Күйме, Күймелі арба – адам отыруға лайықталған қорап немесе баспана орнатылған арба түрі.
Күйменің бағзы дәуірлерде қолданыста болғандығын жартас бетіне шекілген суреттерден көруге болады. Күйменің қарапайым түрлері ерте заманнан бері маңызын жоймай, ұдайы түрленіп кемелденіп отырған. Күйменің екі, төрт дөңгелекті арба үстіне үй, қос, кішкене қорапша орналастырған түрлері болғандығын археологиялық, тарихи, жазба деректерден айқындауға болады.
Грек тарихшысы Эфора (б.з.б. 405-330 жж.) скифтердің күймелі арбамен көшіп-қонып, сүтпен қоректенетіндігі туралы жазса, атақты Гиппократ (б.з.б. 377-460 жж): «..екі немесе төрт, алты дөңгелекті, жан-жағы киізбен қымталған күймелерден жауын да, күн де, жел де өтпейді. Бұл күймеге екі немесе үш қосақтап өгіздер жегіледі» – деген.
Көшпелі халықтардың күймелі арба түрлерін ертеден пайдаланғандығының бір тамаша үлгісі ретінде б.з.б. V ғ.-ға тән Пазырық қорғанынан табылған ғұрыптық күймені атауға болады.
Орта Азияны мекендеген көне тайпаларда сан ондаған дөңгелегі бар арбаның үлкен түрінің үстіне баспана тәрізді күрке тігілетіндігі және оның атан өгізге жегілгендігі туралы деректер бар.
Күйменің кейбір түрлері әскери мақсатта қолданылған. Академик Ә. Қайдаров болжамы бойынша, көне түркі тіліндегі доңғалақты күймені білдіретін «кангка» термині осы күнге дейін қазіргі қазақ тілінде «үйдің қаңқасы», яғни, «киіз үйдің сүйегі» деген мағынада да қолданылатындығын айтады.
Орта ғасырларда көшпелілердің тарих сахнасында дәуірлеген тұсында арбаның күймелі түрін ғана емес, тіптен үлкен киіз үйлерді арба үстіне тігіп көшіп жүретіндігі айтылады. Оны жүздеген өгізбен тартып қозғалтқандығы тарихи жазбалардан белгілі. Сондай-ақ, ертедегі қазақ жеріне келген шетелдік саяхатшылар деректерінде киіз үйлердің доңғалақты арбаның үстіндегісін де күйме, күймелі үй деп те атаған. Бұл күймелі үйлерге екі қатар етіп 22 өгіз жегілген делінеді. Гилем де Рубрук даладағы көшпелілер ағаш кеспектерінен құрастырылған, төбесінде оттық мұржа тәрізді дөңгелек түтігі бар баспаналары арба үстіне орналастырылатындығына, оны аппақ киізбен қаптайтындығы туралы жазады.
XIV ғ.-дың 30-жылдарында саяхат жасаған араб саяхатшысы ибн-Батута жазбасында күйме ішін киізбен және матамен қаптап сәндейтіндігін, онда жатып тынығуға, тамақ ішуге лайықталғандығына ерекше назар аударған. Рузбехан еңбегінде: «Шайбани хан Қасым ханның қазақ қоныстарына шабуыл жасап, ауылдарды тонап, 10000 күймелі үйді алып кеткендігін айта отырып, «Мен бұрын мұндай арба үстіне жасалған киіз үйлерді көрмеген едім. Бұл үйлердің жасалуының өзі бір тамаша, кейбір үйлердің алды-артында терезелері бар», – деп жазған.
Арба шанағының үстіне оның екі жағын, яғни, қанатын ұлғайтып, оған қалқан, қораб, тіптен төбесінде қалқаны бар етіп орнатылған қосымша құрылғыны қазақ ұғымында күйме деп түсінген. Жол жүрген кезде күйме ондағы адамға жайлылықты және тынығып демалуға мүмкіндік береді.
Күйме жас жұбайлардың үйлену алдында тұратын үйі есебінде қазақтарда ХVІІІ ғасырға дейін сақталған деген мәлімет те бар. Кейін оның құрылысы өзгеріске ұшырады. Сәнді етіп жасалған кіріп-шығатын есігі және перде тағылған ашық терезесі бар айрықша сәнді түрін «көк күйме» деп атады. Оны бекзадалар мен ауқатты қазақтар пайдаланғанға ұқсайды. Сондай-ақ, ауқатты қазақтар жаңа отбасын құрған жастарға арнап және сән-салтанатын көрсету үшін отбасы мүшелеріне арнайы тапсырыспен күйме жасатқандығы туралы ауызша деректер бар. Дегенмен, қазақ даласында қос дөңгелекті арбалардың көшіп-қону кезінде кең қолданыста болғандығын Ш. Уәлиханов қырғыздар туралы жазбасында шендестіру мысалында (қырғыздарда қосдөңгелекті арба жоқ дейді) айтылады.
Күн көзінен жаңбырдан және желдің өтінен қорғану мақсатында үсті киізбен немесе былғарыдан қорап пішінді етіп жабылған күйме түрімен бірге, көшпелі тұрмысқа икемделген қарапайым түрлері де болған. Оның кең таралғаны атан–түйенің үстіне орнатылған адам отыруға ыңғайлы, арқа жағы бітеу, басқа жақтары ашық, төбесінде қалқасы бар күйме. Бұл түрлі салтанаттарда, әсіресе қыз ұзату мен көш кезінде пайдаланылған. Әсіресе, көш салтанатының айғағы орнында жүретін қарқара тағылған күйменің ХХ ғ.-ға дейін қазақ арасында дәстүр жалғастығын үзбегендігі туралы ауызекі деректерде көп айтылады.
Арада ұмыт болған көліктің ерекше түрі жазушы С. Мұқанов күйменің төрт доңғалақты, үсті былғарымен қапталған, сәнді түрі қазақ жеріне орыс саяхатшыларымен келген дейді. Ондай әр алуан күймелі арба түрлерін қазақтың ауқатты тобы жатсынбай қабылдады. Олар пәуеске (повозка), төбесі ашық түрі – пайтон (фаэтон), жартылай жабылған жеңіл арба түрі – бірішке (бричка), төрт доңғалақты атқа жегілетін түрі – тарантас деп атағанымен, қазақтар оны, көбінесе, күймелі арба деп қабылдады. Кейін қазақ арасында дәстүрлі күймелі арбаның қарапайым түрлері көшіп-қону кезінде ас-су, ыдыс-аяқ артуға пайдалану үрдісі сақталған.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Күйме, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.