледі. Еуропалық одақтың талабы бойынша мал шаруашылығы аса дамытылмай, көбінесе, сүтті және етті мүйізді ірі қара өсіріледі. Теңіз саудасы жақсы дамыған: экспорттың 60 – 65%-ы, импорттың 80 – 90%-ы сауда флотының үлесінде (жүк тасу мөлшері бойынша әлемде 10-орында).
Италия – аса ірі туризм орталығы (жылына 50 млн-нан аса адам туристер келеді). Ел сыртқы сауда мөлшері бойынша дүние жүзінде 6-орында. Сыртқы саудадағы негізгі әріптестері Еуропалық одақ елдері (ең алдымен Германия, Франция, Ұлыбритания) – 40%-дан астам, АҚШ (7%), Жапония, Орталық және Шығыс Еуропа елдері, т.б.
Қазақстанмен қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Еліміздің Президенті Н.Назарбаев 2 рет (1994; 1998) ресми сапармен Италияда болып қайтты. 1997 жылы Италия Президенті О.Л. Скальфаро Қазақстанда болды. Италия еліміз экономикасындағы шет ел инвесторлары арасында 7-орында. Республикада 12 италиялық фирма өкілдігі, 46 бірлескен компаниялар жұмыс жасайды. Оның ішінде аса ірілері ретінде “Аджип” (Қарашығанақта), “Сайпен”, “Ди Анжели Индейстриз”, т.б. айтуға болады. Екі ел арасында қаржы, мәдениет, оқу-ағарту, туризм салалары бойынша да көптеген келісімдер жасалған. 1999 жылы Рим, Легче, Неаполь қалаларында Қазақстаннан табылған “Алтын адам” экспонатының көрмесі болып өтті.
Италия әдебиетінің ежелгі фольклоры сақталмаған. Орта ғасырлардағы Италия әдебиеті Рим империясы құлағаннан кейін 6 – 12 ғасырлар аралығында латын тілінде пайда болды. Осы кезде Рим шіркеуінің өкілдері Дж. да Плано Карпинидің (1182 – 1252), Марко Полоның (1254 – 1324) Орталық Азияға жасаған саяхаттары туралы жол жазбалары дүниеге келген. Ұлттық диалектілерде жазылған әдеби ескерткіштер 12 ғасырдың аяғы мен 13 ғасырдың басында туды.
Италия әдебиетінің біртұтас әдеби тілін қалыптастырушы Данте Алигьери (1265 – 1321) болды. Оның негізгі шығармалары – “Жаңа өмір” (1292) повесі, “Құдіретті” комедиясы (1321), т.б. туындылары дүние жүзі әдебиетінің алтын қорына қосылды. Қайта өрлеу дәуірі кезіндегі Италия әдебиетінде ақын Ф.Петрарка (1304 – 1374), Дж. Боккаччо (1313 – 1375) шығармалары көрнекті орын алды. 15 ғасырда ежелгі дәуірді зерттеуші ғалым-жазушы Дж. Ф.П. Браччолини (1380 – 1459) мен Л. Валланың (1407 – 1457), т.б. латын тілінде жазылған шығармалары жазылды. 16 – 17 ғасырларда Ф.А. Ариостоның (1474 – 1533) “Қаhарлы Роланд” поэмасы, Н.Макиавеллидің (1469 – 1527), П.Аретиноның (1492 – 1556), Дж. Бруноның (1548 – 1600) сатиралық комедиялары, Т.Тассоның (1544 – 1595) “Аминта”, Б.Гваринидің (1538 – 1612) “Сенімді бақташы” атты драмалары жазылды. 17 ғасырда Италияның біршама бөлігін испан басқыншылары жаулап алуына байланысты әдебиетте біраз тоқырау пайда болды. 18 ғасырдың орта шенінен Италияның рухани өмірі қайта гүлденіп, ұлттық мәдениет өркендеу жолына түсті. 1848 – 49 жылғы революциядан кейін туған Р.Джованьолидің (1838 – 1915) “Спартак” романы мен Дж. Кардуччидің (1835 – 1907) саяси жырлары Италия әдебиетіндегі романтизмнен реализмге өту дәуірінің шындығын танытады. 19 ғасырдың аяғында Италия әдебиетінде жаңа романтикалық және символистік бағыт өріс алды. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында Италия әдебиеті дәстүрлі гуманистік бағытынан айныған жоқ. Фашистік билік үстемдік жүргізген жиырма жыл ішінде Италия әдебиетінің көптеген өкілдері әлеуметтік тақырыптар мен реалистік дәстүрден ажырап қалды. Дж. Джерманетто, Ч.Павезе, Э.Витторини, т.б. ақын-жазушылар өз шығармаларында фашистік кезеңнің ауыр зардабын суреттеп көрсетті.
