Юлія Володимирівна Тимошенко

Юлія Володимирівна Тимошенко (укр.

Юлія Володимирівна Тимошенко
укр. Юлія Володимирівна Тимошенко
Юлія Володимирівна Тимошенко
Тимошенко, 2018 жыл
Лауазымы
Ту
Ту
Верховна Рада II, III, IV, V, VI, VIII, IX-сайланымдарының депутаты
Ту
Ту
16 қаңтар 1997 — 2 наурыз 2000
14 мамыр 2000 — 4 ақпан 2005
25 мамыр 2006 — 14 маусым 2007
23 қараша 2007 — 19 желтоқсан 2007
27 қараша 2014 жылдан бері
Ту
Ту
Батьківщина партиясының төрағасы
Ту
Ту
18 желтоқсан 1999 жылдан бері
Ізашары Віктор Драченко
Ту
Ту
Украина премьер-министрі
Ту
Ту
18 желтоқсан 2007 — 3 наурыз 2010
Президент Віктор Ющенко
Віктор Янукович
Ізашары Віктор Янукович
Ізбасары Олександр Турчинов (м.а.)
Микола Азаров
4 ақпан — 8 қыркүйек 2005
Президент Віктор Ющенко
Ізашары Віктор Янукович
Микола Азаров (м.а.)
Ізбасары Юрій Єхануров
Ту
Ту
Украина премьер-министрінің орынбасары
Ту
Ту
30 желтоқсан 1999 — 19 қаңтар 2001
Президент Леонід Кучма
Премьер-Министр Віктор Ющенко
Өмірбаяны
Партиясы Батьківщина
Ғылыми дәрежесі экономика ғылымдарының докторы
Мамандығы инженер-экономист, кәсіпкер және саясаткер
Діні Православие (УПШ)
Дүниеге келуі 27 қараша 1960 (1960-11-27) (63 жас)
Днепропетровск, Днепропетровск облысы, Украин КСР, КСРО
Туған кездегі есімі Юлія Володимирівна Грігян
Әкесі Володимир Грігян
Анасы Людмила Телегіна
Жұбайы Олександр Тимошенко (укр.)
Балалары Євгенія Тимошенко (укр.)
Сайты Батьківщинаның ресми сайты
Қолтаңбасы Қолтаңбасы
Марапаттары
Юлія Володимирівна Тимошенко Ортаққорда

Тимошенко 2007–2010 жылдары аралығында Украина премьер-министрі және 1999–2001 жылдары Премьер-министр орынбасары болған. Көпшілікке ол қызғылт сары төңкерісті бастаған тұлғалардың бірі ретінде белгілі. 2005 жылы Forbes журналы оны әлемдегі ең ықпалды әйелдер тізімінде 3-орынға қойды.

Тимошенко 2010 жылғы Украинадағы президенттік сайлаудың екінші кезеңінде жеңімпаз Віктор Януковичтен 3,5 пайыздық ұпаймен жеңіліп, екінші орынға шықты. 2011 жылдан 2014 жылға дейін ол қамауға алынды, бірақ 2014 жылғы төңкерісінен кейін Украина Жоғарғы соты мен Еуропалық Адам құқықтары соты оны ақтады. Кейбір бақылаушылар Тимошенконың үшжылдық қамалуын саяси тұтқындау деп санайды.

2014 жылдан бері ол Украина саясатында және Верховна радада өзінің белсенді саяси мансабын жалғастыруда.

Жастық шағы және білімі

Юлія Володимирівна Грігян 1960 жылғы 27 қарашада Днепропетровск қаласында дүниеге келді.

Отбасы

Анасы, Людмила Телегіна (туған тегі Нелепова, 1937 жылы туған) — Днепропетровск тумасы.

Әкесі, Володимир Абрамович Грігян (1937 жылы туған), Кеңес Одағының паспорты бойынша латыш болған, ол 1937 жылғы 3 желтоқсанда Днепропетровск қаласында дүниеге келген, Юліяның кішкентай кезінде әйелі мен кішкентай қызын тастап кетті; Юлія анасының тегін алды.

Атасы, Абрам Кельманович Капітельман, 1914 жылы туған. 1940 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Капітельман Батыс Украинаға жұмысқа жіберілді, онда ол Снятын қаласындағы Мемлекеттік еврей мектебінің директоры болып "бір тоқсан" бойы жұмыс істеді. Капітельман 1940 жылғы күзде әскерге шақырылды, содан кейін лейтенант шені бар болған ол 1944 жылғы 8 қарашада Ұлы Отан соғысына қатысқан кезде қаза тапты.

Білімі

1977 жылы Тимошенко Днепропетровск қаласындағы №75 орта мектепті бітірді. 1978 жылы ол Днепропетровск тау-кен институтының (укр.) автоматика және телемеханика факультетіне оқуға түсті. 1979 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетінің экономика факультетіне кибернетикалық инженер мамандығына ауысып, 1984 жылы инженер-экономист мамандығы бойынша бірінші дәрежелі үздік дипломмен бітірді. 1991 жылы доктор болды.

Коммерциялық мансабы

Білім алғанынан кейін Тимошенко тәжірибелі экономист және академик болып жұмыс істеді. Саяси мансабына дейін ол газ саласында табысты, бірақ даулы іскер болды, кейбір бағалаулар бойынша елдегі ең дәулетті адамдардың біріне айналды. 2005 жылы Украинаның бірінші әйел премьер-министрі болғанға дейін Тимошенко қызғылт сары төңкерісті басқарған тұлғалардың бірі болды. Ол Forbes журналының 2005 жылғы әлемдегі ең ықпалды 100 әйел тізімінде үшінші орынға ие болды.

1984 жылы Днепропетровск мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін Тимошенко 1988 жылға дейін Днепропетровск қаласындағы зымыран шығаратын «Днепр машина жасау зауытында» инженер-экономист болып жұмыс істеді.

1988 жылы қайта құру бастамаларының бір бөлігі ретінде Юлія мен Олександр Тимошенко 5 мың рубль қарыз алып, провинциялық кеңесте аймақтық кинопрокат желісін басқарған Олександрдың әкесі Геннадій Тимошенконың көмегімен бейне-прокат кооперативін ашты. Бұл Тимошенколардың бірге құрған тұңғыш бизнесі еді. Бизнес бастамашыларының қатарында болашақ саясаткер Олександр Турчинов болған.

1991 жылы Тимошенко 1991 жылдан 1995 жылға дейін Днепропетровск ауыл шаруашылығы саласын жанармаймен қамтамасыз еткен «The Ukrainian Petrol Corporation» компаниясын құрды. 1995 жылы бұл компания Украинаның Біріккен энергетикалық жүйелері (укр.) (ЄЕСУ) болып қайта құрылды. Тимошенко 1995 жылдан 1997 жылғы 1 қаңтарға дейін ресейлік табиғи газдың Украинаға негізгі импорттаушысы болған бұл жеке меншік компанияның президенті қызметін атқарды. Сол жылдары оның «Табиғи газ ханшайымы» деген лақап аты да болған.

Ол сондай-ақ «Павло Лазаренкомен байланысы көмегімен елдің газына қол жеткізді» деп айыпталды. Алайда Калифорнияның Солтүстік округі бойынша округтік сотының судьясы Мартин Дженкинс 2004 жылғы 7 мамырда Тимошенко компанияларының ақша жымқыруда қатысқанын жоққа шығарды. 1997 жылдың басында (Лазаренко билігінің шыңы) компания Украина экономикасының 25% иеленген еді.

1995–1997 жылдар аралығында Тимошенко Украинадағы ең бай бизнесмендердің бірі болып саналды. Тимошенко саясатқа алғашқы қадамын жасаған кезде, оның компаниясы оған және оның отбасына саяси қысым жасау құралына айналды. ЄЕСУ жоғарғы басшылығы қудалауға ұшырады.

Саяси мансабы

Бастапқы мансабы, депутаттығы және партия құруы (1996–2003)

Өзінің саяси мансабын Тимошенко 1996 жылы Верховна Рада депутаты болып Кировоград облысынан сайлануымен бастады. Депутат Тимошенко Кучманы қолдайтын «Конституциялық орталықтың» (укр. Конституційний Центр) мүшесі болды.

