Қарағанды Облысы: Қазақстанның орталық бөлігіндегі облыс

Қарағанды облысы – Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан облысы.

1932 жылы 10 наурызда құрылған. Жер аумағы 239,0 мың км². Тұрғын саны 1 134 753 адам, орташа тығыздығы 1 км2-ге 4,7 адамнан келеді (2023). Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Абай облысы, батысында Ұлытау, оңтүстігінде Жамбыл, оңтүстік-шығысында Алматы, Жетісу, солтүстік-батысында Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 7 ауылдық, 2 қалалық әкімшілік аудандарға бөлінеді. 8 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Әкімшілік орталығы — Қарағанды қаласы.

Қазақстан облысы
Қарағанды облысы
Елтаңбасы
Елтаңбасы
Әкімшілігі
Облыс орталығы

Қарағанды

Аудандар саны

7

Ауылдық округтер саны

153

Кенттік әкімдіктер саны

7

Қалалық әкімдіктер саны

8

Ауыл саны

344

Әкімі

Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев

Тарихы мен географиясы
Координаттары

48°00′ с. е. 71°00′ ш. б. / 48.000° с. е. 71.000° ш. б. / 48.000; 71.000 (G) (O) (Я) 71°00′ ш. б. / 48.000° с. е. 71.000° ш. б. / 48.000; 71.000 (G) (O) (Я)

Құрылған уақыты

10 наурыз 1932 жылы

Жер аумағы

239 045 км² (2-ші орын)

Уақыт белдеуі

UTC+5:00

Экономикалық ауданы

Орталық Қазақстан

Тұрғындары
Тұрғыны

1 134 753 адам (2023)(4-ші орын)

Тығыздығы

4,7 адам/км² (13-ші орын)

Ұлттық құрамы

қазақтар 52,39 %
орыстар 31,58 %
украиндар 3,98 %
немістер 3,13 %
татарлар 2,42 %
белорустар 1,14 %
корейлер 1,03 %
басқалары 4,33 % (2023 ж.)

Сандық идентификаторлары
Телефон коды

+7 721

Пошта индекстері

100000

Автомобиль коды

09

ISO 3166-2:KZ коды

KZ-KAR

Басқалары
Әкімдіктің мекенжайы

Қарағанды қаласы, Әлиханов көшесі, №13

Қарағанды облысының әкімдігі

Қазақстан картасындағы Қарағанды облысы

Қарағанды Облысы: Тарихы, Саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы, Ұлттық-мәдени орталықтар Ортаққордағы санаты: Қарағанды облысы

Тарихы

Қарағанды облысының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Сол жылы орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Біреуі Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі Қарағанды қаласы және 14 аудан қараған жаңа аймаққа айналды.

ҚОАК-тің Қарағанды облысы бойынша Ұйымдық комитетінің төрағасы, өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бюросының мүшесі Абдолла Асылбеков болды.

Осы өңірдің тумасы, сол замандағы қоғамдық құбылыстардың, өзгерістердің ұйытқысы, ұлттық басшылық құрамның көрнекті өкілі Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков облыстық кеңес атқару комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланды. Бірақ ол 1937 жылдың зобалаңына ұшырап, нақақтан нақақ ауыр жазаға кесілді.

1938 жылдың қыркүйегінде Қарағандыда екі жылдық мұғалімдер институтының құрылды. Ол кейін педагогикалық институттың, бұдан соң қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы мемлекеттік университеттің негізін қалаған облыстағы тұңғыш жоғары оқу орны болды. Бұл уақытта қала тұрғындарының саны 162 мың адамға ұлғайып, бүгінгі орталық бөлігіндегі ғимараттар мен үйлердің салынуы басталды.

1939 жылы құрамынан Ақмола облысы бөлініп шығып, әкімшілік-аумақтық құрылымы жүйелене түсті.

1943 жылы Қарағандыда облыстар арасынан алғаш рет өткізілген әйгілі ақындар айтысы болды. Облыстың барлық қалаларына, аудан орталықтарына, ірі кәсіпорындарына радио арқылы тыңдатылған бұл айтыста атақты халық ақындары Доскей Әлімбаев, Шашубай Қошқарбаев, Қайып Айнабеков, Жолдыкей Нұрмағамбетов, Нартай Бекежанов,Ғабдиман Игенсартов, Нұрлыбек Баймұратов, Көшен Елеуовтер жыр додасын қыздырды.

1944 жылдың 31 желтоқсанында Теміртаудағы Қазақ металлургиялық қайта өңдеу зауытының бірінші мартен пешінің қатарға қосылып, қазақстандық тұңғыш болат алынды.

1947 жылы 12 миллион 565 мың тонна көмір өндіріліп, Қарағанды Одақтағы үшінші отын ошағы ретінде танылды. Қазақ металлургия зауытында екінші мартен пеші іске қосылып, экономиканың нығаюы басталды.

1949 жылдың 16-21 маусымы аралығында қалада «Орталық Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеп, игеру проблемалары» жөніндегі Қазақ КСР Ғылым академиясының көшпелі сессиясы өткізілуі аймақ ғылымының дамуына тың қозғау салды. Геология басқармасы құрылып, жаңа кен көздерін іздестіріп табу істерін кең ауқымды жүргізу жолға қойылды.

1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында тұңғыш атом бомбасының сыналуы облыс тарихындағы қаралы таңба болып қалды. Төрт жылдан кейін Дегелең тауы тұсында сутегі қаруы жарылып, Егіндібұлақ аймағы өңірі тұрғындарына тағы ауыр зардап әкелді. 1949-1962 жылдары бір кездегі әсем өңірдің ашық аспанында дүлей қарудың 266 жарылысы жасалды. Содан кейінгі уақытта да сынақтар тоқталмай, дала 300 рет ғаламат жарылыстардан сілкінді.

1950 жылдың 17 қазанында облыстағы екінші жоғары оқу орны — Қарағанды медициналық институты ашылды. Аймақтың өз білікті дәрігерлерін көптеп даярлауына мүмкіндік туды.

Облыс елуінші жылдары тек өнеркәсібі дамуымен ерекшеленбей сондай-ақ ауыл шаруашылығын да өркендетті. 1956-1957 жылдары аймақта ірі қара саны — 36,5 мың, қой мен ешкі 358,7 мың басқа жетті. Сонымен қатар бұл кезеңде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Облыс бойынша 1958 жылы 1957 жылмен салыстырғанда осы мақсатқа жұмсалған қаржы мөлшері 13 пайызға өсіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 28 пайызға артты.

1953 жылдың қыркүйегінде облыстағы үшінші жоғары оқу орны Қарағанды тау-кен институты (қазіргі мемлекеттік техникалық университет) тұңғыш рет студенттер қабылдады. Бұл жылы Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» және Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романдары қарағандылық оқырмандардың қолына тиді.

Қарағандының түбіндегі Жауыртау етегінде туып-өскен Ғабиден Мұстафин бұдан соң аймақ өткендегісін баяндаған «Дауылдан кейін» және «Көз көрген» кітаптарын жазды.

Тың

Елуінші жылдардың орта шенінде облыстың топырағы құнарлы бөліктерінде тың игеру науқанының басталуы елеулі оқиғалардың бірі болды. Осынау іс жері егін өсіруге қолайлы Нұра және Осакаров аудандарында кең өріс алды. Алғашқы тың шаруашылықтары «Донской», «Родниковский», «Киевский», «Энтузиаст», «Шахтер», «Индустриальный», «Шербаковский», «Киргизия» т.б. құрылды.

1954 жылы Жезқазғанға қала мәртебесі берілді. 1957 жылдың 3 желтоқсанында Кеңес одағындағы ең ірі металлургиялық зауыт Қазақстан Магниткасында бірінші домнаның іргетасы қаланды.

1958 жылдың қазан айында облыс Ленин орденімен марапатталды. Ол астық және ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін өндірудегі зор жетістіктер үшін берілген еді.

Қоныстандыру

Орталық Қазақстанның этникалық құрылымының құрылуы мен дамуының тарихы ұзақ. Өлкені қоныстандыру әртүрлі уақыттарда және түрліше жүргізілді. Орталық Қазақстан аумағында адам баласы ежелгі кезеңнен өмір сүргені белгілі, бірақ, өлкені қоныстандыру және игеру үдерісі XX ғасырға дейін созылды.