20 ғасырдың 60-жылдарындағы Италия әдебиетінде жаңа ізденістерден туған күрделі шығармалар жарық көрді. Бұл ретте Моравияның әлеуметтік-психологиялық романдарын (“Чочар”, 1957; “Автомат”, 1963, т.б.), Италия Кальвиноның (1923 жылы т.) повестерін, Г. Паризенің (1929) сатиралық романдарын (“Үй иесі”, 1965), т.б. жазушылардың шығармаларын атауға болады. Италия әдебиеті дүниежүзілік мәдениетте көрнекті орын алады. Италия әдебиетінен К.Гольдонидың “Екі қожаға бір қызметші” комедиясы (1948), Э.Амичистің “Апенниннен Анды тауларына” атты әңгімелер жинағы (1959), А.Дантенің “Құдіретті комедиясын” (“Тамұқ” атты бөлімі, 1971); Р.Джованьолидің “Спартагі” (1951, 1972); С. Марчтің “Күн сайын әр не жоғалмағы” (1971), т.б. қазақ тіліне аударылды.
Ежелгі Рим империясының құлдырауынан кейін ортағасырлық Италия архитектурасы (Рим, Милан, т.б. жерлерде күмбезді шіркеулер салынды) қалыптаса бастады. Монументті шіркеу, тұрғын үй, мұнара, қақпа, қорған тұрғызу ісі дамыды. 13 – 14 ғасырларда готика дәстүрлі (Орвьето мен Миландағы, Флоренциядағы соборлар, Веккьо палаццосы, Венециядағы Дождар сарайы) өркендеді. Осы кезеңде ортағасырлық Италия қалаларының түр-сипаты қалыптасты. Қайта өркендеу дәуіріндегі (15 – 16 ғасырлар) Италияның архитектурасы жаңа бағытқа ауысып, қала салу ісінің құралымдау және пропорциялау тәсілдері математикалық жолмен дамыды. Барокко (16 ғасырдың аяғы – 18 ғасыр) тұсындағы архитектура Италияның қалалары мен виллаларында көлемді ансамбльдерімен, парктерімен, салтанатты басқыштарымен, бағаналарымен, хауыздарымен белгілі. 18 ғасырдың басында Италия архитектурасы дәстүрлі формада (Ф.Ювара, 1678 – 1736), 18 ғасырдың 2-жартысы мен 19 ғасырдың 1-жартысында классицизм бағытында болғандығы Миландағы архитектуралық ансамбль мен театр құрылысынан анық көрінеді. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басында қала орталықтарында эклектикалық құрылыстар көптеп салынды. Фашистік диктатура (1922 – 43) кезіндегі құрылыстарда монументтеу, әсіресе, жаңа классика басым болды. 20 ғасырдың 50 – 60-жылдары жаңа құрылыс материалдарын (темірлі-бетон, шынылы блок) пайдаланған Италия архитектурасы дамыды. Италия архитекторлары қазіргі заманғы архитектуралық форманы ұлттық дәстүрмен байланыстыруға ұмтылды.