1997 жылы бүкіл «Днепропетровск кланының» Кучмамен келіспеушілігі туды. Лазаренко премьер-министр қызметінен босатылды. 1997 жылдың соңында Тимошенко Кучмаға қарсы импичмент жариялауға және Украинадағы келесі президенттік сайлауды 1999 жылы емес, 1998 жылғы күзде өткізуге ұсыныс жасады. Тимошенко 1998 жылғы сайлауға «Громадамен» оппозиция мүшесі ретінде барған. Ол тізімде 6-орында болды, және 99-бір мандатты округ арқылы ол парламент мүшесі болып сайланды.

Громада партиясының жетекшісі Павло Лазаренко 1999 жылғы ақпанда қаржы жымқыруы бойынша тергеуден аулақ болу үшін Америка Құрама Штаттарына қашқаннан кейін, фракция мүшелері Громададан басқа парламенттік фракцияларға қосылу үшін фракция құрамынан шығып кеткен еді, олардың арасында Тимошенконың өзі де болған. 1999 жылғы наурызда ол Бүкілукраиналық «Батьківщина» («Отан») фракциясының негізін салды. 1999 жылғы қыркүйекте Батьківщина ресми тіркелген саяси партия болды және 1999 жылғы президент сайлауында Євген Марчукқа дауыс бергендерді өзіне шақыртты. 2000 жылы Батьківщина Кучмаға қарсы оппозицияға көшті.

1999 жылғы желтоқсаннан 2001 жылғы қаңтарға дейін Юлія Тимошенко Ющенко үкіметінде Украина премьер-министрінің орынбасары болып қызмет етті. Тимошенко бұл қызметінде отын-энергетика кешеніндегі істерді ретке келтіріп, мемлекет бюджетіне қомақты қаражатты жұмылдырды. Бұл әрекеттер президент Леонід Кучма командасының қарсылығын тудырып, 2000 жылғы тамызда Тимошенконың күйеуі Олександр тұтқындалды.

Юлія Володимирівна Тимошенко 
Юлія Тимошенко, 2002 жыл

2001 жылғы 19 қаңтарда Тимошенко қызметінен босатылды, ал 13 ақпанда ол 1995–1997 жылдары ЄЕСУ басшысы болған кезінде «Ресей газын Украинаға контрабандалық жолмен жеткізгені» үшін және салық төлеуден жалтарғаны үшін қамауға алынды. Бірақ 2001 жылғы 27 наурызда Киевтің Печерский аудандық соты Тимошенконы қамауға алу санкциясының күшін жойып, оған тағылған айыпты негізсіз деп танып, ол 42 тәулік тергеу изоляторында болған соң босатылды.

2001 жылғы қарашада Юлія Тимошенко блогы құрылды.

Айыптар алынып тасталғаннан кейін Тимошенко журналист Георгій Ґонґадзенің өліміне (Кассета жанжалы) қатысы бар деген айыппен президент Кучмаға қарсы жаппай науқан жетекшілерінің қатарына қайта оралды. Бұл науқанда Тимошенко алғаш рет ынталы, революцияшыл көшбасшы ретінде белгілі болды. Сол кезде Тимошенко президент Кучмаға импичмент жариялау үшін жалпыхалықтық референдум ұйымдастырғысы келген. 2002 жылғы қаңтарда Тимошенко жұмбақ болған жол апатына ұшырап, жеңіл жарақаттармен аман қалды – бұл оқиға үкімет ұйымдастырған қастандық болған деген болжамдар бар.

2004 жылғы маусымда Украинада президенттік сайлау басталар алдында Ресейдің Бас әскери прокуратурасы Тимошенкоға «Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне пара берді және көтерілген баға бойынша құрылыс материалдарын жеткізуге шарт жасасты» деген айыппен халықаралық іздеу жариялады. Украинада Тимошенкоға қатысты іс «қызғылт сары революция» жеңісінен кейін көп ұзамай жабылды, ал Ресей прокуратурасының қылмыстық ісі ескіру мерзіміне байланысты 2005 жылғы желтоқсанда жабылды.

Қызғылт сары төңкерістегі үлесі (2003–2005)

Толық мақаласы: Қызғылт сары төңкеріс

2003 жылдан 2004 жылдың бірінші жартысына қарай Юлія Тимошенко блогы, «Біздің Украина» блогы және Социалистік партия арасындағы коалиция құру және Украина президенті лауазымына бірыңғай үміткерді ұсыну туралы келіссөздер жалғасты. Юлія Тимошенко сайлауда үміткер болудан бас тартты және өзі Віктор Ющенконың үміткерлігін қолдады.

2004 жылғы 2 шілдеде Юлія Тимошенко президенттік сайлауда Віктор Ющенконы қолдау мақсатында құрылған «Халықтық билік коалициясын құру туралы келісімге» қол қойды, бұл әрекеті арқылы Тимошенко кейін жаңа үкіметті басқаруға тағайындалған еді.

2004 жылғы 21 қарашада сайлаудың жалғандығы белгілі болған кезде ол халықты ереуілге шақырды. Тимошенко «қызғылт сары революция» деп аталып кеткен жаппай наразылық шерулері жетекшілерінің бірі болды.

2004 жылғы 26 желтоқсанда Украинадағы президенттік сайлаудың екінші айналымында Віктор Ющенко 51,99% дауыс жинап жеңіске жетті. Віктор Януковичті сайлаушылардың 44,2 пайызы қолдады.

Оның танымалдығы айтарлықтай өсті, бұқаралық ақпарат құралдары оны украиналық, немесе славяндық «Жанна д’Арк», сондай-ақ «Қызғылт сары төңкерістің ханшайымы» деп атай бастады.

Бірінші премьерлігі (ақпан–қыркүйек 2005)

Юлія Володимирівна Тимошенко 
Тимошенконың Парламент алдында сөз сөйлеуі, 2005

2005 жылғы 24 қаңтарда Тимошенко Ющенконың президенттігі кезінде Украина премьер-министрінің міндетін атқарушысы болып тағайындалды. 4 ақпанда Тимошенконың премьер-министр болып тағайындалуын парламенттің 373 депутаты қолдады, ол кейін жаңа премьер болып ратификациялады, Украинаның тұңғыш әйел премьер-министрі болды.

Бұл министрлер кабинетінде Тимошенконың өзінен басқа Юлія Тимошенко блогынан бірде-бір министр болған жоқ (СБУ басшысы лауазымында болған Турчиновты санамағанда); Ющенко да ЮТБ-нан бірде-бір губернаторды тағайындаған жоқ. Алайда бірінші министрлер кабинетінің барлық дерлік министрлері Тимошенконың Ющенкомен кейінгі текетірестерінде Тимошенконы қолдады.

Тимошенко премьерлігінде болған басты өзгерістер қатарында: жалақының, зейнетақының, шәкіртақының бір жарым-екі есе артуы, 2005 жылы бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерінің 12 есе ұлғаюын атап кетуге болады. 2005 жылғы сәуір–мамыр айларында қант пен бензиннің бағасы 2–3 апта ішінде 30%–50%-ға көтерілді, бағаның бұл күрт өзгеруі кейін «бензин дағдарысы» және «қант дағдарысы» деп аталып кеткен. Бұл «дағдарыстарда» «картельдік сөз байласу» белгілері болды делінеді. Тимошенко үкіметі бағаны бір айда бұрынғы деңгейіне қайтарды.

2005 жылғы шілдеде америкалық Forbes журналы Юлія Тимошенконы әлемдегі ең ықпалды үшінші әйел атады.

Премьерлігіне үш-ақ ай болғанда төңкерістен кейінгі коалициядағы ішкі қақтығыстар Тимошенконың әкімшілігіне зиянын тигізе бастады. 8 қыркүйекте қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Петро Порошенко мен Премьер-министрдің орынбасары Микола Томенконы (укр.) қоса алғанда, бірнеше жоғары лауазымды тұлғалар отставкаға кеткеннен кейін Тимошенко үкіметін президент Віктор Ющенко отставкаға жіберді.