Бұл кезең Қазақстан аумағында өз позициясын нығайту мақсатында күрес жүргізген Ресей империясының аймақта өз қызметін жандандыруымен сипатталады. 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» бойынша қазіргі Қарағанды облысының аумағы Баянауыл, Ақмола, Қарқаралы округтерінің құрамына кірді. Өз әсерінің күшін нығайту және өлкені игеруге қажетті жағдай жасау үшін патша үкіметі шекара бойына нығайтылған шептер ұйымдастырды. Осы шептер бойында сібір казактары мекендеген Қарқаралы (1824 ж.), Ұлытау (1841 ж.), Ақтау (1837 ж.) және тағы да басқа осылар сияқты алғашқы елді мекен-станицалар пайда болды.

Орта жүздің ірі руларының бірі арғындардың негізгі бұқарасы Орталық Қазақстанда шоғырланғаны белгілі. Деректік мәліметтер бойынша олардың саны уездер бойынша келесідегідей болған: Қарқаралы уезінде – 87 381 шаруашылық, Ақмолада- шамамен 100 мың, Атбасарда – 32 207 болған. Бұнымен қоса осы жерлерде найман руынан шыққан қазақтар да көшіп-қонып жүрген. Атбасар уезінде олар 38 375 шаруашылық болды.

Саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы

Орталық Қазақстан өнеркәсіптік даму деңгейі тұрғысында республика аймақтары арасында бірінші орын алады. Онда қуатты екі өнеркәсіптік торап құрылған. Бірі Қарағанды-Теміртау көмір-металлургиялық кешені, оған Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай, Шахтинск, Ақтау, Жезқазған қалаларындағы электр энергетикасы, машина жасау, металл өңдеу, химия, жеңіл, азық-түлік өнеркәсібінің көптеген кәсіпорындары кіреді, екіншісі Балқаш түсті металлургия өнеркәсіптік кешені, ол негізінен мыс кендерін өндіру және өңдеуге тазартылмаған және тазартылған мысты, түсті прокатты, сондай-ақ марганец, қорғасын, мырыш және басқа полиметалл концентраттарын шығаруга маманданған. Осынау кәсілорындық торап Жезқазган, Балқаш, Сәтпаев, Қаражал қалаларының, Жәйрем, Жезді, Қоңырат, Саяқ, Ақшатау кенттерінін кеніштері мең шахталарын, байыту фабрикаларын, мыс қорыту зауыттарын, өнеркәсіптін химия, азық-түлік және басқа салаларын біріктірген.

Облыс экономикасының қазіргі жағдайы экономикалық және әлеуметтік құрылымдардағы елеулі өзгерістермен сипатталады. Облыстың республикадағы өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлеміндегі үлес салмағы 15% пайыздан асып жығылады. Бүгінде аймақта 300-ден астам бірлескен және шетелдік кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірілері мыналар: «Қазақмыс» корпорациясы ААҚ, ол көп қырлы, өндірісі аяқталған циклды кен-металлургия кәсіпорны, әрі бірқатар зауыттар, кеніштер және энергетикалық нысаңдардьі біріктіреді; «Арселор Миттал» ААҚ, ол толық металлургиялық циклді кәсіпорындардын барлығының Қарағанды бассейнінің көмір шахталарының ЖЭО, қосалқы және басқа да қызмет көрсететін өндірістік инфрақұрылымының басын қосқан.

Марганецтің ірі өндірушісі «Жәйрем КБК» ААҚ болып табылады. Мәшине жасау және металл өңдеудегі жетекші кәсіпорындар Пархоменко атындағы мәшине жасау зауыты, «Қарағандыкенмаш» НТЭК» ЖАҚ, «Қарағанды құю-мәшине жасау зауыты» ААҚ, «Техол» ЗПХ ЖАҚ, «Қазкарметавтоматика» ААҚ және басқа кәсіпорындар есептеледі. Резеңке және пластмасса бұйымдар шығаратын негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындар қатарына «Қарағанды резеңке техника» ЖШС, «Саранрезеңкетехника» ААҚ, «Восход» ЖШС жатады.

Химиялык өнеркәсіпте «Теміртау химия-металлургиялық зауыт», «Монета Дитерджентс жуғыш заттары зауыты» ЖШС жұмыс істейді. Құрылыс материалдарды өндірумен «Сеntral Аzia Cement» ААҚ және «Қарағанды асбоцементтік бұйымдары» ЖШС айналысады.

Жеңіл өнеркәсіптің ірі кәсіпорындары «Гүлден» ЖШС және «Тоmiris» ЖШС, азық-түлік өндірісінде «Тұлпар» фирмасы саналады.

Өндірістік мәселелерді шешу және тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу үшін тың өндірістік куаттар және нысандар іске қосылуда, әртүрлі мәшинелер мен тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің техникалық жабдықтарына қосалқы бөлшектер өндіру және тұтыну тауарларын даярлау ауқымы ұлғая түсуде.

Ұлттық-мәдени орталықтар

Қарағанды облысы бойынша 55 ұлттық-мәдени орталықтар жұмыс істейді. 20 орталықта кешкілік мектептер жұмыс жасайды.Әр мектепте оқып үйренушілер саны орта есеппен 25 адамды құрайды.

Аса белсенді ұлттық-мәдени орталықтарға Қарағанды қаласы, Жезқазған қаласы, Сәтпаев, Теміртау, Бұхар-Жырау аудандары кіреді.

Қарағанды облысы Қазақстан Республикасының орталығында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлік. 1932 жылы, 10 наурызда құрылған. Жерінің аумағы 428,0 мың км². Тұрғыны 1333, 6 мың адам. Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Шығыс Қазақстан, оңтүстігінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, батысында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен шектеседі. Облыс 9 ауылдық, 2 қалалық, әкімшілік ауданға бөлінеді. 11 қала, 39 кент, 168 ауылдық әкімшілік округі бар. Әкімшілік орталығы-Қарағанды қаласы.

Қарағанды облысы Сарыарқаның оңтүстік жарты бөлігінде орналасқан. Қиыр батысын Торғай қолатының шығысы мен Тұран ойпатының сотүстік-шығысы, солтүстігін Теңіз-Қорғалжын ойысы, Есіл жазығы, Ерейментау, Қызылтау және басқа ұсақ таулар, шығысында Ащысу, Дағанбай өзендерінің аңғары, оңтүстігін Бетпақдалада сазды шөлі мен Балқаш көлі алып жатыр. Бедері негізінен ұсақ шоқылы, төбелі-белесті болып келеді. Олардың арасында ерте кездегі өте биік қатпарлы таулардың жұрнақтары-гранитті тау массивтері көптеп кездеседі.

Қарағанды облысының шығысын көтеріңкі келген Балқаш-Ертіс суайрығын құрайтын таулар тізбегі-Қарқаралы (Жиренсақал тауы, 1403 м), Кент тауы, Қу, Қарақуыс тауы, Қызылтас тауы, Қызыларай тауы т.б. көптеген таулар алып жатыр.

Қарағанды облысы өзендерінің ішіндегі шаруашылыққа маңыздылары Балқаш-Ертіс су айрығынан басталып, Теңіз-Қорғалжын көліне құятын Нұра, оның сол салалары - Шерубайнұра және Құланөтпес пен Көң өзендері. Облыстың оңтүстік-шығысын Мойынты, Жәмші, Тоқырауын, Құсақ, т.б. өзендер суландырады.

Қарағанды облысы - Қазақстанның ірі өнеркәсіп кен байлықтары мен ауылшаруашылығы шикізатының негізінде көмір өндіру, энергетика, қара және түсті металлургия , химия өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері дамыған , облыс экономикасының ірі орталығы.

Халқының саны 1 миллион 381,6 мың адам,оның ішінде 1 миллион 138,5 мың адам қалаларда тұрады. Облыста республика халқының 9% -ы тұрады. Тұрғындарының орташа тығыздығы 1 км².- 3,2 адамнан келеді.

Қалалары : Қарағанды, Абай, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Қарқаралы, Приозёрск, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск.

Қарағанды облысында қазақтардан (37,6 %) басқа көптеген ұлт өкілдері мекендейді: орыстар (43,6%), украинлар (5%), беларусьтер (4.0%), немістер.(0.2%) , басқалары (7.5%).

Облыс республикадағы марганецтің баланстық қорының 100 пайызын, вольфрамның 80, молибденнің 64, қорғасынның 54, мырыштың 40, мыстың 36, көмірдің 32, соның ішінде коксті көмірдің 100, баридің 70 пайызының қоры бар.

Кеңес өкіметі жылдары облыста жергілікті кен байлықтары мен ауыл шаруашылығы шикізатының негізінде көмір өндіру, энергетика, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ-өнеркәсіптері дамып, облыс экономикасының негізгі салаларына айналды.

Қарағанды облысы 2001 жылы республикада жалпы ішкі өнімнің 10,1% -ын (290,6 млрд.теңге) берді.