Италияның ортағасырлық кескіндеме өнері ежелгі дәуір өнері озық үлгілердің қарапайымдылық пен қарадүрсіндікке бағытталуы арқылы 8 – 11 ғасырларда (фрескалар, мозаикалар) қалыптасты. 12 ғасырдың аяғында діни тақырыптағы қондырғылы кескіндеме, құрылыстарды әсемдеу мақсатындағы мүсіндер, түрлі түсті инкрустация әдісі басым дамыды. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында алдыңғы қатарлы қалалар Флоренция, Пиза, Сиенада, негізінен, ежелгі дәуір өнері бағытын ұстанған ақсүйектер өнері (Проторенессанс) пайда болды. 15 ғасырда Қайта өркендеу дәуірінің өнері ортағасырлық шарттылықтан қол үзіп, адам мен табиғатты зерттеуге және де ежелгі дәуір өнері мұрасын толық меңгеруге батыл ден қойды. Мүсіншілер Донателло (1386 – 1466), Л.Гиберти (1381 – 1455), А.Вероккьо (1435 – 1488) күш пен қуатқа толы еркіндік көксеген жандардың бейнесін жасады. Суретші Мазаччо, С.Боттичелли, Дж. Беллини (1430 – 1516) еңбектерінде адам мен оны қоршаған болмыстың сұлулығы шебер бейнеленді. 15 ғасырдың аяғы мен 16 ғасырда бүкіл Еуропаға қанат жайған Қайта өркендеу дәуірінің өнері, әсіресе, адамгершілікті паш еткен классикалық айқындығымен ерекшеленеді. Бұл дәуірдің әйгілі өкілдері: Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Джорджоне, Тициан, П.Веронезе (1528 – 1588), Я.Тинторетто. 15 – 16 ғасырларда бейнелеу өнері, гравюра, сән және қолданбалы өнер (үй жабдықтары, майолика, шыны), медаль соғу, театр декорациясы көркемдіктің жоғары дәрежесіне көтерілді. 16 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырда Италия өнерінде бояуы бай, сәндіктің жоғары дәрежесіне көтерілген барокко өнері [мүсінші Л.Бернини, суретші Пьетро да Кортона (1596 – 1669)] басым бағыт болды. 16 ғасырдың аяғында Болонья мектебінде (М.Караваджо; Г.Рени, 1575 – 1642) академизм ағымындағы кескіндеме қалыптасты. 18 ғасырда гравюра мен театр декорациясы өнерінде классицизм бой көрсетті. 19 ғасырда мүсінші А.Канованың (1757 – 1822) бастауымен негізгі бағытқа айналған классицизм азаматтық пафостан қол үзді. Арнайы академизмге қарсы күрес Италия романтизмін, кейінірек реалистік өнердің тұрмыстық жанры мен табиғат көріністері суреттерін өмірге әкелді. Ол 20 ғасырда футуризмге, кейін жаңа классицизмге ұласты. Қазіргі Италия өнерінде формалистік ағымдардың сюрреализм, абстракты өнер секілді түрлері тараған. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін жаңа реализм ағымы пайда болды. Қазақ мемлекеттік көркемсурет музейінде Моретто да Брешианың (Алессандро Бонвинчино болуы мүмкін, 1498 – 1554 ж.) “Нәрестелі мадоннасы”, Лука Камбиазоның (1527 – 1585) “Алтын ғасыры”, Франческо Моланың (1612 – 66) “Аласталған Агариі”, Джачинтоның (Джигонте, 1809 – 1876) “Әулие Перінің Римдегі қамалы”, Антон Домениконың (Габбиани, т.-ө.жылы белгісіз) “Аполлон мен музалары”, Франческоның (Ботальоли, 1742 – 18 ғасырдың аяғы), “Архитектуралық пейзажы”, Франческоның (Паннини, 18 ғасырдың 2-жартысында өмір сүрген) “Римдегі Соглассия ғибадатханасының қираған орны”, Проспер Жорж Антуан Марильяның (1811 – 1847) “Ніл жағалауы”, т.б. суретшілердің әр кезде, әр түрлі әдіспен орындаған шығармалары сақтаулы.