Associated Press агенттігіне берген сұхбатында ол ЄЕСУ-ға төрағалық еткен кезінде Тимошенконың 8 миллион гривня қарызы жиналып қалғанын және ол өзінің премьер-министрлік өкілеттігін сол қарызды есептен шығару үшін пайдаланғанын айтты. Тимошенко аталған сома қарыз емес, Салық инспекциясының 1997–1998 жылдар аралығында салған айыппұлдары екенін бірнеше рет мәлімдеген және бұл мәселенің оның премьерлігіне дейін шешілгенін айтқан.

Оппозициялығы (2005–2007)

Юлія Володимирівна Тимошенко 
Юлія Тимошенко мен Віктор Ющенко, 2009

Қызметтен босатылғаннан кейін Тимошенко 2006 жылғы Украинадағы парламенттік сайлауда өз блогының көшбасшысы ретінде жеңіске жету үшін елді аралай бастады. Тимошенко көп ұзамай премьер-министр қызметіне қайта оралғысы келетінін мәлімдеді.

Тимошенконың қызметтен босатылғанынан кейін рейтингі жылдам өсіп кетсе, президент Ющенконың рейтингі біраз төмендеді. Бұл тенденция 2006 жылғы парламент сайлауының нәтижелерімен дәлелденді: ЮТБ алғаш рет «Біздің Украина» партиясын басып озып, екінші орын алып, 129 мандатқа ие болды. Одан көп мандатқа ие болған жалғыз партия Аймақтар партиясы еді. ЮТБ Аймақтар партиясының билікке қол жеткізуіне жол бермеу үшін Ющенконың «Біздің Украина» (БУ) партиясы мен Украина Социалистік партиясымен (УСП) коалиция құруы мүмкін деген жоспар жасады. Сол себеппен «коалициада-2006» деп аталатын ЮТБ, БУ және УСП арасындағы коалиция құру туралы келіссөздер басталды. Олар төрт айдан астам уақытқа созылды.

Тимошенконың жаңа премьер-министр ретінде ұсынылуы және тағайындалуы жоспарланды. Алайда орын алған саяси интрига бұл жоспарды бұзды: ЮТБ серіктестері БУ мен УСП кімнің қай қызметке тағайындалу керектігі жайлы келісімге келе алмады және осылайша "Демократиялық күштер коалициясын" құру тым ұзақ уақытқа созылып кетті. Ющенко мен оның тар шеңберіндегі олигархтар Тимошенконың премьер-министр қызметіне қайта келуіне кедергі жасамақ болды. Оның кандидатурасы парламент спикері лауазымына Тимошенконың бұрыннан келе жатқан бәсекелесі, БУ мүшесі Петро Порошенконың сайлануының алдын ала шарты болды. УСП төрағасы Олександр Мороз да спикер болуға мүдделі екенін айтты.

Коалициялық келісімге қол қойылғаннан кейін бірнеше күн ішінде коалиция мүшелерінің бір-біріне сенімсіздік танытқаны белгілі болды, мүшелер Порошенконы спикер ретінде және Тимошенконы премьер-министр ретінде қатар дауыс беруді парламенттік процедуралардан ауытқу деп санады.

Коалициада-2006 атауын алған бұл саяси дағдарыс нәтижесінде «Аймақтар партиясы», Украина Коммунистік партиясы және «ақ-көк» жағына өткен УСП-дан тұратын «Дағдарысқа қарсы коалиция» құрылды, ол президент Ющенкомен болған келіспеушіліктердің себебінен Янукович премьер-министр болып тағайындалды. БУ партиясы да осы коалицияға бейресми түрде енді: Янукович кабинетінде БУ мүшесі болған 8 министр болды.

    WikiLeaks, «коалициада-2006» шынайы себебі

Коалициада-2006-ның себебінен Тимошенко премьер-министр лауазымын ала алмады. Саясаттанушылар «коалициада» тек Ющенко мен Януковичтің Тимошенкоға қарсы одақтастығын ғана жасыру үшін орын алған деп санайды. Расында да, «Біздің Украинаның» іскерлік қанаты Аймақтар партиясымен тығыз байланыста болды. 2005–2010 жылдар бойы Тимошенко Украинадағы «ресейлік табиғи газ» саудасында негізгі делдал болған «РосУкрЭнерго» жеке компаниясына қарсы бірнеше рет сөйлеген. Тимошенко болса Украина мен Ресей арасындағы табиғи газ саудасын тек «Газпром» және «Нафтогаз Украина» мемлекеттік компаниялары ғана жүзеге асыру керек деп санаған. Тимошенконы осы мәселе жайлы премьер-министр Путин қолдаса, «РосУкрЭнергоны» ылғи қорғап жүрген президент Ющенко қолдамады, өйткені «компанияның украиналық бөлігі» Ющенконың досы Фірташ пен «Аймақтар партиясының» өкілдері Бойко, Льовочкіндерге тиесілі болды.

Екінші мәселе Қара және Азов теңіздерінің қайраңын «Венко» серіктестігінің ұзақ мерзімді жалға алуына беру мәселесі болды. Венконың артында Фірташ пен Рінат Ахметов еді. Дәл 2006 жылғы сәуірде «Венко» компаниясына сөренің жалға беруі туралы қаулы АП және БУ дауыстарымен бекітілді, яғни АП және БУ осындай маңызды мәселе бойынша еш қиындықсыз ортақ тіл тапты.

2010 жылғы желтоқсанда WikiLeaks уэб-сайтында АҚШ-тың Украинадағы елшісінің құпия есептері жарияланды, онда 2006 жылғы 22 наурызда (яғни, 2006 жылғы сайлауда дауыс беру күнінен 4 күн бұрын) Ющенкоға жақын болған қорғаныс министрі Гриценко АҚШ елшісімен маңызды әңгіме өткізу үшін кездесті делінген. Гриценко елшіге өткен аптада Рінат Ахметовпен Аймақтар партиясының НАТО-ға деген көзқарасы туралы келіссөздер жүргізгенін айтты. Әңгіме барысында Ахметов БУ мен АП коалициясының әбден мүмкін екенін және Қорғаныс министрі өзгермеген жағдайда мұндай коалицияда «Аймақтар партиясы» Ющенконың Украинаның НАТО-ға кіру жоспарын өзгертуге ұмтылмайтынын айтқан.

    «Ұлттық бірлік универсалы»

Віктор Ющенко Януковичтың премьер-министр болып тағайындалуына келіспеушіліктен ұзақ уақыт тартынған және нәтижесінде «Ұлттық бірлік универсалы» деп аталатын бірқатар саяси міндеттемелер (атап айтқанда, Украинаның НАТО-ға қосылуы) тобы ұйымдастырылды деген болжам бар.

2006 жылғы 3 тамызда Юлия Тимошенко президент Ющенко ұсынған, Украинаның барлық басқа парламенттік партиялары қол қойған Ұлттық бірлік универсалына қол қоюдан бас тартты, әмбебапты «сатқындық үшін бүркеме» деп атады және өзінің қатаң оппозицияға өткенін жариялады. Тимошенко өз пікірімен келісетін халық депутаттарын фракцияаралық оппозициялық бірлестік құруға шақырды.

2006 жылы 4 тамызда Ющенко Януковичтың кандидатурасын Верховна Раданың мақұлдауына ұсынды. Віктор Янукович екінші рет Украина премьер-министрі болды. Януковичтің кабинетіне ЮТБ санамағанда барлық парламенттік фракциялардың өкілдері кірді. Сол жылғы қыркүйекте Тимошенко басшылығында оппозиция блогы құрылды. Тимошенконың орынбасарлары болып Микола Томенко (укр.) (ЮТБ), Олександр Турчинов (ЮТБ) және Йосип Вінський (укр.) (УСП төрағасының бұрынғы орынбасары) таңдалды.

2007 жылғы парламент сайлауы

Толық мақаласы: Украинадағы парламент сайлауы (2007)
Юлія Володимирівна Тимошенко 
Тимошенко мен Ресей президенті Владимир Путин, наурыз 2005. 2009 жылғы қарашада Путин Тимошенконың саясатын мақтап, онымен жұмыс істеу ыңғайлы екенін мәлімдеді.