Облыстың энергетикасы жергілікті көмірге негізделген. Ірі аудандық және жылу электр станциялары Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Тентек, Топар, Қаражал елді мекендерінде, ұсақтары Қарсақбай, Атасу, Жамбыл, Мойынты, Сарышағанда орналасқан. Өнеркәсіптің басты салаларының бірі-көмір өндіру, кокс шығару. Түсті металлургия мыс кендерін өндіру мен қорыту және полиметалл мен сирек кездесетін металл кентастарын шығару мен байыту салаларынан тұрады. Облыста мыс өнеркәсібі екі орталықта дамыған. Оның біріншісі «Қазақмысә корпорациясына қарайтын Жезқазған кен-металлургия комбинатында. Оның құрамында Жезқазған кентінде, Сәтбаев қаласында 10-ға жуық механикаландырылған шахталар, екі карьер, екі байыту фабрикасы, мыс қорыту зауыты бар. Екіншісі-«Балқашмыс» кен-металлургия комбинаты. Оның құрамында Қоңырат, Саяқ, Шатыркөл карьерлері, байыту фабрикасы, мыс қорыту, қақтау зауыттары бар. Жезқазған, Балқаш кен-металлургия комбинаттары мыс балқытумен қатар таза алтын, күміс, т.б. сирек металдар алумен шұғылданады.

Полиметалл мен сирек кездесетін металдарды өндіру өнеркәсібі дамып келеді. Оныің ірі орталығыАқжол (қорғаысн, мырыш), Ақшатау, Жамбыл (вольфрам, молибден), Қарағайлы, Жоғарғы Қайрақты (полиметалл, сирек металдар). Облыста Балқаш, Жезқазған, Теміртау зауыттарынан шығатын газ, әк-тас, минералды түз кендерінің негізінде химия өнеркәсібі дамып келеді. Химия кәсіпорындарынан Теміртауда химияда химия- металлургия зауыты, «Қарағанды химя өнеркәсібі» ЖШС-і, Саранда екі машина жөндеу зауыттары бар. Машина жасау және металл өңдеу кәсіпорындары негізінен Қарағанды қаласында орналасқан. Мұнда құю-машина жасау зауыты, «Қарағанды кен-машина-ИТЭКС» ААҚ, Энергия, сауда-техника комбинаты,турбо-механикалық, Пархоменко атындағы машина жасау, көмір машинасын жасау, №1 машина жасау, тұрмыстықтехника заттары, Теміртауда «Шығысэнергияжөндеу-SEE», «Энергия жөндеу-Т» ЖШС-рі, «Энергоприбор» өндірістік кооперативі, Жезқазғанда «Салаларалық өндіріс-өндіру фирмасы» өндіріс кооперативі жұмыс істейді. Облыс қалаларында және кейбір ірі кенттерде,аудан орталықтарында тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары, баспаханалар жұмыс істейді. Балқаш көлінде балық ауланады.Ол Шашубай кентіндегі (Балқаш қаласы жағалауында) балық зауытында өңделеді.

Қарағанды облысында 95 аурухана, 359 амбулатория мен емхана болды Оларда 5777 дәрігер, 10866 орта медициналық мамандар жұмыс істеді. 298 кітапхана, қазақ, орыс драматетрлары, филармония, музыкалық комедия театры. 33 клуб пен мәдениет үйі, 8 мұражай, цирк бар. 1931 жылдан 2 облыстық («Орталық Қазақстан», «Индустриальная Караганда») және бір қалалық (Темиртауский рабочий») газеті шығады.Бір сөзбен айтқанда, Қарағанды қаласының облыс орталығы болуы оның жан-жақты, түрлі салада дамып, одан әрі өсіп өркендеуіне мүмкіндік берді.

Әкімшілік бөлінісі

Облыс құрылымы 7 аудан мен 6 облыстық бағыныстағы қаладан тұрады:

Халқының саны (2009, 2021)
Облыс аудандары мен қалалары 2009 2021 2021 2009-ға пайызбен Ерлер 2009 Ерлер 2021 2021 2009-ға пайызбен Әйелдер 2009 Әйелдер 2021 2021 2009-ға пайызбен
Абай ауданы 57207 59241 103,6 27364 29188 106,7 29843 30053 100,7
Ақтоғай ауданы 19233 16198 84,2 9892 8325 84,2 9341 7873 84,3
Бұқар жырау ауданы 60010 54003 90 29750 27290 91,7 30260 26713 88,3
Қарқаралы ауданы 42722 31495 73,7 21450 16160 75,3 21272 15335 72,1
Нұра ауданы 26150 22655 86,6 12849 11664 90,8 13301 10991 82,6
Осакаров ауданы 35221 30467 86,5 17034 15115 88,7 18187 15352 84,4
Шет ауданы 45715 38549 84,3 23128 19685 85,1 22587 18864 83,5
Балқаш қалалық әкімдігі 75453 78084 103,5 35523 37591 105,8 39930 40493 101,4
Қарағанды қалалық әкімдігі 460039 509027 110,6 209935 235946 112,4 250104 273081 109,2
Приозёрск қалалық әкімдігі 13479 10909 80,9 6615 5371 81,2 6864 5538 80,7
Саран қалалық әкімдігі 50310 42646 84,8 23562 20206 85,8 26748 22440 83,9
Теміртау қалалық әкімдігі 176496 176870 100,2 81700 84156 103 94796 92714 97,8
Шахтинск қалалық әкімдігі 56001 58164 103,9 26737 28451 106,4 29264 29713 101,5
ЖАЛПЫ САНЫ 1118036 1128308 100,9 525539 539148 102,5 592497 589160 99,4

Табиғаты

Қарағанды облысы Сарыарқаның оңтүстік жарты бөлігінде орналасқан. Қиыр батысын Торғай қолатының шығысы мен Тұран ойпатының солтүстік-шығысы, солтүстігін Теңіз – Қорғалжын ойысы, Есіл жазығы, Ерейментау, Қызылтау және басқа ұсақ таулар, шығысында Ащысу, Дағанделі өзендерінің аңғары, оңтүстігін Бетпақдала сазды шөлі мен Балқаш көлі алып жатыр. Бедері негізінен ұсақ шоқылы, төбелі-белесті болып келеді. Олардың арасында ерте кездегі өте биік қатпарлы таулардың жұрнақтары – гранитті тау массивтері көптеп кездеседі. Мұндай аласа тауларды тауаралық кең жазықтар, өзен аңғарлары, көл ойыстары бөліп тұрады. Облыстың батыс бөлігін Ұлытау (1131 м), Арғанаты, Желдіадыр, т.б. таулар, ұсақ, орташа Абсолюттік биіктігі 300 – 500 м Сарысу төбелі-белесті жазығы алып жатыр. Қарағанды облысының шығысын көтеріңкі келген Балқаш – Ертіс суайрығын құрайтын таулар тізбегі – Қарқаралы (Жиренсақал тауы, 1403 м), Кент тауы (1469 м), Қу (1356 м), Қарақуыс тауы (1342 м), Қызылтас тауы (Қушоқы, 1283 м), Қызыларай тауы (Ақсораң, 1565 м, Сарыарқаның ең биік нүктесі), Кешубай (Сарыобалы, 1320 м), Қоңыртемірші тауы (Қарасораң, 1368 м), т.б. көптеген таулар алып жатыр. Шығыс бөлігі өзінің биіктігімен (орташа Абсолюттік биіктігі 500 – 1000 м) және жер бетінің қатты тілімденгендігімен ерекшеленеді. Облыстың бұл бөлігі солтүстіктен оңтүстікке қарай бірте-бірте аласарады. Үлкенді-кішілі ойыс пен қазаншұңқырлар бір-бірімен алмасып жатады. Аласа тау массивтерінің салыстырмалы биікт. 500 – 600 м, бұлардың арасында белесті қырат немесе көптеген шашыранды ұсақ шоқылар, дөңесті бұйраттар, адырлар кездеседі. Облыстың солтүстігінде Ерейментаудың оңтүстік сілемдері – Ақдің (899 м), Нияз (833 м), Айыртау (814 м), Желтау, т.б. таулар, Қарасор көлінің ойысы бар. Облыстың оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде Арал маңы Қарақұмы, Мойынқұм, Жетіқоңыр, Қарақойын, Сарықұм сияқты құм массивтері жайғасқан.

