Қоғамдық еңбек бөлінісінің пайда болуы және дамуы адамдар қызметінің алуан түрлерге жіктеліп, оқшаулануы негізінде жүзеге асады.
Қоғамдық еңбек бөлінісі – еңбек экономикасының және оның өнімділігін өсіріудің маңызды факторы. Қоғамдық еңбек бөлінісі мен ғылыми-техникалық прогресс арасында тығыз байланыс бар. Алғашқысы машиналық техниканың пайда болып, дамуы үшін жағдай туғызды, соңғысы еңбек бөлінісінің тереңдеуіне жол ашты.
Еңбек бөлінісі түрлі деңгейлер мен нысандарға ажыратылады. Мысалы, қоғамдық өндірістің ірі салаларға (егіншілікке, өнеркәсіпке, т.б.) бөлінуі жалпы еңбек бөлінісі, ал бұл салалардың түрлер мен қосалқы түрлерге (мыс, өнеркәсіптің немесе ауыл шаруашылығының салалар мен қосалқы салаларға) бөлінуі жеке еңбек бөлінісі; кәсіпорын ішіндегі еңбек бөлінісі жеке-дара еңбек бөлінісі деп аталады.
Тарихи тұрғыдан жеке еңбек бөлінісі кәсіптің аражігін, жеке-дара еңбек бөлінісі мамандық шеңберін айқындайды. Жеке-дара еңбек бөлінісі, біріншіден, еңбек өнімділігін арттырады, өйткені жұмысшы шектелген шеңбердегі жұмыстарды оңай игеріп, жақсы орындайды; оны дайындауға жұмсалатын шығындар қысқарады; машиналарды қолдану, сонан соң оны жетілдіруге алғышарттар жасалады. Екіншіден, соншалықты тар шеңберде мамандану жеке адамды қызықсыздау дене жұмысымен ғана шұғылданатын, кәсіби шектелген, кәсіпкерге тәуелді жұмысшыға айналдырады. Машиналық өндірісте машиналар арасында атқарымдарды бөлісу және жұмыскердің біліктілік деңгейі жалпы алғанда жоғарылайтынына қарамастан, кәсіптік шеңбердің тарлығы және ой еңбегі мен дене еңбегінің арасындағы бөлініс сақтайды.
Қоғамдық еңбек бөлінісінің даму үрдісі қоғам ішіндегі еңбек бөлінісінің және онымен байланысты нысандар (аумақтық, халықаралық бөлініс, өндірістің мамандануы) тереңдеп, өндірістің оқшаулануы мен бірігуі күшейе түсетінін көрсетеді. Кәсіпорындағы еңбек бөлінісінде, автоматтандырылу мен электронды құралдар енгізілуіне қарай ірілену үрдісі байқалады, мұның өзі жұмыскердің тар шеңберде мамандануынан арылу, дене еңбегі мен ой еңбегінің және осы еңбек қызметінің ұштасуы үшін негіз қалайды. Осы екі процестің де нәтижесінде өндірістік еңбек күштері өсіп, жоғары деңгейде ұйымдасқан қоғам қалыптасады.
«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Қоғамдық еңбек бөлінісі, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.