2006 жылғы қазан–желтоқсан айларында Біздің Украинаның мүшесі болған министрдің барлығы дерлік Януковичтің кабинетінен босатылды.

2007 жылғы 28 ақпаннан 2 наурызға дейін Юлія Тимошенко АҚШ-та сапармен болды. Бұл премьер-министр Януковичтың АҚШ-қа сапарынан үш ай өткен соң болды. Сапардың басты мақсаты америкалық басшылыққа (Тимошенко вице-президент Дик Чейни, Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райс және басқа да жоғарғы лауазымды тұлғалармен кездесті) «Украина саясатындағы басты мәселе»: Януковичтың билікті конституциялық емес түрде коалициясын кеңейтуі Ющенконың биліктен кетуіне әкелуі мүмкін. Тимошенко Верховна Раданы ыдырату мен жаңа кезектен тыс парламент сайлауын жүргізуді ұсынды. Осы ұсыныстың орындалуын талап ететін, бірнеше мың адамнан тұратын митинг сол жылғы 31 наурызда басталды.

2 сәуір күні Ющенко наразылық көрсетушілердің қалағанын орындап, Раданы таратып жіберді де, 30 қыркүйек күні кезектен тыс парламент сайлауын жариялады. Президент Ющенконы қолдаған біріккен оппозициялық коалиция болды: Юлія Тимошенко блогы, Біздің Украина саяси партиялар блогы және Луценко басшылығындағы Ұлттық қорғаныс блогы. Сайлау нәтижесінде ЮТБ 2-орын алып, 156 мандатқа ие болды. ЮТБ Біздің Украина — Ұлттық қорғаныс (укр.) коалициясымен бірігіп, парламенттік көпшілік болды.

Екінші премьерлігі (2007–2010)

    Тағы қараңыз: Украинадағы саяси дағдарыс (2008)
Юлія Володимирівна Тимошенко 
Премьер-министр Тимошенко мен Польша президенті Лех Качинський, 2008 жылғы шілде

2007 жылғы 29 қарашадағы Верховна Рада сайлауының нәтижелері бойынша ЮТБ және БУҰҚ фракцияларының басқарушы коалициясы құрылды, бұл фракция 229 депутатты құрады. 2007 жылы 4 желтоқсанда ЮТБ және БУҰҚ коалициясы Юлія Тимошенконы Украина премьер-министрі қызметіне ұсынды. 18 желтоқсанда жалпыпарламенттік дауыс беру нәтижесінде Юлія Тимошенко премьер-министр лауазымына сайланды. Тимошенко жариялаған бағдарламасы негізінен ЮТБ-ның сайлауалды бағдарламасын қайталады: ол жалақы мен зейнетақыны арттыруды, өнеркәсіпті дамытуды, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді көздеді.

Сайлауалды уәдесін орындай отырып, 2008 жылғы 11 қаңтарда Тимошенконың үкіметі КСРО Жинақ банкінің салымшыларына төлем төлеуді бастад: әрбір салымшыға 1 кеңестік рубль үшін 1 гривна мөлшерлемесі бойынша мың гривен төленді.

Юлия Тимошенконың екінші премьер-министрлігі 2008–2009 жылдардағы жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс кезеңіне түсті, ол үкіметке көптеген қиыншылық көрсетті.

2008 жылы 11 шілдеде Аймақтар партиясы парламентте Тимошенко үкіметіне вотум салуға тырысты, бірақ жеткілікті дауыс жинай алмады.

2008 жылы Грузия мен Ресей арасында басталған Оңтүстік Осетия соғысы туралы Тимошенконың пікірін Ющенконың кеңсесінің әдейі дұрыс түсінбеуімен байланысты ЮТБ мен Ющенконың «Біздің Украина — Ұлттық қорғаныс блогы» коалициясы тәуекелге ұшырады, Тимошенко Ресейден қолдау алу үшін жұмсақ позиция ұстанды деп айыпталды. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Андрій Кислинський оны «мемлекетке опасыздық жасады» деп те айтты. Українська правда хабарлауынша, Тимошенко 13 және 14 тамызда Грузиямен ынтымақтастығын білдірді, бірақ кейін бұл мәселеде бейтарап қалуды жөн көрді, өйткені Конституцияға сәйкес сыртқы саясат мәселелерін басқаратын президент Ющенко болды.

ЮТБ сөзінше Віктор Балога (Президент Хатшылығының Басшысы) премьер-министрді әр кезде сынға алып, Президенттің орнына оны діндарлығынан бастап экономикаға зиян келтіруіне, оны өлтіруді жоспарлағанға дейін айыптар таға берді және Грузияға қатысты «сатқындық жасады» деген айып осы айыптардың бірі болды.

Юлія Володимирівна Тимошенко 
Юлія Тимошенко, 2009 жыл

2008 жылғы 16 қыркүйекте БУҰҚ фракциясы билік коалициясынан шықты және ЮТБ-мен коалициясының ыдырауы ресми түрде жарияланды. Алайда, коалицияны қайта құру сәтсіз аяқталды, 2008 жылғы 8 қазанда президент Віктор Ющенко Верховна Раданы тарататынын жариялады, жарлық арқылы 7 желтоқсан күні кезектен тыс парламент сайлауын өткізуге бұйрық берді. Екі күннен кейін, 10 қазанда ЮТБ Украина президентінің кезектен тыс парламенттік сайлау туралы шешіміне сотқа шағымдану үшін барлық құжаттарды дайындады. 2008 жылы, 10 қазан күні Киевтің аудандық әкімшілік соты Украина Президентінің Верховна Раданың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлығын тоқтатты. Саяси дағдарыс 2008 жылы 8 желтоқсанда спикерлікке Володимир Литвинның сайлануымен аяқталды. Келесі күні Володимир Литвин демократиялық коалицияның қалпына келтірілгенін жариялады, оның құрамына Литвин блогы кірді. Коалициялық келісімге 226 депутат қол қойды және Тимошенко үкіметі жұмысын жалғастырды.

Юлія Тимошенконың екінші премьер-министрлігі кезінде, 2008 жылғы ақпанда ол басқарған «Батьківщина» партиясы Еуропадағы центристік және христиан-демократиялық партиялар бірлестігі Еуропа Халық партиясының бақылаушы мүшесі болды.

Тимошенконың екінші премьерлігінің барысында үкімет:

  • жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде үкімет Ющенко болжаған дефолттың алдын алды;
  • астық жинаудағы бүкіл Украина тарихындағы рекордтық нәтижелер және агроөнеркәсіптік кешен құлдырауын алдын алды;
  • дағдарыс кезеңінде бюджеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және кітапханашыларға жалақысын, зейнетақысын мен барлық оқушылардың шәкіртақысын уақтылы төледі;
  • проблемалық банктердің салымшыларына қаражатты қайтарды;
  • халық үшін табиғи газ мен электр энергиясына тұрақты тарифтер салды;
  • Украинаны сәтті Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі қылды;
  • 2007 жылы Янукович үкіметі Ахметов пен Фірташ компанияларына берген Қара теңіз қайраңындағы мұнай мен газ кен орындарын мемлекет бақылауына қайтарды;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі үкімет уәкілі институтының негізін қалады;
  • КСРО Сбербанкінен зардап шеккен 6 миллионнан астам азаматтарға компенсация жасады;
  • УЕФАның Еуро-2012 біріншілігін Украинада жүргізу шешіміне қол жеткізді;
  • Украинадағы ойын бизнесіне тыйым салды.

2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыстың нәтижесінде Украинада

  • сыртқы қарыздың 2007 жылғы ЖІӨ-нің 12,31%-дан 2009 жылғы 35,38%-ға дейін өсуі;
  • 2008 жылы гривнаның 60%-ға құнсыздануы;
  • 2009 жылы Украинаның ЖІӨ 14,8%-ға төмендеуі;
  • Украинадағы инфляция 2008 жылы 25,2% және 2009 жылы 15,9% өсуі

орын алды.