Геологиялық құрылымы және пайдалы қазбалары

Облыстың жер аумағы каледон және герцин құрылымдарын қамтитын Орталық Қазақстан палеозоидының ортаңғы бөлігінде орналасқан. Каледон қатпарлығына Шыңғыс-Тарбағатай мегаантиклинориі мен Шыңғысалды синклинориі және Семізбұғы синклинориі, каледонид пен герцинидтің орта тұсында орналасқан Қарағанды синклинориі герциндік Теңіз ойысы мен Карағанды синклинорийіне батыс бөлігінен келіп жалғасатын Сарысу-Теңіз көтерілімі жатады. Құрамына Спасск антиклинорийі, Қарасор және Өспен синклинорийі, Жоңғар-Балқаш қатпарлы жүйесінің сож. доғасы кіретін герциндік құрылым Қарағанды синклинориінен оңтүстікте орналасқан. Бұл құрылымдар түрлі құрамды құмтас, әктас, кварцит, жаңғыш тақтатас, вулканиттерден түзілген. Әртүрлі бағыттағы жарылыстары мен опарылыстары бар интрузиялар жыныстарды қатпарлыққа жаншып, қиып өткен. Геологиялық құрылымдар ішінде егжей-тегжейлі зерттелгені ендік бағытқа жақын созылып жатқан Қарағанды синклинорийі. Синклинорийдің орта тұсын Қарағанды көмір бассейні алып жатыр. Қарағанды синклинорийінің батыс бөлігі грабен-синклинальды девон және төменгі палеозойдың вулканогеңді-терригенді қабаттарынан түзілген майысулар мен көтерілімдердің кезектесіп отыруымен сипатталады. Мұнда Самар және Завьяловка тас көмір кен орындары орналасқан. Грабен-синклинальдар шығыс және батыс жағынан меридиан бағыттағы жарылыстармен шектелген. Бассейннен солтүстікке таман фамен және турней ярусының карбонатты жыныстарымен, сол сияқты төменгі карбонның көмірлі қабаттарынан түзілген брахисинклинальдардың және мульдалардың көтеріңкі учаскілерімен кезектесіп отыратыны байқалады. Бұл тұсқа көміріндегі күл мөлшері жоғары Қушоқы және Бөрілі кен орындарының қабаттары сай келеді. Қарағанды көмір бассейнінің оңтүстік жиегінде қорғасын-мырышты руда жүлгілері мен Жалайыр барит кені белгілі. Бассейннің түрлі бөліктерінен металлургия, химия және цемент өнеркәсібіне пайдалануға жарамды әктастың бірнеше кен орны анықталды. Бұлардың қатарына барланып, пайдалануға берілген Астахов, Сарыапан, Волын, Оңтүстік Топар әктас кен орындары жатады. Құмтас-қиыршықтас кенорындарының негізгі зерттелген бөлігі өзен аңғарларында шоғырланған. Юра шөгінділері үстіне жиналған саз балшық аязға төзімді құрылыс кірпішін, керамикалық бұйымдар, отқа төзімді материалдар даярлауға пайдаланылады. Актас, Сасыққарасу саз кені пайдаланылуда. Девон эффузияларынан құрылысқа жарамды тас кені жан-жақты зерттеліп, игерілуде. Қарағанды синклинорийінін оңтүстігін ала, Тектұрмас антиклинорийінен солтүстікке таман шығыс-солтүстік-шығыс бағытта ұзындығы 250 км, ені 5-15 км-лік Спасск жаншылу зонасы орналасқан. Бұл зонада Орталық Қазақстанның девондық жанартаулық белдеуінің жыныстары солтүстік-шығыс бағытқа қарай созылған. Мұнда 20 шақты жанартаулық-тұнбалы мыс кені (Жалғызтөбе, Жетімшоқы, Қызылшоқы, Қожақонған, Қызылөгіз, Көктал, Көктасжал, Сарыадыр, Алтынтөбе және т.б. кен орындары) және 250-ден астам мыс белгілері мен бірнеше геохимиялық аномалиялар анықталды. Пирофиллит, мәрмәр кендері де табылып, барланды (Спасск). Зонаның оңтүстігіне таман ендік бағытқа жақын силурдың терригендік жыныстарынан түзілген, кіші гранодиоритгі интрузияларымен байланысы бар Нұра синклинорийі өтеді. Гранит және жоғарғы фамен туфы, туфогенді құм тасы бар гранодиориттің солтүстік массивтерінде кремнийпиритті-магнетитті-гематитті кен орындары (Кентөбе темір кен орны) ұштасып жатыр. Облыс жерінде батыс жағынан қоршап жатқан Сарысу-Теңіз көтерілімі әр кездері грабен-синклиналь және горст-антиклиналь түзейтін қатпарлық пен жарылыстың бұзылуға жиі ұшырап отырған жанартаулық шөгінді және интрузивті жыныстардан түзілген. Көтерілімнің орталық бөлігін алып жатқан Шұбаркөл грабен-синклиналіне күлділігі аз (2-10%), қоры 2 млрд.т Шұбаркөл көмір кені орналасқан юра ойысы, ал Қызылжар горст-антиклиналіне Баршын липарит және кірпіштік саз кендері сай келеді. Шыңғысалды синклинорийі мен Шыңғыс-Тарбағатай мегаантиклинорийінің батыс бөлігін тұтас қамтитын палеозой жыныстарынан түзілген. Мұнда карбонның порфирлі гранитоидтарының ұсақ интрузияларымен байланысты келетін мысты-порфирлік типті плутогенді-гидротермальды рудалану (Көктасжал кен орны) және колчедандық типке жақындайтын ұсақ мыс кен орындары анықталған. Ұлытау-Жезқазған аймағының геологиялық құрылымы тау жыныстарының әр түрлі үш кешендерінен қалыптасқан: 1-кембрийге дейінгі күрделі дислокацияға ұшыраған метаморфтық жыныстар; 2-палеозойдың жанартаулық тұнба қатпарлы жыныстары; 3-мезозой және кайнозойдың құмтасты-сазды платформалық құрылымдары. Ұлытау-Жезқазған аймағы шегінде мыстың аса ірі кен орындары, марганецтің, қорғасын және мырыштың ірі кен орындары, темірдің, никельдің, кобальттың, көмірдің, асбестің құрылыстық және флюстік шикізаттардың орташа және шағын кен орындары, алтынның, хром, никель, мыс, платина руда түзілу белгілерінің, бейруда пайдалы қазбалары — магнезит, тальк, барит, кварц, флюорит, асбест шоғырланған. Қара және түсті металдар рудаларында күміс, рений, кадмий, таллий, германий және т.б. шашыранды элементтердің құнды қоспалары кездеседі. Темір рудалары ның жер бетіне шығып жатқан ірі орындары Қарсақбай зауыты ауданында 40 км-ге созылып жатыр. Мұнда Керегетас, Балбырауын, Қаратас, Қарашоқы және Сазтөбе кен орындары орналасқан. Керегетас және Балбырауын кен орындарының темірлі кварциттің қалынды

ғы 10 м-ден 220 м-ге баратын 5-7 горизонты бар. Бүкіл 400 км-лік өн бойындағы темірдің қоры миллиард тонна деп бағаланып отыр. Ұлытау-Жезқазған аймағы марганец рудаларының қоры бойынша Қазақстанда негізгі аудандарға жатады. Жезді кен орны ауданында темірлі-марганецті руда белгілері бар Балажал, Емельяновское, Батыс Керегетас, Жаман Кергетас орыңдары белгілі. 20 ғ-дың 80-жылдарының ортасында Қаптыадыр тауының оңтүстігін ала Айдарлы фабен-синклиналінде марганецтің жаңа кен орындары (Богач, Тур 1, Тур II және т.б.) ашылды. Қазіргі танда мыс рудалы формацияларының ішіндегі өнеркәсіптік маңыздысы — Жезқазған рудалы формациясы. Осы формацияның Жезқазған, Жыланды тобы (Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақбай, Аралбай, Жаманайбат және т.б. ұсақ кен орындары төменгі, орта және жоғарғы карбон және төменгі пермьнің терригендік шөгінділеріне байланысты түзілген. Никель және кобальт кен орындары Шайтантас, Ешкіөлмес, Талдысай массивтерінің желмен үгілген гипербазиттері негізінде шоғырланған, бетін миоцен шөгінділері жапқан. Шу-Сарысу ойпаңының шығыс жапсарындағы кең алаптағы көне үгілу қыртысында бокситтің қоры анықталуда. Жезқазған-Ұлытау өңірінде жанғыш пайдалы қазындылардан Байқоңыр ауылының маңында юраның қоңыр көмір кені (Байқоңыр және Қияқты кені) кездеседі. Қоры 100 млн т. шамасында. Шұбаркөл кенішіндегі көмір қоры 1,7 млрд т. деп есептеледі. Байқоңыр поселкесінен оңтүстік-батысқа қарай 170 км жерден Оңтүстік-Торғай мұнай-газ провинциясы (Құмкел тобы) ашылды. Шу-Сарысу ойпаңынан 14 мұнайлы-газды мүмкіндігі мол құрылымдар анықталды және Шу көтерілімінен Придорожное газ кен орны ашылды.

