Дольмен (бретонша tol – стол, men - тас) – өлікті жерлеуге арналған құрылыс; бірнеше тонналық жақпар тастар тігінен қаланып, төбесі жалпақ тақта тастармен жабылған.
Бұл – мегалит құрылыстардың бірі. Кірер ауызды жапқан тақта таста кейде дөңгелек не сопақша тесік болады. Кейбір дольмен дәлізді, бөлмелі, күрделі болып келеді. Кірер аузы ғана ашық қалдырылып, қалған жағы сыртынан топырақпен жабылады. Кейде ішкі қабырғалары беджерлі әшекейлермен немесе бояумен безендіріледі. Дольмендер ру басшыларын, көсемдерді жерлеуге салынса керек. Дольмен әуелде ру, тайпаның ізгілікті орны болған, келе-келе өлік жерленетін қабірге айналған деген де жорамал бар. Әдетте дольмендерден отырғызып жерлеген бірнеше адамның сүйектері, тас, қола құралдар мен сәндік бұйымдары шығады. Кейбір елдерде дольмендер ондаған, жүздеген жылдар бойы өлік қоюға арналған. Дольмен көбінесе теңіз жағалауында тараған. Солтүстік Германия, Оңтүстік Дания, Оңтүстік Скандинавия, Голлндия, Англия, Шотландия, Ирландия, Франция, Испания, Португалия, Италия, Сирия, Солтүстік Африка, Палестина, Болгария, Солтүстік Иран, Үндістан, Корея, Жапонияда кездеседі. КСРО-да Қырымда, Кавказдың Қара теңіз жағалауында ұшырасады. Еуропа, Африка дольмендері қола дәуіріне, Үндістан, Жапониядағылары темір дәуіріне, Кавказдағылары қола, кейбірі темір дәуіріне жатады. Бір-бірімен байланысы жоқ тайпалар мен халықтардың діни наным-сеніміндегі, әлеуметтік-географиялық жағдайының ұқсастығы осы дольмендерді туғызған.
М.Қ.Қаратаев, Қазақ совет энцеклопедиясы. 4 том. 672 бет.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Дольмен, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.