2008 жылғы Ресей-Украина газ дауы

2008 жылы орын алған Ресей мен Украина арасындағы газ дауының алғышарттары болып Украинаның 2006 жылы Януковичтың премьерлігі кезінде Ресейден Швейцарияда тіркелген РосУкрЭнерго компаниясы арқылы газ сатып алуын бастауын санайды. Кей дереккөздер Фірташпен байланысы бар қылмыскер Семен Могилевичтың осы компанияда иеліктері бар екені делінеді.

2009 жылы ресейлік «Газпром» табиғи газ компаниясы, егер украиналық «Нафтогаз» газ компаниясы бұрынғы жеткізілімдері үшін жинақталған қарыздарын төлемесе, жеткізу келісімшартын жасасудан бас тартты. Дау 2008 жылдың соңғы апталарында бірқатар сәтсіз келіссөздермен басталды, ал 2009 жылғы 1 қаңтарда Ресей Украинаға газ беруді тоқтатты. 7 қаңтарда Ресей газының Украина арқылы ағыны 13 күнге тоқтап, басым бөлігі Ресей газына тәуелді Оңтүстік-Шығыс Еуропаға және ішінара Еуропаның басқа елдеріне жеткізуді толығымен тоқтатқанда дау дағдарысқа ұласты.

18 қаңтарда Ресей премьер-министрі Владимир Путин мен оның украиналық әріптесі Тимошенко алдағы он жылды қамтитын жаңа келісімшарт туралы келіссөздер жүргізгенде дау шешілді (2011 жылы 11 қазанда Украина соты Тимошенконы осы келісімге қол қою кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Еуромайданнан кейін бұл үкім оның саяси қуғын-сүргіні болды деген күдікпен жойылды. 2010 жылғы президенттік сайлаудағы қарсыласы Віктор Янукович пен үкімді шығарған судья «әдейі заңсыз үкім шығарды» деген айып тағылып, елден қашып кетті).

Еуропаға газ ағыны 20 қаңтар күні таңертең қайта басталып, екі күн ішінде толық қалпына келтірілді.

2010 жылғы президент сайлауы

Толық мақаласы: Украинадағы президент сайлауы (2010)
Юлія Володимирівна Тимошенко 
Тимошенконы жақтайтын биллборд, Киев, 2010 жыл. Украинша «Олар ұрлағанда ол [Тимошенко] жұмыс істейді» (укр. Вони зраджують. Вона — працює) деп жазылған.

Тимошенко 2010 жылғы Украинадағы президенттік сайлауда кандидат болды, жалпы дауыстың 25.05% жинап, 35.32% жинаған Віктор Януковичқа қарсы жеңіліп қалды. Еш үміткер 50% көп жинай алмаған себебінен сайлаудың екінші айналымы жүргізілді. Екінші айналымда Тимошенко 45.47% жинап, 48.95% жинаған Януковичқа қарсы жеңілді.

2010 жылғы ақпанда Тимошенко теледидардағы сөзінде сайлауды әділ өтпегенін айтқан.

Юлия Тимошенко бірнеше аймақтардағы дауыстарды (Донецк облысы мен Қырымды қоса) қайта есептеуді және т.б. талаптар қойды. Украинаның Жоғарғы әкімшілік соты Ю.Тимошенконың сайлау туралы заңның жаңа редакциясына (дауыс беру күніне үш күн қалғанда қабылданған) сілтеме жасай отырып, дауыстарды тіркеу, тексеру және қайта санау туралы талаптарын қабылдамады.

Тимошенко оппозициялығы және үкіметінің отставкасы

22 ақпанда ұлттық телеарна арқылы сөйлеген сөзінде Тимошенко сайланған президент Віктор Янукович пен «Януковичтың тобы» (сөзінде ол оларды «олигархия» деп атады) туралы: «Оларға арзан жұмыс күші, кедей, құқығы жоқ және жержаңғақ зауыттарында жұмыс істейтін адамдар керек. Сонымен қатар оларға Украинаның соңғы 18 жыл бойы өзі ұрлап келген байлығы керек». Ол өз сөзінде қызметтен кеткен президент Віктор Ющенконы сайлау жайлы заңды өзгерте отырып «2010 жылғы сайлауды бұрмалауына жол ашты» деп айыптады. 24 ақпанда орын алған министрлер кабинетінің отырысында Тимошенко: «Шындық сәті келді: Януковичтің жағында болу-болмау шешімі Украинаның тәуелсіздігі мен өзіндік бірегейлігін сақтауды кім бағалайтынын, ал кімнің оны бағалай алмайтынын көрсетеді» деді. Тимошенко мен партиясы ЮТБ 25 ақпанда болған президент Януковичтің инаугурация рәсіміне бойкот жариялады.

Тимошенко үкіметі 2007 жылғы сайлау нәтижесінде ЮТБ және Біздің Украина — Ұлттық қорғаныс блоктары жинаған парламенттегі көпшілікке сүйенді. Бірақ 2008 жылдың күзінде БУҰҚ бөлігі болған «Украина үшін!» тобы басқарушы коалициядан шықты және 2010 жылғы наурызда «Литвин блогы» және БУҰҚ депутаттарының көпшілігі коалициядан шықты.

2010 жылғы 3 наурызда Украинаның Жоғарғы Радасы көпшілік дауыспен Юлия Тимошенконың үкіметіне сенімсіздік білдірді. Отставка жайлы дауыс беруде 243 халық депутаты (оның ішінде ЮТБ-нан жетеуі) дауыс берді. Сол кезде Премьер-министр міндетінің орындаушысы болған Тимошенко демалысқа шықты, оның міндетін премьердің бірінші орынбасары Олександр Турчинов орындады.

2010 жылғы 9 наурызда Аймақтар партиясы, Литвин блогы және Украина Коммунистік партиясы фракциялары экс-президент Ющенкоға бағытталған депутаттардың қолдауымен «Верховна Рада регламенті туралы» заңға өзгерістер енгізді, бұл арқылы коалициядан шыққан депутаттар коалиция құруға мүмкіндік алды. Жаңа сайланған президент келесі күні заңға қол қойды. Түзетілген нормативтік құқықтық актілердің негізінде 2010 жылғы 11 наурызда Аймақтар партиясы, УКП және Литвин блогының бұрынғы депутаттарынан «Тұрақтылық және реформалар» (укр. Стабільність і реформи) коалициясы құрылды. Сол күні коалиция Юлія Тимошенконың премьер-министр міндетін орындаушысы қызметінен босатылуына дауыс берді және Микола Азаров басқаратын жаңа министрлер кабинетін құрды.

ЮТБ Верховна Раданың Регламенті туралы заңға енгізілген өзгерістер жайлы Конституциялық сотқа шағымданды. 2010 жылғы 8 сәуірде Юлія Тимошенко Конституциялық сотты «қылмыс жасады» деп айыптаған мәлімдемесін жариялады.

Януковичтың президенттігі тұсындағы саяси қуғын-сүргін

2010 жылғы 12 мамырда Украина Бас прокуратурасы 2004 жылғы қылмыстық істі заңсыз түрде қайта ашты, бұл істі Украина Жоғарғы соты 2005 жылғы қаңтарда Тимошенкоға қарсы Жоғарғы сот судьяларына пара бермек болды деген айыппен тоқтатқан еді. 12 мамырда прокуратурадан шығып бара жатқанда, Тимошенко журналистерге 17 мамырда қайтадан тергеушілермен кездесуге шақырылғанын айтты және ол бұл қадамын Ресей президенті Медведевтің 2010 жылғы 17 және 18 мамырдағы Украинаға сапарымен байланыстырды. 2010 жылғы 15 желтоқсанда Бас прокуратура Тимошенконың үстінен Киото хаттамасы аясында Украина алған қаражатты өз пайдасына қолданды деген айыппен қылмыстық іс қозғады. 2010 жылғы 20 желтоқсанда оған ресми түрде айып тағылды. Америкалық «Covington & Burling» және «BDO USA» сарапшылары «Киото ақшасы» жайлы «Біз көрген құжаттарда Киото хаттамасының балансы алынған күндегі шамамен 3.3 миллиард соманың бүкіл уақыт бойы өзгеріссіз қалғанын нақты көрсетеді... Осы шоттың қалдығы түскен күні өзгеріссіз қалғандықтан, Премьер-министр Тимошенко бұл қаражатты өз талаптарына қайшы «пайдаланды» деген айыптаулардың жалған екені анық» деді.