Геологиясы

Жерінің геологиялық құрылымы каледон және герцин қатпарлығы кезеңінде қалыптасқан. Палеозой дәуірінің соңында континенттік түзілу кезеңі басталды. Өте ұзақ мерзімге созылған тегістелудің нәтижесінде пайда болған таулы өлке мезозой дәуірінде бірте-бірте қыраттарға айналды. Облыс жері негізінен палеозойдың метаморфтанған тақтатастарынан, кварциттерінен, құмтастарынан, әктастары және конгломераттарынан түзілген. Солармен бірге интрузивті (гранит, диорит, габбро, т.б.) және эффузивті жыныстар кең таралған. Байырғы жыныстарды неоген мен төрттік кезеңдердің сарғыш шөгінділерінің қалың қабаттары жауып жатыр. Облыс минералдық шикізат ресурстарына өте бай. Мұнда көмір, мыс, қорғасын, темір, мырыш, марганец, вольфрам кендерінің мол қоры бар. Күшәла, кобальт, никель, сирек металдар да кездеседі. Бейкентас шикізатынан – құрылыс тасы, әктас, цемент шикізатының, отқа төзімді саздың, пирофилиттің, құмның мол қорлары кездеседі.

Климаты

Климаты тым континенттік және өте құрғақ. Негізгі климат түзуші факторлардың бірі — күн сәулесінің ұзақтығы, ол жылына 2300-2500 сағат; ең жоғары орта айлық мәні шілдеге келеді. Жылдық жиынтық радиация мөлшері 110-120 ккал/см2, шашыранды радиация 45-50 ккал/см2. Облыс аймағы негізгі үш түрлі ауа массалары ықпалында болады: арктикалық, полярлық (қоңыржай белдеу ауасы), тропиктік. Жылдың суық мезгіліндегі ауа райының қалыптасуына азия антициклонының батыс тармағы үлкен әсерін тигізеді. Қыста ашық ауа райы басым. Ең суық ай - қантардың орташа температурасы Солтүстікте — 18°С, Оңтүстікте — 14°С байқалады. Абсолюттік минимум — 52°-44°С аралығында ауытқиды. Көктемде де антициклондық ауа райы режимі сақталып, құрғақ әрі желді ауа райы қалыптасады: күндіз өте жылы, түнде үсік байқалады. Жалпы көктемгі ауа райы тұрақсыздығымен ерекшеленеді. Жазда Орталық Қазақстанның дала аймағы тұсындағы ауа массалары қатты қызып, бұлтсыз, ашық әрі ыстық ауа райы орнайды. Ең жылы ай — шілденің орташа температурасы Солтүстікте + 18°С, Оңтүстік аймағында +22°С болады. Ең жоғары температура +40-43°С мөлшерінде. Жоғары температура (30°С және одан жоғары) шілдеде орта шамамен 7-8 күннен, 10-15 күнге дейін созылады. Ауа температурасының орташа жылдық мөлшері 1,2-3,5°С аралығында. Жылы мерзім ұзақтығы облыстың қыратты бөліктерінде (Қарқаралы, Ақтоғай таулы аймақтары) 198 күннен — 207-220 күнге (Ұлытау, Жаңаарқа, Шет аудандары) дейін ауытқиды. Аязсыз мерзім ұзақтығы тиісінше 90-100 және 110-135 күнге жақын. Ауаның салыстырмалы ылғалдылығының ең жоғары мәндері қыста байқалады. Облыс аймағында қарашадан наурызға дейін оның орта айлық мөлшері 78-82%. Жылы мерзімде салыстырмалы ылғалдылық Солтүстік бағыттан Оңтүстікке қарай кемиді. Маусым-шілде айларында ең төмен орташа айлық мөлшері 53-58% байқалады. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері көпшілік жерде 200-300 мм, Шығыс бөлігінде 330 мм түседі. Ең жоғары айлық орташа мәні шілдеде 40-47 мм, ең төмені қаңтарда 8-18 мм. Көктемде жылдық жауын-шашынның 25% жауады. Жазда жауатын мөлшері (маусым-тамыз) 120 мм, яғни жылдық норманың 40%-ын құрайды, әрі нөсерлі болады. Қыркүйекте 23 мм, қазанда 27 мм жауын-шашын жауады. Ең бірінші қар жаууы қыркүйектің бірінші онкүндігінде байқалады. Желдің орташа жылдық жылдамдығы — 5,5 м/сек. Ең жоғары айлық орташа мәні наурызда — 6,8 м/сек, сәл төмен мөлшері ақпан мен желтоқсанға келеді (6,5 және 6,1 м/сек). Ең бәсең жел жылдамдығы тамызда — 4,3 м/сек. Жылы мерзімдегі жел режимінің қалыптасуы айқын білінбейтін төмен қысымды бариқалық өріспен байланысты. Қарашадан наурызға дейін айлық орташа жел жылдамдығы өсіп отырады; Қарағандыда оның ең жоғары көрсеткіші 37 м/сек. және шамамен 20 жылда бір қайталанады. Облыс аймағының басым бөлігінде күшті жел соғуы (15 м/с және одан жоғары) үш күннен аспайды. Ал Қарағандыда ондай күндер саны наурызда 5-6 күнге созылады. Қыста жиі боран байқалады, боранды күндер саны 21-38-ге дейін жетсе, кейде 50 күнге дейін барады. Жылы маусымда құрғақшылық, желді жағдайда шаңды дауыл қалыптасады. Жыл бойынша ондай күндер саны орта есеппен 1-ден (Қарқаралы) 12-17 күнге дейін (дала аймақтарында) байқалады. Шөлейтті, шөлді аймақтарында шаң дауылды күндер саны жылына 20-38 күнге дейін жетеді. Жазда, кейде көктем мен күз мезгілдерінде облыс аумағында найзағай байқалып, дауыл, нөсер жаңбыр, бұршақпен қабаттасады. Жылына найзағайлы күндер саны 20-24 күн, ал Қарқаралыда 28 күн мөлшеріңде. Ең жиі байқалатын кезең жаз, оның ішінде шілде айы (6-8 күн). Найзағайдың орташа ұзақтығы — 1,8 сағат. Бұршақ жылы мерзімде сирек байқалады; әрі біркелкі емес, ені мен ұзындығы бірнеше шақырым жолақпен жауып өтеді. Орта есеппен жыл бойы бұршақ жауған күндер саны 2-3, кейде 4-8-ге жетеді. Күз, көктем айларында жер беті қатты суынып, антициклондық ауа райы жағдайында тұман қалыптасады. Облыста жылына тұманды күндер саны 16-28 күн аралығында болса, Қарағандыда шамамен 37 күн, ал ең жоғары айлық орташа көрсеткіші — наурызда. Облыс климатының айқын білінетін ерекшелігінің бірі — қуаңшылық. Күшті қуаңшылық орта есеппен 10-12 жылда бір қайталанады. Сәуірден қыркүйекке дейін аңызақ жел соғатын күндер саны 60-100 күн аралығында. Аңызақ, құрғақ желдер жазда Солтүстіктен келген арктикалық ауа массаларынан қалыптасады. Ауыл шаруашылығына үлкен шығын әкеледі. Облыс аймағындағы қыс кейбір жылдары тым қатаң болып, 5-5,5 айға созылады. Тұрақты қар жамылғысы әдетте қарашаның ортасында қалыптасып, 110-150 күндей жатады. Қаңтарда аяз күшейеді, -25°С және одан төмен температуралы күндер саны аймақ бойынша қыс ішінде 40-50 күннен (Солтүстікте), 10—15 күнге дейін (Оңтүстікте) ауытқиды, ал кейбір жылдары айына 20-25 күнге дейін жетеді. Қар жамылғысының орташа қалыңдығы — 20-26 см-ден 10-15 смге Солтүстіктен Оңтүстікке өзгереді. Қарлы жылдары оның қалыңдығы таулы аймақтарда 40-50 см-ге жетеді. Көктем наурыздың екінші жартысында басталып, 1,5-2 айға созылады. Орташа тәуліктік ауа температурасының 0°С көтерілуі әдетте 4-10 сәуірде байқалады. Қар жамылғысының ерте еруі — 16-28 наурызда, кеш еруі — 20-25 сәуірде. Түнгі үсіктің түсуі мамырдың 23-28-нде аяқталады. Жазы 3-4 айға созылып, ыссы әрі құрғақ болады. Күзі қыркүйектің басынан қазанның аяғына дейін созылады, әрі жазға қарағанда қуаң келеді. Бұл айдың орташа температурасы Солтүстіктен Оңтүстікке қарай 10°-14°С аралығыңда өзгереді. Әдетте, айдың бірінші онкүндігінде түнде тұрақты үсік басталады. Жылу мен ылғал таралуына байланысты, облыс аймағы 4 климаттық ауданға бөлінеді: қоңыржай-салқын қуаң ұсақ шоқылы; қоңыржай-жылы қуаң ұсақ шоқылы; қоныржай-жылы өте қуан. Біріншісіне біршама ылғалды, алайда ылғалды өсімдіктің еркін өсуіне жеткіліксіз таулы аймақ (Қарқаралы, Ақтоғай) жатады. Гидротермиялық коэффициент (ГТК) — 0,7-0,8; әсерлі температуралар жиынтығы (яғни орта тәулік температурасы +10°С жоғары) 2000°С жуық. Өсімдіктердің өсіп-өну мерзім ұзақтығы орта шамамен 130 күн. Агроклиматтық жағдайы ерте себілетін жаздық дәнді дақылдар, қарақұмық, орамжапырақ, картоп, қияр т.б. өсіруге қолайлы. Жер бедеріне байланысты, көпшілік шаруашылықтар мал шаруашылығымен, онымен қоса, егіншілікпен шұғылданады. Қоныржай-жылы қуаң ұсақ шоқылы аудан — облыстың неғұрлым ойпаң өңірін қамтиды. Оған Бұқар жырау, Абай, Нұра, Осакаров ауданының Солтүстік-Шығыс, Қарқаралы ауданының Солтүстік-Шығыс кіреді. ГТК - 0,7-0,8. Әсерлі температуралар жиынтығы 2000-2200°С. Өсімдіктердің өсіп-өну мерзім ұзақтығы 130-135 күн. Қоңыржай-жылы өте қуаң ауданға Осакаров ауданының басым бөлігі, Жаңаарқа ауданының Солтүстік, Қарқаралы ауданының Оңтүстік-Шығысы жатады. ГТК — 0,5-0,7. Әсерлі температуралар жиынтығы (+10°С жоғары) 2000-2600°С. Осакаров ауданында егіншілік кеңінен дамыған. Жылы өте қуаң аудан облыстың Батыс және Оңтүстік аймақтарын (шөлейтті, шөлді) толығымен қамтиды. ГТК — 0,5-0,7. Әсерлі температуралар жиынтығы 2200-2800°С. Мұнда қой шаруашылығы басым дамыған. 

