Зират – рулық-қауымдық бейіттердің жалпы атауы.
Дәстүрлі қазақ қоғамында зират рулық сипат алған.
Жергілікті ерекшеліктерге байланысты халық тілінде зират зират басы, бейіт басы, тамның басы сияқты іргелес ұғымдар бірінің орнына бірі қолданыла береді. Осыған байланысты бейіт, мола, там кейде зират мағынасын білдіреді. Зират көбінесе ауыл сыртында, қыстауларда болады. Зираттың көшпелі ортадағы айрықша маңызы жөнінде Ш. Уәлиханов былай деп жазды: «Молалар әрқашан қырат жерлерге, керуен немесе көш жолдарына және өзен мен көл бойына орналасады. Бұл жүргінші адам өлгендердің басына ерекше аят (бата) оқып кетсін деген мақсатпен жасалынады».
Зираттың қасынан көлікпен өткенде «иманды болыңыздар» деп бет сипап өту дәстүрі бүгінгі таңда да сақталған. Сондай-ақ, атты адам зират тұсынан өткенде атынан түсе алмайтын жағдайда болса оң аяғынан үзеңгісін шығарып «сіздер барған жерге біз де барамыз, қияметтің күні жақын» – деп дұға қылған. Ал, егер зираттар шалғайда орналасса немесе қарт кісілер денсаулығына байланысты зират басына бара алмайтын болса зираттардың төбесі көрінген жерден зиратты бетке алып Құран бағыштау үрдісі де қалыптасқан.
ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін зираттар көбінесе рулық-тайпалық принцип бойынша қалыптасты. Қазіргі уақытта бұл дәстүр бірте-бірте жоғалып барады. Сонымен қатар, қазір осы салада бұрын оңды-солды болмаған жаңа үрдіс қалыптасты: өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап ескерткіш көктастарына қайтыс болған адамның суретін қоя бастады. Марқұмның мүсінін, кейде тұтас ескерткішін орнату салты қалыптасты. «Суреттер жан сұрайды» деген сенімге орай исламдық қағида мұсылман зираттарына сурет, мүсін, ескерткіш қоюға тыйым салады.
Ғалымдар Х. Арғынбаев пен С. Әжіғали XIX ғасыр мен XX ғасыр барысында қойылған құлпытастардың, әдетте, жақсы өңделіп, сыртына ою-өрнек жүргізілетіндігін, сыртқы кескіні мүсінделіп жасалатындығын, тіршілігінде ол адам ұсталықпен айналысса, құлпытаста оның құрал-саймандары бейнеленгендігін жазды. Бұл үрдіс көбінесе Батыс Қазақстан өңірінде орын алған.
Ерте кезде марқұмның жылында, асында бәйге беретін болған. Мұны «құр бәйге» деп атаған. Қайтыс болған адам аттың тұяғының дүбірін естиді деген ниетпен бәйге жолы зираттың жанынан өткізілеген.
Қазақ жерлеу дәстүрінде арнайы соғылған қоршауды қолдану үрдісі қалыптасты. Мәйіттерді жерлейтін аумақтың сыртында тас, құм немесе кірпіштен қалап үлкен қоршау жасайды. Оны кейбір өңірлерде, мысалы, Жетісу және Шығыс өңірлерінде қорған деп атайды. Оның орта тұсына кіретін есік орнатылады. Пішіні киіз үй тәрізді дөңгелек немесе төртбұрыш болып келеді.
Әрбір атаның өзінің қорғаны болған. Қауымның мүшелерін әлеуметтік дәрежесімен, ата-баба жолымен айқындалатын мәртебесіне қарай мұндай қауымдық зират ішінен дүниеден озғаннан кейін жерленетін орын алдын ала белгіленеді. Мысалы, жасы кіші болсада ата баласына зираттың төр жағынан орын белгіленеді. Қазақы дәстүр бойынша қауымдық зираттарда ерлі-зайыпты адамдар қатар жерленеді. Бір қоршаған зираттың ішіне топталған адамды жерлеу ерекше жағдайларда да орын алады. Мысалы, жаугершілік заманда жау қолынан қапыда мерт болып, шейіт кеткен жандарға арнап үлкен қоршау тұрғызып бір жерге жерлеу үрдісі қалыптасқан. Бұл жағдайда туысқандық принцип ескерілмейді. Бір мезетте көп адам қырғынға ұшыраған жағдайда оларды бір зиратқа жерлеген. Зұлмат, апат, табиғи апат, зілзала жаугершілік заманда дұшпандар тарапынан қырғынға ұшыраған жағдайда орын алған.
Шейіттерді еске түсірудің белгісі ретінде арнайы тұрғызылған зират (қорған) қоршауын айналдыра құлақ деп аталатын биіктеу үшкіл «белгі» жасаған. Олардың саны шейіт кеткен жандардың санымен бірдей. Егер шейіт болғандардың саны көп болса, мұндай құлақты зираттың (қоршаудың) бірнешеуі тұрғызылады. Мысалы, 1928 жылы Алтайдағы Белбұлақта отырған Зуқа батырдың ауылын шапқанда құрбан болған 61 жанға арнап кірпіштен қаланған қорғанға шейіт санына сай құлақ тұрғызған.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Зират, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.