Тимошенконың екінші үкіметіндегі қоршаған ортаны қорғау министрі Георгій Філіпчук (укр.) ұқсас қылмыстық істің қозғалуына байланысты ұсталды. Филипчук осы үкіметтің 2010 жылғы наурызда құлағаннан кейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған үшінші министрі болды (прокурорлар 2010 жылғы желтоқсан айының басында бұрынғы ішкі істер министрі Юрій Луценконы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыптады, ал бұрынғы экономика министрі Богдан Данилишин 2010 жылы қазанда ұқсас айыптармен Чехияда ұсталды). БЮТ депутаттары бұған қарсылық білдіріп, келесі күні Верховна Раданың мінбері мен президиумын жауып тастады. Сол күні Еуропа Халық партиясы мәлімдеме жасап, онда "Украина билігінің оппозиция мен оның жетекшісі Юлія Тимошенкоға агрессивті, саяси астарлы қысым көрсетуінің өсуін айыптайтынын" мәлімдеді.

Тимошенкоға қарсы жаңа сыбайлас жемқорлық айыптары 2011 жылғы 27 қаңтарда қозғалды. Ол 2010 жылғы президенттік сайлауда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 1000 медициналық көлікті пайдаланды деп айыпталды. Тимошенконың айтуынша, бұл айыптар жалған болды және «Януковичтің оппозицияның үнін өшіру науқаны» бөлігі болды. Кейіннен, 2010 жылы есеп палатасының аудитінің нәтижелері бұл көліктерді сатып алу қарастырылғанын анықтады. 2008 жылдан бастап Бюджет кодексінің 87-бабында, 2009 жылғы Мемлекеттік бюджет және «Мемлекеттік мақсатты бағдарламалар туралы» Украина Заңының 13-бабында. 2011 жылғы маусымда «Киото ақшасы» және ауылға медициналық көмек көліктері бойынша іс тоқтатылды.

2009 жылғы Ресей-Украина газ дауы кезінде билігін асыра пайдаланды деген айыппен 2011 жылғы 10 сәуірде Тимошенкоға қарсы үшінші қылмыстық іс ашылды. Бұл істі Тимошенко «абсурд» деп бағалады. Ол қамауға алынған жоқ.

2011 жылғы 26 сәуірде Тимошенко бизнесмен Дмитро Фірташ пен швейцариялық «РосУкрЭнерго» компаниясын Манхэттендегі АҚШ аудандық сотына «төрелік соттың шешімімен айла-шарғы жасау арқылы Украина азаматтарын алдады» және «Украинадағы заң үстемдігіне нұқсан келтірді» деп айыптап, сотқа берді. Стокгольмдегі 2010 жылғы халықаралық арбитраждық сот Украинаның мемлекеттік энергетикалық компаниясы «Нафтогазды» «РосУкрЭнерго» компаниясына 11 миллиард текше метр табиғи газды төлеуге міндеттеді, ол «экспроприациялаған» жанармайдың орнын толтыру үшін және айыппұл ретінде 1,1 миллиард миллиард текше метрді құрайды.

2010 жылғы мамырда Украинаның Бас прокуратурасы Юлія Тимошенкоға қарсы бірқатар қылмыстық істерді қозғады, бұл оның қалыпты саяси белсенділігіне және Батыстағы одақтастарына халықаралық сапарға шығуына кедергі болды. Еуропарламент Янукович үкіметін Тимошенконы қудалағаны үшін, сондай-ақ «Газ ісі» және оған және оның министрлеріне қарсы басқа да істер бойынша қудалау үшін айыптайтын қарар қабылдады. 2011 жылғы 24 маусымда «газ ісі» бойынша 2009 жылы ресейлік Газпром газ компаниясымен Украинаға табиғи газ жеткізу туралы келісімге қатысты сот басталды. Тимошенкоға билікті асыра пайдаланды және қаржы жымқырды деген айып тағылды, өйткені сот бұл келісімді ел үшін экономикаға қарсы және қиянат деп тапты. Бұрынғы президент Віктор Ющенко сот процесінде Тимошенкоға қарсы куәлік берді, оны ол «қалыпты сот процесі» деп атады.

2011 жылы 11 қазанда сот Тимошенконы билігін асыра пайдаланды деп айыпты деп танып, жеті жылға бас бостандығынан айырды, бас бостандығынан айыру мерзіміне сайланбалы қызметке түсуге тыйым салды және мемлекетке 188 миллион доллар төлеуге міндеттеді. Тимошенко үкімге апелляциялық шағым берді, ол оны Сталиннің саяси репрессияларымен салыстырды. 2011 жылғы 4 қарашада Украинаның салық полициясы Тимошенкоға қарсы төрт қылмыстық істі қайта бастады. Ол осы істер үшін 2011 жылғы 10 қарашада айыпталды. 8 желтоқсанда түрмеде отырған Тимошенко қайта қамауға алынды.

2012 жылғы қаңтар айының басында Тимошенконың күйеуі Олександр Тимошенко (укр.) өткен жылдың соңында сұраған Чехиядан баспана алды. Сол жылғы сәуір айының басында Бас прокуратура Тимошенко мен бұрынғы премьер-министр Павло Лазаренконың 1996 жылы донецкілік кәсіпкер Олександр Момоттың өліміне қатысы болуы мүмкін екенін тексеруге кірісті.

2014 жылы түрмеден босатылуы

Юлія Володимирівна Тимошенко 
Тимошенконың Еуромайдан алдындағы сөз сөйлеуі, 2014 жылғы ақпан

2014 жылғы Украин төңкерісінен кейін, 2014 жылғы 21 ақпанда Парламент Тимошенконың түрмеден босатылуы жайлы 310–54 дауыс берді, ол үшін Украинаның бірнеше заңын БҰҰ заңдарына сәйкес қылдыру керек болды.

2014 жылғы 22 ақпанда Тимошенко 2012 жылғы мамыр айынан бері полицияның бақылауында емделіп жатқан Харьков қаласындағы №5 орталық клиникалық ауруханадан шығарылды. 28 ақпан күні парламент Юлія Тимошенконы ақтап, оның құқығын қалпына келтірді.

Босатылғанынан кейінгі саяси мансабы

Юлія Володимирівна Тимошенко 
2014 жылғы президенттік сайлаудағы Тимошенконың жинаған даусы

Тимошенко 2014 жылғы 6-7 наурыз аралығында Дублиндегі Еуропа Халық партиясының саяси конференциясына қатысып, Ангела Меркельмен, Жозе Мануэл Баррозумен, Вивиан Редингпен, Мишель Барньемен, Мариано Рахоймен және Дональд Тускпен және басқа да көрнекті тұлғалармен оқиғаларды ашық талқылады. 7 наурызында ол арқасының ауруын емдеу үшін Берлиндегі Шарите ауруханасына түсті.

2014 жылғы 27 наурызда Киевте өткен баспасөз мәслихатында Тимошенко 2014 жылғы президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Екі күннен кейін «Батьківщина» партиясының съезі оның кандидатурасын ресми түрде ұсынып, 31 наурызда Орталық сайлау комиссиясы оны ресми түрде кандидат ретінде тіркеді. Тимошенконың сайлауалды науқанының негізгі тезистері сыбайлас жемқорлықты жою, олигархтармен күрес, Украина дамуының еуропалық жолы (атап айтқанда, ЕО-мен қауымдастық туралы келісімге қол қою), ресейлік агрессияға қарсы тұру және Украинаның аумақтық тұтастығын қалпына келтіру болды. Сайлау 25 мамыр күні орын алды. Нәтижесінде Тимошенко жалпы дауыстың 12.39% жинап, Петро Порошенкодан кейінгі екінші орында жайғасты.

Сол жылғы 30 тамызда Тимошенко Батьківщинаның НАТО құрамына кіру жайлы референдум бастау мақсатымен петиция бастағанын айтып кетті.