Өзендері мен көлдері

Қарағанды облысы өзендерінің ішіндегі шаруашылыққа маңыздылары Балқаш – Ертіс суайрығынан басталып, Теңіз – Қорғалжын көліне құятын Нұра, оның сол салалары – Шерубайнұра және Құланөтпес пен Көң өзендері. Сонымен қатар Қарасор көлі алабының өзендері – Жарлы, Қарқаралы, Талды және Ертіс алабына жататын Есіл, Өлеңті, Шідерті, Түндік өзендерінің де маңызы айтарлықтай. Облыстың батыс жағын суландыруда Сарысудың, Терісаққан, Торғай, Ұлы Жыланшық өзендерінің Жоғарғы ағыстарының және Байқоңыр, Қалмаққырылған, т.б. көптеген кіші өзендердің маңызы өте зор. Облыстың оңтүстік-шығысын Мойынты, Жәмші, Тоқырауын, Қусақ, т.б. өзендер суландырады. Өзендерінің суы аз, тек көктемде қар еріген кезде ғана суы молаяды да біраз күн тасиды. Жаз ортасында кіші өзендер саязданып, сулары кермектеніп, қарасуларға бөлініп қалады, кіші өзендер тартылып қалады.

Қарағанды облысында жалпы ауданы 926 км2 болатын 1910 көл бар (бұрынғы Теңіз ауданын қоспағанда). Олардың 90%-ы облыстың солтүстік аудандарында шоғырланған. Облысты екіге бөлетін 48 параллельден оңтүстікке қарай тек 108 көл ғана бар. Барлық көлдердің тек 131-інің ғана ауданы 1 км2-ден асады. Оларда 576 млн м3 су жиналады. Көлдердің көпшілігі көктемде суға толып, жазда құрғап, күзде сорға айналады. Ірілері: Балқаш, Қарасор, Қыпшақ, Керей, Қарақойын, Қияқты, Шошқакөл, Балықтыкөл, Шыбынды, Тассуат, Ащысу. Облыста 460 тоған мен бөген бар. Олардың ірілері: Нұра өзеніндегі Самарқан, Шерубайнұра, Жартас, Самар, Кеңгірдегі Кеңгір, Жезді, Атасудағы Қылыш, Сарысаздағы Ақтасты, Поливное, Қумоладағы Қарсақпай бөгендері. Ертіс – Қарағанды – Жезқазған каналдары Атасу кентіне дейін салынды. Оның бойында 6 бөген бар. Жер асты тұщы сулары кеңінен пайдаланылады.

Көлдері

Облыс аймағында 1600-ге жуық көл бар, оның ішінде 200-ден астамының ауданы 1 шаршы км-ден асады. Облыс жерінің онтүстік-шығыс бөлігінде су айдыны көлемі жағынан Қазақстаңдағы үшінші көл — Балқаш жағалауы кіреді. Көл Батыстан Шығысқа қарай созылыңқы (614 км) орналасқан. Ауданы 18,2 мың км2, су көлемі 106 км3, су айдынының теңіз деңгейінен биіктігі 342 м. Тереңдігі 6-12 м-ден (Батыс), 15 м-ге дейін (Шығыс) ауытқиды, ең терең жері — 26 м. Тұздылығы біркелкі таралмаған, Батыс бөлігі Іле өзенінің суымен тұщыланады, Шығысында тұздылық мөлшері 5г/л дейін жоғарылайды. Антропогендік әсерден Балқаш көлінің деңгейі 2 м төмендеп, суының сапасы да нашарлаған. Аласа таулы және қыратты суайрықтар мен үлкен тұйық ағынсыз алап көлдеріне қарағанда, анғарлық-арналық көлдер түрі көп тараған. Айдын ауданы 0,5-1,5 м2 ұсақ көлдер куаң жылдары жазда кеуіп қалады. Көлдер суының орта минералдылығы 1-10 г/л аралығында. Облыстың аласа таулы және қыратты Шығыс, Оңтүстік-Шығыс аймақтарындағы көлдердің қазаншұңқырлары кіші, таяз, аласа жағалаулы болып келеді. Қуаң жылдары олар құрғап қалады. Неғұрлым терең көлдерінің суы жыл бойы сақталады (Үлкенкөл). Үлкен тұйық ойыстардағы көлдер бежі және жер асты су ағындарының негізі болып саналады. Солардың бірі — Қаркаралы ауданында орналасқан Қарасор адырлы-жазықты тұйық ойыс. Ол өңірде 50-ге жуық (Қарасор, Саумалкөл, Балықтыкөл, т.б.) көлдер бар. Орта тереңдіктері 1 м, кей жерде 4-5м, орта тұздылығы 35-41 г/л. Көл түбінде емдеу мақсатында пайдаланатын күкіртгі-сутекті шипалы балшық тұнған. Облыстың Солтүстік-Батысында мына көлдер орналасқан — Шошқакөл, Барақкөл, Саумалкөл, Құнақай, Әжібексор, Тассуат т.б., Солтүстігінде Шыбынды, Қаракөл, Оңтүстік-Батысында — Дөңсары, Алакөл, орталық аймағында — Көктіңкөлі т.б. Тұздылығына байланысты олардың суы аса пайдаланылмайды. Облысты сумен тұрақты қамтамасыз етуде су қоймалары мен каналдардың маңызы зор. Су қоймалары: Самарқан (Нұра өзені), Шерубай-Нұра (Шерубай-Нұра өзені), Кеңгір (Кеңгір өзені), Жезді (Жезді өзені) т.б., сонымен қоса кіші өзендерде көптеген тоғандар салынған. 1973 жылдан бері облыс аймағында Ертіс—Қарағанды каналы жұмыс істейді. Бұл алып гидротехникалық құрылымның (суды төменнен жоғары деңгейге тасымалдайды) ұзындығы 458 км. Орта шамамен 75 м3/с су тасымалдап, Қарағанды, Теміртау сияқты ірі, және кіші қалаларды сумен қамтамасыздандырады. Су тасымалдау үшін 20-ға жуық насос стансалары іске қосылған. Облыс аймағында беткі су қорлары жеткіліксіз болғандықтан, жер асты суларының маңызы зор. Әр түрлі тереңдіктерде, яғни 10-100 м аралығында өспе су көздері мол. Бірақ көпшілік аймақта (шөлейтті, шөлді) олардың минералдылығы, оның ішінде кермектік қасиеті жоғары болғандықтан, ауыз су ретінде қолдану біраз қиындық келтіреді. Облыс аймағыңда 200-600 м жер қыртысы қабаттарында көзі тереңде жатқан жер асты сулары кең таралған. Олардың шаруашылықта кеңінен қолданылуы техникалық тұрғыдан әлі шешілмеген. Аймақта ғасырлардан бері пайдаланып келе жатқан көптеген құдықтар қолданылады (мал шаруашылығында). Олардың тереңдігі орта шамамен 4-10 м, сағатына шамамен 300-500 л су бере алады. 