Италияның музыкалық фольклорының алғашқы ноталық үлгілері 13 – 14 ғасырда жазылған. Италия халық музыкасының ерекшелігі әуенінің саздылығы мен би ырғақтарының алуан түрлілігінде. Италия – опера, оратория, кантата, дербес оркестрлік музыканың, орган үшін жазылған пьесалардың, увертюралар мен симфониялардың, кончерто гроссо, соната, т.б. жанрлардың отаны. Алғашқы невмадан бастап, осы күнгі нота жазу үлгісі (Гвидо д’Ареццо, 992 – 1050) де Италияда пайда болды. О.Петруччи (1466 – 1539) нотаны алғаш басып шығарса, Б.Кристофори (1655 – 1731) фортепианоны ойлап тауып, Дж.Царлино (1517 – 1590) гармония ғылымының негізін қалыптастырды. 16 – 18 ғасырларда дүние жүзіндегі ең жақсы скрипкалар (Амати, Гварнери әулеттері, А.Страдивари) осы елде жасалды. Алғашқы консерваториялар мен музыкалық академиялар Италияда пайда болды. 7 ғасырда Римде шіркеу әуендері бір жүйеге салынып, Григориан хоралына заңдастырылды, кейін ол бүкіл Батыс Еуропа діни музыкасының негізіне айналды. Фольклор негізінде тұрмыс-салт әндері (баркарола, гондольера, т.б.), Қайта өркендеу дәуірінде вокальдік ансамбльдер (вилланелла, фроттола), билер (гальярда, сицилиана) ерекше өріс алды. Қала мәдениетінің өсуіне байланысты 14 ғасырда Арс Нова (жаңа өнер) деген атпен прогресшіл музыкалық бағыт қалыптасты; мадригал, баллада, качча сияқты вокальдік жанрлар және аспаптық музыка дамыды. К.Монтеверди (1567 – 1643) – операның тұңғыш классигі, әрі 17 ғасырдағы Венеция опера мектебінің негізін салушы. 17 ғасырда италиялықтар орган музыкасын жаңа белеске көтерді, камералық музыка жанрын, скрипкалық музыка мен ансамбльдік оркестр музыкасын дамытты. 18 ғасырда Аполитан опера мектебінің негізі салынды, бельканто өнері гүлденді. 18 ғасырдағы Италия А.Вивальди, Д.Скарлатти (1685 – 1757), Л.Боккерини (1743 – 1805), Дж.Саммартини (1701 – 1775), т.б. композиторлардың, ұлы скрипкашы Н.Паганини және фортепьянолық сонаталар мен этюдтардың авторы М.Клементидің (1752 – 1832) шығармашылығы әлемге танылды. 19 ғасырда Дж.Россини, В.Беллини (1801 – 1835), Г.Доницетти (1797 – 1848), Джузеппе Верди сынды композиторлар опералық шығарманың атақты шеберлері атанды. 19 ғасырдың аяғында Италия операсында веризм ағымы пайда болды.
Италия аса жоғары музыкалық орындаушылық өнерімен, опера әншілерінің шеберлігімен ертеден әлемге аян. Милан (Ла Скала), Рим, Неаполь, Болонья, т.б. қалаларда опера театры бар. 20 ғасырда дүниежүзілік музыка мәдениетінде пианист Ф.Бузони (1866 – 1924), дирижер А.Тосканини (1867 – 1957) ерекше рөл атқарды. 20 ғасырдағы Италияның атақты әншілері: Э.Карузо (1873 – 1921), Т.Скипа (1889 – 1965), Б.Джильи (1890 – 1957), Т.Гобби (1913 – 1984), М.Дель Монако (1915 – 1982), Р.Тебальди (1922 жылыт.), Р.Скотто (1934 жылыт.), т.б.; белгілі дирижерлері: Т.Серафин (1878 – 1968), К.Цекки (1903 – 84), т.б.
Италия театр өнерінің алғашқы элементтері халықтың диқаншылық әдет-ғұрыптары мен ойын-сауықтарында кездеседі. Орта ғасырларда пайда болған литургиялық драма мен мистерияда комедия-сатиралық бағыт басым болды. Қайта өркендеу дәуірінде тың театрлық мәдениет дамыды, драма теориясы дами бастады. 16 ғасырдың ортасында суырып салма Дель арте комедиясы (маска комедиясы) пайда болды. 17 ғасырдың аяғында Италия театры өзінің ұлттық ерекшелігін жоғалтып, маска комедиясы ақсүйек қауымының көңіл көтеретін сауығына айналды. 18 ғасырда Венеция мен Рим театр мәдениетінің ірі орталығына айналды. Әдеби театрмен қатар қуыршақ театры, акробаттардың, дар ойыны бишілері мен жәрмеңке думаншыларының өнері өріс алды. 18 ғасырдың аяғындағы саяси қозғалыс драматург В.Альфьери (1749 – 1803), актерлер А.Доррокези, К.Маркионни, т.б. дамытқан қаhармандық трагедияны туғызды. Жаңа актерлік өнер мектебінің негізін 1830 – 40 жылы актер Г.Медена салды. Оның артистік және қоғамдық ой-арманын шәкірттері А.Ристори (1822 – 1906), Э.Росси (1827 – 96), Т.Сальвини (1820 – 1915) ілгері дамытты. 1870 жылдан кейін мелодрама, тұрмыс-салт тақырыбындағы жеңіл комедиялар театр репертуарынан кең орын алды. Үздік сахна шебері Э.Дузе (1858 – 1924), Сальвинидің сахналық дәстүрін ілгері дамытты.