2014 жылы, оған қоса, парламент сайлауы да орын алған еді, оның нәтижесінде Батьківщина 5.68% дауыс жинап, 19 мандатқа ие болды. Сайлаудан кейін Тимошенко фракцияға көшбасшылық етті. Сайлаудан кейін Тимошенко партияны реформалау жоспарларының бар екенін жария етті. Сол жылғы мамырда ол АҚШ санкция мемлекеттік департаментінің координаторы, елші Дэниел Фридпен (ағыл.) кездесу жүргізді. Екеуі Шығыс Украина мен Қырымдағы жағдайды талқылады, АҚШ-тың Ресейге қоятын санкцияларына аса көп назар аударды. Дэн Фрид Тимошенконы Америка Құрама Штаттары Украинаны, оның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынына уәде берді.

2016 жылғы 6 сәуірде Тимошенко Ангела Меркельді Шығыс Украинадағы бейбітшіліктің орнауындағы үлесі үшін алғыс берді.

2019 жылғы президент сайлауы

Толық мақаласы: Украинадағы президент сайлауы (2019)
Юлія Володимирівна Тимошенко 
Тимошенко, 2019 жыл

2018 жылғы 20 маусымда Тимошенко өзінің 2019 жылғы президент сайлауына қатысатынын айтты. Сайлауға екі апта қалғанда кандидат Сергій Тарута өзінің үгіт-насихат тобы Тимошенконың үгіт-насихат жұмыстарына қолдау көрсететініне уәде берді (бірақ оның аты-жөні бюллетеньден алынып тасталған жоқ, кандидатураны аяқтау мерзімі өтіп кеткен). 2019 жылғы 8 ақпанда президенттікке жаңа кандидат Юлия Тимошенкомен бірдей тегі мен инициалы — фракциялық емес халық депутаты Юрій В. Тимошенко тіркелді. Бұл сайлаушылар, әсіресе, егде жастағы адамдар бюллетеньде қате жібереді деген ниетпен жасалды деген болжамдар бар. Юлия Тимошенконың өзі мұны Петро Порошенконың «арсыз қылығы» деп атады.

Сауалнамаларға жүгінсек, сайлауға дейін біраз уақыт бойы Тимошенко үміткерлер арасындағы қолдауы бойынша жетекші болған. Актер Володимир Зеленськийдың жаңа жылдық президенттік сайлауға түсу ниеті туралы мәлімдемесінен кейін жағдай өзгерді, 2019 жылғы қаңтар айының соңында рейтинг жинай бастаған Зеленський Тимошенконы жеңіп шықты. Кейінірек, бүкіл сайлау науқаны кезінде Тимошенко сол кездегі президент Петро Порошенкомен бірге рейтингте 2–3 позицияны бөлісті.

Сайлау нәтижесінде жалпы дауыстың 73% жинаған Володимир Зеленський жеңіске жетті. Сол жылғы парламент сайлауында Батьківщина үшінші орынға жайғасып, 26 мандатқа ие болды.

    2020 жылғы жергілікті сайлаулар

ОСК айтуынша, жергілікті сайлаулар нәтижесінде Батьківщина 4093 мандатқа (12.39%) ие болып, жергілікті әкімшіліктердегі жетекші партиялардың бірі болды.

Парламенттегі қызметі (2019–)

2019 жылғы парламент сайлауы нәтижесінде Батьківщина жеңіп алған мандаттардың бірі Тимошенкоға берілді, депутат болған Тимошенко Әлеуметтік саясат және ардагерлердің құқығы Парламенттік комитетін басқарып кетті. Тимошенконың Раданың осы сессиясындағы қызметі жерді сатуға мораторийді алып тастауға қарсылық көрсетуге және үкіметтің энергия бағасын төмендетуге бағытталған шараларын талап етуге бағытталған.

Өкілеттіктің басында Тимошенконың партиясы биліктегі «Халықтың қызметшісі» партиясы ұсынған бірқатар шараларды қолдады. Мысалы Раданың жаңа отырысының бірінші күні Тимошенконың партиясы депутаттық иммунитетті алып тастау туралы заң жобасын қолдады. Алайда 2019 жылғы қарашада Парламент жерді сатуға мораторийді алып тастау туралы заң жобасын қабылдағаннан кейін Юлія Тимошенко биліктегі «Халық қызметшісі» партиясына қарсы оппозицияға өтетінін жариялады. 2019 жылғы желтоқсанда Тимошенко жерді қорғау жөніндегі ұлттық штабқа жерді сатуға қарсы қырықтан астам саяси және қоғамдық ұйымды біріктірді. 2019 жылғы 15 желтоқсанда Ұлттық штаб президент Володимир Зеленськийға «жер туралы заңдарды қабылдауды кейінге қалдыру, мораторий мерзімін ұзарту және референдум жариялау қажет» деген талаптарды мақұлдады. Отанды қорғау жөніндегі ұлттық штаб та наразылық акциясына қосылды.

2020 жылғы қарашада Тимошенконың партиясы шағын бизнеске салық салу жүйесін жеңілдету 3853-2 заң жобасының қабылдануын қолдап, SaveFOP науқанын қолдады. Тимошенко SaveFOP қоғамдық қозғалысымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Ресейдің Украинаға басып кіруі (2022–)

2022 жылғы ақпанның соңында Францияның France 24 жаңалықтар арнасы Тимошенко НАТО мен Біріккен Ұлттар Ұйымын Украинаның әуе кеңістігін жауып, еліне Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік күштерін орналастыру арқылы Украинаны қорғауға шақырғанын хабарлады. 2022 жылғы сәуірдің басында Азаттық радиосы Тимошенконың Ресейдің басып кіруі туралы қосымша пікірлерін жариялады. Хабарланғандай, ол «Владимир Путин өзінің Кеңес Одағын қайта құру жөніндегі тарихи миссиясы бар екеніне терең сенеді» деп мәлімдеді; бұл амбиция Шығыс Еуропаның басқа елдеріне қауіп төндіретінін; және «Украинаның НАТО-ға мүшелігі Ресей Федерациясының Украинаны басып алу әрекетін біржолата тоқтата алатын күшті армияға ие болудан кейінгі ең күшті кепіл» екенін айтты.

2022 жылғы 1 наурызда Тимошенко «Охматдит» балалар ауруханасын қамқорлыққа алды. Тимошенко мекемеге дәрі-дәрмек пен ең қажетті заттарды сыйға тартты. Тимошенко сондай-ақ шетелде және елдің батыс аймақтарында емделу мен медициналық көмекті жалғастыру үшін науқас балаларды Киев пен облыстан шығаруға көмектесті.

Саяси ұстанымы

Толық мақалалары: Батьківщина және Юлія Тимошенко блогы

Тимошенко Украинаның Еуропа одағы мен НАТО құрамына енгенін қолдайды. Тимошенко Украинадағы газ тасымалдау жүйесінің жекешелендіруіне қарсы.

Тимошенко Украинаны «біртұтас және бөлінбейтін мемлекет» деп санайды, елдегі сепаратистік көзқарастарды қабылданбайды деп санайды: «Донецк, Қырым, Луганск, Днепропетровск, Харьков, Львов, Тернополь, Ивано-Франковск, Киев және туған жеріміздің барлық басқа бұрыштарынан бір-біріңді сүйіңдер» дегені де бар. Тимошенко орыстілді Днепропетровск тұрғындары украин тілін кеңес заманында түсінген және Украинадағы орыс тіліне қатысты мәселелер «асыра айтылған, не мүлдем жоқ». Тимошенко орыс тілінің екінші ресми тіл болуына қарсы. Украин тіліне өзінің көзқарасы ретінде ол былай деді: «Мен украинша ойлайтын болдым, бірақ сонда да орысша өте жақсы сөйлей аламын. Орыстілді Днепропетровск өлкесінде өскендігімнен Үкіметке келгенде украинша аса білмейтінмін және сол себептен мүмкіндігімше тез үйреніп алдым».