Топырақтары

Қарағанды облысының солтүстігіндегі дала белдемінде оңт-тің карбонатты қара және күңгірт қоңыр, қоңыр топырақтары қалыптасқан. Қарқаралы, Кент, Бақты, Қу, т.б. тауларда таудың қара топырағы тараған. Облыстың орталық өңірін алып жатқан шөлейтті белдемде сортаңды карбонатты қоңыр, ашық қоңыр топырақ басым. Облыстың оңтүстік шөл белдемінде сұр және сұрғылт қоңыр топырақ тараған. Өзен аңғарларында шалғынды қоңыр топырақ түрлері кездеседі.

Халқы

Қарағанды облысы халқының саны

1970 1979 1989 1999 2003 2004 2005 2006 2007
1 552 056 1 715 502 1 848 157 1 410 218 1 333 656 1 330 927 1 331 702 1 334 438 1 339 368
2008 2009 2010 2011 2012 2013 2014 2015
1 342 081 1 341 207 1 346 810 1 352 178 1 357 878 1 362 743 1 369 667 1 378 298

Қазіргі кезенде аймақтың демографиялық дамуының басты ерекшелігі тұрғындардың абсолютті санының динамикалық өзгеріп отыруымен сипатталады. Республика тұрғындарының 1989-1992 жыддар аралығында өсіп-енуінің орташа жылдық қарқыны 0,7%-ға жетсе, 1999 ж. орташа жылдық төмендеу қарқыны 0,9%ды құрады. Келесі жылдары тұрғындар санының төмендеу деңгені шұғыл түрде азайды. 2005 ж. алғаш рет тұрақты өсім көрсеткіші тіркелді.

Бұл кезең халық санының азаюына себепші болған қолайсыз демографиялық жағдаймен сипатталады. Қазақстан Республикасы тұрғындар санының тіркелуі бойынша 1999 ж. Орталық Қазақстан тұрғындарының саны 1 410 218 адам, яғни 1989 жылмен салыстырғанда 19,1%, келесі жылдары тағы 5,6%-ға азайып, 2006 жылдың басында 1 331 702 адамға түсті. Аймақта қалаға шоғырлану үрдісі жалғасып жатыр. Облыс тұрғындарының құрамында кала тұрғындарының үлесі үнемі өсуде, ал ауыл тұрғындарының үлес салмағы керісінше азаюда. Мысалы, егер 1989 ж. қала мен ауыл тұрғындары санының қатынасы 82,1% және 17,9% болса, 2006 жылдың басында — 83,8% және 16,2% болды. Ұлттық құрылымда 1980 жылдың аяғында басталған аймақтың компоненттерінің абсолютті және қатысты көрсеткіштердің өзгеру үрдісі жалғасуда. Егер 1989 - 2005 ж. аралығында қазақтардың абсолютті саны 18,4%-ға өсіп, 551 536 адамға жетті, ал аймақ тұрғындарының құрамындағы үлесі 41,4%-ды құрады, бұл көрсеткіш 1989 ж. 25,8% болған еді. Орыстардың саны 553 058 адамға дейін немесе 48%-ға жуық азайған, ал үлес салмағы 41,5%-ға тең болды, бұл көрсеткіш 1989 ж. 46,9% болатын. Аймақтың басқа да көптеген этностарының абсолютті саны да азайды: немістер 4 есе (1899 ж. - 159 208 адам; 2005 жылдың басында - 40 135 адам); белорустар — 2 есеге жуық (35331 -ден 18229-ға); украиндықтар - 2 есе (128547-ден 67496-ға); татарлар - 1,5 есе (52769-дан 35640-қа); корейлер 1,1 есе (14672-ден 13519-ге-түскен) азайған.

Аймақтың ұлттық құрамында төмендегі ұлттардың үлес салмағы да өзгерді: немістер 1989 жылғы 9,1%-дан 2005 жылдың басында 3%-ға; белорустар — 2%-дан 1,4%-ға; украиндар — 7,4%-дан 5,1%-ға; татарлар - 3%-дан 2,7%-ға; корейлер — 0,8%-дан 1%-ға дейін өзгерген. Орталық Қазақстан тұрғындарының табиғи қозғалыс ерекшелігі аталған аймақтың ұлттық құрамындағы орыс тұрғындарының үлес салмағының жоғары болу ерекшелігіне байланысты. Табиғи өсім қазақтар (13,5 промилле) мен өзбектер (22,0 промилле) арасында біршама жоғары деңгейде; жыл сайын орыстардың (-4,9 промилле), украиндар мен белорустардың (-8,6 промилле) сан жағынан азаюы байқалуда. 90-жылдардың 2-жартысында табиғи өсім коэффициенті бірыңғай теріс мәнге ие болды, яғни аймақта адамдар өлімі туу санына қарағанда жоғары еді. 2002 жылдан бастап, бұл көрсеткіштер тұрақты түрде оң динамиканы көрсете бастады, алайда өсім деңгейі төмен болды — 1,44 промилле (1000 тұрғынға шаққанда).

Жалпы республика бойынша жүрген миграция үрдісі Орталық Қазақстан өнірінде қамтыды. 1991-2003 жылдар аралығында ішкі миграция сальдосы -313 838 адамды құрады.

Халықтың орналасуы аймақ бойынша біркелкі емес. Облыс халқының орташа тығыздығы 1 шаршы км-ге 3,1 адамнан келеді. Қарағанды-Теміртау өнеркәсіпті ауданы аймағында бұл көрсеткіш 80 адамнан асты. Облыстың солтүстік және орталық бөлігінде халық тығыздығы 1 шаршы км-ге 5-6 адамнан келеді. Бұкар жырау, Осакаров және Абай аудандарының тұрғындары басқа аудандарға қарағанда тығыз орналасқан — 4,4; 3,5; 1 шаршы км-ге 8,9 адам. Ертіс — Қарағанды каналы аймағында, қала маңында халықтың тығыздығы біршама артты; облыс аумағының батыс бөлігінде 1 шаршы км-ге келетін орташа мөлшер 0,4 адамнан, кей жерлерде Ұлытау, Нұра ауданының батысында тығыздық көрсеткіші 1 адамнан да кем — 0,1 адам. Шығыс бөліктегі, негізінен ауыл шаруашылығына маманданған Қарқаралы ауданының жерінде халықтың орналасу тығыздығы 1 шаршы км-ге 1,3 адамнан келеді. Қарқаралы орманды шұратында халық жиірек қоныстанған.

Жезқазған өңірінің солтүстік-батысыңда және ауылды жерлерде халықтың тығыздығы өте төмен. Мәселен, 1966 ж. әрбір шаршы километрге 1,36 адамнан келсе, бұл көрсеткіш 1976 ж. 1,48, ал 1988 ж. 1,58 адам болды. Жезқазған - Балқаш өңіріңде 5 қала, 4 аудан, 22 қалашық, 53 ауылдық аймақ бар. 1998 ж. 20-дан артық тұрғыны бар 256 елді мекен болды. Халықтың басым көпшілігі Жезқазған, Балқаш, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен оның төңірегіне топтасқан. Онда әрбір шаршы километрде 18,8 адам тұрады. Ұлытау ауданында әрбір шаршы километрге 0,1 ғана адамнан, оның оңтүстігінде 1 шаршы километрге бір адамнан келеді. Ал халықтың тығыздығы Шет ауданында бір шаршы километрге 0,7 адам, Ақтоғай ауданында 0,4 адам, Жаңаарқа ауданында 0,5 адамнан келеді.