Фашистік диктатура кезінде (1922 – 43) Италия театры мен драматургиясы ауыр күйзеліске ұшырады. Репертуарға көңіл көтеруге арналған жеңіл пьесалар енді, модернистік ағымдар кең етек алды. Тек Римдегі Көркем театр (жетекшісі Л.Пиранделло, 1867 – 1936), Тәуелсіздер театры мен Дель арте (жетекшісі актер әрі драматург А.Дж. Брагальи) театрының өнері назар аударды. Режиссер әрі актер Э.Де Филиппо (1900 – 84) ұйымдастырған Неапольдің Диалектілі театры ерекше орынға ие болды. 1947 жылы Миланда Пикколо-театры М.Горькийдің “Шыңырау түбінде” пьесасымен шымылдық ашты. 20 ғасырдың 60-жылдарының орта шенінен тұрақты театрлар нығая бастады.
Италияда алғашқы фильм 1896 жылы түсірілді. 1905 – 06 жылы Туринде, Римде, Миланда көркем фильмдер шығаратын кішігірім кинофирмалар ұйымдастырылды. 1-дүниежүзілік соғыстың алдында Италия кинематографиясы әлемде жетекші орын алды. 1913 жылы жасалған “Помпейдің ақырғы күні” (режиссер Л.Маджи) мен “Кабирия” (режиссер Дж.Пастроне) фильмі көрермендер арасында кеңінен мәлім болды. 20 ғасырдың 30-жылдары белгілі әншілердің қатысуымен музыкалық фильмдер қойылып, кино өнері біршама жандана түсті. 1937 жылы Римде киностудия кешені тұрғызылып, Экспериментті киноорталығы деген атпен киноинститут құрылды. Фашизмнен азат етілгеннен кейін Италия кино өнерінде прогресшіл бағыт айқын байқалды. Бұл бағыттың көрнекті өкілдері: режиссер |Р.Росселлини (1906 – 1977), Л.Висконти (1906 – 1976), В.Де Сика (1901 – 1974), Дж. Де Сантис (1917 жылыт.), П.Джерми (1914 – 1974). Фашизмге қарсы күрестегі Италия халқының бірлігін бейнелеген Росселлинидің “Рим – ашық қала” (1945) фильмі жаңа реализмнің манифесіне айналды. Соғыстан кейін (1946 – 52) “Шуша”, “Велосипед ұрлаушылар”, “Умберто Д” (режиссер Де Сика), “Қайғылы аңшылық”, “Ащы күріш”, “Рим сағат 11-де” (режиссер Де Сантис), “Үміт жолы” (режиссер Джерми), “Неаполь – миллионерлер қаласы” (режиссер Де Филиппо) сияқты фильмдер экранға шықты. 20 ғасырдың 60-жылдары “Неапольдің төрт күні” (режиссер Н.Лоя), “Рокко және оның бауырлары” (режиссер Висконти), “Тәтті өмір”, “Сегіз жарым” (режиссер Ф.Феллини, 1920 – 1993), т.б. қойылды. Дүние жүзіне есімі мәлім режиссер Феллини мен М.Антонионидың (1912 жылы түсірілген) фильмдері қоғамның рухани қайыршылығын өткір сынға алды. 20 ғасырдың 70 – 80-жылдары “XX ғасыр” (режиссер Б.Бертолуччи, 1941 жылы түсірілген), “Әке – қожайын”, “Әулие Лоренцо түні” (режиссер ағайынды Тавини), “Құпиялар, құпиялар” (режиссер ДжылыБертоуччи), “Жүрекке соққы” (режиссер Дж.Амелио), “Эчче Бомбо”, “Тәтті түстер”, “Бьянка” (режиссер Н.Моретти), т.б. фильмдер түсірілді. Белгілі актерлері: А.Маньяни (1908 – 1973), Дж.Мазина (1921 – 1994), С.Лорен (1934 жылы түсірілген), Дж.Лоллобриджида (1927 жылы түсірілген), М.Мастроянни (1923 ж.), А.Сорди (1919 ж.), М.Плачидо (1947 ж.), т.б.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Италия, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.