Сайлаудардағы нәтижелері

Президент сайлаулары

Сайлауы Партиясы Бірінші айналым Екінші айналым
Дауыс саны % Нәтижесі Дауыс саны % Нәтижесі
2019 Батьківщина 2,532,452 13.40% Үшінші Жеңілді
2014 Батьківщина 2,310,050 12.81% Екінші Жеңілді
2010 Батьківщина 6,159,810 25.05% Екінші 11,593,357 45.47% Жеңілді

Парламент сайлаулары

Сайлау Нәтижесі Орны Позициясы
Дауыс саны % Мандат саны +/–
2002 Юлія Тимошенко блогымен бірге
22 / 450
Жаңа 5-орында Оппозиция (2002–2005)
Үкімет (2005)
Оппозиция (2005–2006)
2006 Юлія Тимошенко блогымен бірге
129 / 450
107 2-орында Оппозиция
2007 Юлія Тимошенко блогымен бірге
156 / 450
27 2-орында Үкімет (2007–2010)
Оппозиция (2010–2012)
2012 5,208,402 25.54%
101 / 450
55 2-орында Оппозиция
2014 893,549 5.68%
19 / 450
82 6-орында Коалициялық үкімет (2014–2015)
Оппозиция (2015–2019)
2019 1,158,189 8.18%
26 / 450
7 3-орында Қолдау көрсеткен (2019)
Оппозиция (2019 қараша бері)

Жеке өмірі

Жұбайы Олександр Тимошенкомен байқамай танысты, телефон нөмірін шатастырып алған Олександр байқамай Юліяға қоңырау шалған, бірақ екеуі сонда да әңгімесін жалғастыра берді. Қызы Євгенія Олександрівна Тимошенко (укр.), Лондон экономика мектебінде білім алған.

Юлія Тимошенко украин, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Мәдени және саяси беделі

Юлія Тимошенконы сөзуар адам қылып сипаттайды, сөзшең болғанының көмегімен ол Қызғылт сары төңкеріс кезінде украиналық саясаттағы белгілі тұлғаларының бірі болды.

Тимошенконың сыншылары оның олигарх болу жолын әділ емес деп санады. Оның бұрынғы әріптесі, бұрынғы премьер Павло Лазаренко Америка Құрама Штаттарында ақша жылыстағаны, жемқорлық және алаяқтық үшін сотталған еді. Алайда 2004 жылғы 7 мамырда Калифорния Солтүстік ауданының аудандық сотының судьясы Мартин Дженкинс Тимошенконың Лазаренко қылмысына қатысын жоққа шығарды.

Тимошенконың олигархтан қарапайым азаматқа айналу жолын сайлаушылардың үлкен бөлігі адал, нәтижелі деп санады. Алайда оның салтанатты өмір салтын ұстанатынын украиналық жаңалықтар біраз сынға алатын.

Ющенко үкіметіне тұңғыш келгенде Тимошенко украинша білмейтін. Алайда кейін ол украин тілін үйреніп алды.

Forbes журналы Тимошенконы әлемдегі ең ықпалды әйелдер тізіміне үш түрлі рет қосқан. 2005 жылғы оның тұңғыш премьерлігі кезінде ол бұл тізімде үшінші орында еді (Кондолиза Райс пен У Иден кейінгі). 2008 жылы ол 17-орында және 2009 жылы 47-орында болды. Украиналық ФОКУС журналы оны 2006–2010 жылдары аралығында Украинадағы ең ықпалды әйел деп атады. Қызғылт сары төңкерістің барысында оны «Төңкерістің Жанна д’Аркі» деп те атап кеткен.

Тимошенконың бұрынғы одақтасы және елдің бұрынғы президенті Віктор Ющенко 2009 жылғы қарашада: "Мен Юлія Тимошенконың премьер-министр лауазымында өткізген әр аптасы елді апатқа апарып соққанына сенімдімін. Юлія Тимошенконың кесірінен бұл дағдарыс [орын алды]». Ющенко Тимошенконы Ресейдің қалауын орындап жүр деп айыптады, Тимошенконың өзі бұл тұжырымдарды жоққа шығарған. 2010 жылғы 31 мамырда Ющенко Тимошенконы өзінің «басты қателігі» деп атады, оны екі түрлі рет билікке қойғаны үшін өкінгенін айтты. Саясаттанушы доктор Тарас Кузьоның айтуынша Ющенко Тимошенкодан кегін алуды мемлекеттің мүделлерінен жоғары қойды.

Аймақтар партиясы төрағасының орынбасары Борис Колесніков 2010 жылғы 11 ақпанда «Тимошенко Украинаның заманауи тарихындағы ең тиімді саясаткер болды» деп мәлімдеді. Бірыңғай сыртқы және қауіпсіздік саясаты бойынша Еуропаның бұрынғы жоғары өкілі Хавьер Солана Тимошенконы «қандай ұстанымыңыз болса да, сөзсіз патриот» деп сипаттады.

Бірнеше газет пен телевизия бағдарламасы Тимошенконы Ю ханым (укр. Леді Ю, орыс. Леди Ю) деп атап кеткен.

«Рейтинг» социологиялық тобының мәліметі бойынша Юлія Тимошенко 2021 жылғы сәуір айының басында елдегі ең сенімді саясаткер ретінде үшінші орынға шықты, одан жоғары жайғасқан тек президент Зеленський мен Верховна раданың сол кездегі төрағасы Разумков болды.

    Тимошенко туралы деректі фильмдер
  • 2010 — «Yulia», америкалық деректі фильм;
  • 2011 — НАТО Парламенттік Ассамблеясының депутаттарына көрсетілген 20 минуттық деректі фильм;
    Тимошенко туралы кітаптар
  • 2007 — «Юлія, Юлечка» —— Антоніна Уляхина (Днепропетровск)
  • 2007 — «Юлія, Юлія Володимирівна» —— Антоніна Уляхина (Днепропетровск)

Дереккөздер

Tags:

Юлія Володимирівна Тимошенко Жастық шағы және біліміЮлія Володимирівна Тимошенко Коммерциялық мансабыЮлія Володимирівна Тимошенко Саяси мансабыЮлія Володимирівна Тимошенко Саяси ұстанымыЮлія Володимирівна Тимошенко Сайлаудардағы нәтижелеріЮлія Володимирівна Тимошенко Жеке өміріЮлія Володимирівна Тимошенко Мәдени және саяси беделіЮлія Володимирівна Тимошенко ДереккөздерЮлія Володимирівна Тимошенко

🔥 Trending searches on Wiki Қазақша:

КонституцияӨнеркәсіпҚазақстандағы ұжымдастыруҚазақстанның экономикалық аудандарыҚазақстан азамат соғысы жылдарындаМіржақып ДулатұлыҚарағанды облысыЕтісШиенің түрлеріЗәрдің түзілуі және шығарылуыБарбаросса жоспарыҚазақстанның географиялық орны мен шекараларыСинонимБаланы қырқынан шығаруКСРО ыдырауыАрал экологиясыӨздігінен тозаңдануҰялы телефонАдам эволюциясының негізгі кезеңдеріMicrosoft AccessҚазақстанның экологиялық проблемаларыКөнерген сөздерСарматтарҒабиден МұстафинНұралы ханЖоңғар хандығыЗәр шығару жүйесіМемлекеттік басқару формасы бойынша елдер тізіміФразеологизмАқбөкенҚайталауСоқырішекЭкологиялық жүйеРинат Рифхатұлы ЗайытовҚыз Жібек (фильм)СызықшаШыршаҚазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар тізіміКөп жасушалы ағзаларРенессансХимия өнеркәсібіКөлік кешеніАқпараттық қауіпсіздікАққулар ұйықтағандаМахамбет ӨтемісұлыОнтогенезМенің атым Қожа (повесть)Түркістан облысыМәдени өсімдіктердің шыққан орталықтарыКүнбағысҚозы Көрпеш – Баян СұлуРимАдам қаңқасыСолтүстік ҚазақстанАралас құрмалас сөйлемҚажымұқан МұңайтпасұлыМәшһүр Жүсіп КөпейұлыДепортацияГалогендерСөз табыҚаныш Имантайұлы СәтбаевОсип Андреевич ИгельстромЖәркен БөдешұлыҚиялЭпитетҚазақстан және БҰҰАшаршылықТабиғи газӘжеИзомерияЛаңкестік әрекетНАТОТабиғатты пайдалану мен қорғау негіздеріҚоректік тізбекТұқым қуалаушылықЖаңа білім беру жүйесіҚант диабетіБейімделу🡆 More