Облыс жерінде 11 қала, 39 қалашық және 171 ауыл-селолық округтер (3 ірі қала - Қарағанды, Теміртау және Жезқазған, ауданы жағынан орташа 4 кала — Балқаш, Саран, Шахтинск, Абай және 4 шағын кала - Қарқаралы, Қаражал,Сәтбаев, Приозёрск) орналасқан. Аймақтағы ең ірі Қарағанды-Теміртау қалалық агломерациясы соғыстан кейінгі жылдары қалыптасып, дамыған Қарағанды мен Теміртауда бүкіл облыс халқының 42%-ы және қала халқының 70,5%-ы тұрады (2005). Мұның өзі бұл қалаларда халықтың көп шоғырланғандығын сипаттайды. Олардың төңірегіңде Саран (48,2 мың адам), Шахтинск (59,9 мың адам) қалалары және Қарабас, НовоДолинка, Топар, Южный, Ақтас, Долинка, Шахан, Ақтау, Мұстафин, Қушоқы сияқты кенттер орналасқан. Бұлардың барлығы көмір кен орындарының қарқынды игерілуіне, шахталар, қара және түсті металлургия, химия, машина жасау кәсіпорындарының салынуына байланысты пайда болды.

Облыста 558 ауылдық елді мекендер бар (2004). Кеңшарлардың тарауы, шаруа қожалықтарының, өндірістік кооперативтердің, акционерлік қоғамдардың құрылуы, ауылда нарық катынастарының қиындықпен енгізілуі жекеменшік шаруашылықтардың көптеп жабылуына өз әсерін тигізді. Қазіргі уақытта тарихи қалыптасқан ауыл-селолық орналасу жүйесін қайта құру іске асырылуда.

Флорасы

Облыстың дала белдемінде, негізінен, бөрте жусан, бетеге, селеу және жіңішке қоңырбас, қозықұлақ, сарыбас беде, бұйырғын, жебіршөп, борпылдақ шөп, т.б. жазық жерінде қараған, тобылғы, итмұрын, қыраттарында жатаған арша, ырғай, тасжарған, т.б. бұталар өседі. Грунт суы таяу тауаралық өлкелер мен өзен аңғарларының жайылмаларын бидайық, шалғындық көде мен түлкі құйрық сияқты өсімдіктер жапқан. Қарқаралы, Кент, Қу, Бақты, Қызыларай, т.б. гранитті тауларда қарағай, ал олардың сайларында қайың, көктерек, өзен бойында түрлі тал, шілік өседі. Облыстың шөлейт белдемінде бетеге, селеу, т.б. түрлі шөп пен эфемерлер өседі. Шоқылардың тастақты беткейлерінде жусан басым. Шоқыаралық ойыстарда түрлі бұта кездеседі. Ұлытау, Қараағаш, Бектауата тауларында қайың, көк терек, қандыағаш, оңтүстігіндегі шөл далада жусан мен әр түрлі сораң шөп тараған.

Фаунасы

Облыс өңірін арқар, елік, бөкен, қарақұйрық, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, аққұлақ, ақкіс, сасық күзен, ақ тиін, қоян, сарышұнақ, суыр, қосаяқ, көл қамыстарында жабайы шошқа, ондатр; құстардан дуадақ, тырна, құр, шіл, бүркіт, кезқұйрық, қарақұс, күйкентай, безгелдек, үкі, жапалақ, қасқалдақ, қаз, үйрек, шағала, т.б. су құстары мекендейді. Көлдері мен өзендерінде мөңке, оңғақ, лақа, алабұға, торта, шортан, аққайран, көкбас балықтары бар. Балқаш көлінде ақ амур, ақмарқа, табан, тұқы, жайын, көксерке, қаяз, пілмай жерсіндірілген.

Өндірісі

Кеңес өкіметі жылдары облыста жергілікті кен байлықтары мен ауыл шаруашылығы шикізатының негізінде көмір өндіру, энергетика, қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсіптері дамып, облыс экономикасының негізгі салаларына айналды. Қарағанды облысының ауыл шаруашылығына пайдалануға жарамды жері 34257,1 мың га, оның ішінде егістік жер 1062,2 мың га, шабындық 389,6 мың га, жайылымы 31724,9 мың га жерді құрайды. Ауыл шаруашылығының басты салалары – жаздық астық өсіру, етті-сүтті сиыр, қой, жылқы өсіру. Өнеркәсіп орталықтарына таяу жерде қала маңына тән ауыл шаруашылығы дамыған (сүтті сиыр, құс, шошқа өсіру, картоп, көкөніс өсіру). 2002 ж. егістік аумағы (мың га) 1316,7 болды. Облысты қамтитын Сарыарқа темір жолының Ұзындығы 1827 км. Сарыарқа әуежайы облыс тұрғындарын көптеген шет елдермен және республиканың басқа қалаларымен байланыстырады. Облыс жері арқылы ПавлодарШымкент мұнай құбыры өтеді.

Әкімдерінің тізімі

  1. Идеал Ғалиұлы Мүсәлімов (1990—1991)
  2. Пётр Петрович Нефёдов (1992—1997)
  3. Мәжит Төлеубекұлы Есенбаев (шілде 1997 — қазан 1999)
  4. Камалтин Ескендірұлы Мұхамеджанов (қазан 1999 — 19 қантар 2006)
  5. Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин (19 қантар 2006 — 19 қараша 2009)
  6. Серік Нығметұлы Ахметов (19.11.2009 — 01.2012)
  7. Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов (20 қантар 2012 — 28 қантар 2013)
  8. Бауыржан Түйтеұлы Әбдішев (29 қантар 2013 — 20 маусым 2014)
  9. Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібеков (20 маусым 2014 — 14 наурыз 2017)
  10. Ерлан Жақанұлы Қошанов (14 наурыз 2017 - 18 қыркүйек 2019)
  11. Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек (18 қыркүйек 2019 – 8 желтоқсан 2022)
  12. Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев (8 желтоқсан 2022 жылдан бастап)

Дереккөздер

Тағы қараңыз

Сыртқы сілтеме

Tags:

Қарағанды Облысы ТарихыҚарағанды Облысы Саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуыҚарағанды Облысы Ұлттық-мәдени орталықтарҚарағанды Облысы Әкімшілік бөлінісіҚарағанды Облысы ТабиғатыҚарағанды Облысы Геологиялық құрылымы және пайдалы қазбаларыҚарағанды Облысы ГеологиясыҚарағанды Облысы КлиматыҚарағанды Облысы Өзендері мен көлдеріҚарағанды Облысы ТопырақтарыҚарағанды Облысы ХалқыҚарағанды Облысы ФлорасыҚарағанды Облысы ФаунасыҚарағанды Облысы ӨндірісіҚарағанды Облысы Әкімдерінің тізіміҚарағанды Облысы ДереккөздерҚарағанды Облысы Тағы қараңызҚарағанды Облысы Сыртқы сілтемеҚарағанды ОблысыАбай облысыАлматы облысыАқмола облысыЖамбыл облысыЖетісу облысыОрталық ҚазақстанПавлодар облысыҚазақстанҚазақстан облыстарыҚарағандыҚостанай облысыҰлытау облысы

🔥 Trending searches on Wiki Қазақша:

КанадаЖер сілкінуТеміртауҚасым ханАнықтауышҚазақ тіліндегі өсімдік атауларының тізіміОпера (музыка)Қабанбай батырАлмаИталияҚан мен терБразилияҰлы Жібек жолыЭмбрионҚазақстан Республикасы Қарулы КүштеріҚорықСалқам Жәңгір ханМиТоқырау жылдарындағы ҚазақстанPythonАрал экологиясыАқуызКиноТеодолитЖылқыҰшқан ұяТұрсын ханБіржан ҚожағұлұлыКүйТірі ағзалардың негізгі қасиеттеріЗат алмасуАхмет БайтұрсынұлыСұрыптауҚазақстан Республикасының Ұлттық музейіКөміртегіҚазақтың ұлттық тағамдарыМенің атым Қожа (повесть)ЕгіншілікАбай жолы (роман)Қазақтың ұлттық ою-өрнегі18 ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайыПродуценттерСаяси партияАстық шаруашылығыМетафораОксидтерРесурстарҚоқиқаздарХолециститЭкономикалық қатынасЖеті жарғыӨмірзая (роман)АзияСенсорлық жүйеКітапАфрикаМысықӘбілхан ҚастеевМамыргүл16-17 ғасырлардағы Қазақ хандығыЖошы ханЭкономикалық интеграцияМорфология (лингвистика)Компьютерлік желіҚазақстан және БҰҰАсанәлі Әшімұлы ӘшімовҒабиден МұстафинБиосфераЖай механизмСырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысыРесейАмёбаТемірқазықЕсік Алтын адамыНорвегияМахамбет ӨтемісұлыМіржақып ДулатұлыДінҚыстырма сөз🡆 More