Киіз үй жиһаздары мен бұйымдары - үй тұрмысында қолданылатын жабдықтар, халық арасында олардың алуан түрлері бар.
Кейбір түрлері қазіргі заманға дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ.
Әбдіре - киім-кешек немесе басқа да бағалы бұйымдарды сақтауға арналған сандық. Оның көлемі әртүрлі болады. Әбдірені мықты, әрі жеңіл ағаштан тегістеп-жонып тақтай дайындап, содан қиюластырып жасайды. Бір түсті сырмен боялып, алдыңғы беті сәнді болуы үшін түрлі өрнектермен әшекейленген, жұқа қаңылтырмен қапталады. Қозғауға ыңғайлы болу үшін екі бүйіріне қос-қостан төрт тұтқа орнатылып, қақпағына құлып салынады.
Ағаш төсек - адамның жатып тынығуы үшін пайданылатын үй жиһазы. Ағаш төсектің қазақ үлгісіндегі түрі - қайқыбас төсек. Ол негізгі үш бөліктен:
Төсекті кептірілген қатты ағаштың (қайың немесе емен) тегістеп, өңделген тақтайынан жасайды. Төсектің басы, аяқтары мен оған көлбей бекітілетін жастықша бөлігі қиюластырылып, біртұтас етіп дайындалады. Сәнді болу үшін оның бетін әр түрлі бояулармен өрнек салып сырлайды не өрнектелген бұйыммен әшекейлейді.
Адалбақан - киім т.б. үй мүліктерін ілуге арналған жабдық. Адалбақан көбінесе бұтағы көп балапан қайың немесе шыршадан (самырсыннан) жасалады. Жас ағашты кесіп алып,қабығын аршығаннан кейін, оның бұтақтарын түп жағынан бір сүйемдей қалдырып, ұшын кесіп тастайды. Енді сол бұтақ түбірлерін бақанның жоғарғы ұшының бағытымен майыстырып иеді де, ұштарын қайыспен не мықты жіппен бақанның дініне таңып, көлеңкеде кептіреді. Иілген бұтақтар жазылып кетпейтіндей болып әбден кеуіп қалыптасқан кезде таңғышты шешіп алып, оның ұштарын үшкірлеп жонып ілгек жасайды.Сәнді болу үшін, оның сыртын бояулармен өрнектеп сырлайды, бүршікбас алтын, күміс шегелермен нақыштайды.
Кебеже - азық -түлікті сақтауға арналған,сандыққа ұқсас ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Оның қақпағы сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы да болып келеді. Жармалар не көлденең кергіш ағашпен, не таспамен жалғастырылады. Кебеженің беті де кейде сырмен, кейде сүйекпен ою салып өрнектеледі.
Жастықағаш - жер төсекте жатқан адамның басын биіктету үшін жастықтың астына қоюға ыңғайлап жасалған тиянақ ағаш. Жастықағаш - кәдімгі ағаш төсектің сыңар басы (жоғарғы басы). Оның екі аяғы, жастықты жерге түсірмей тұратын тақтай кермесі және жастықтың астына қоюға лайықтап жасалған көлбеу тақтай төсеніші болады. Жастықағаш тұтас, ағаш төсекке қарағанда әрі ықшамды, әрі жеңіл болғандықтан, көшпелі тұрмыста көп пайдаланылған.
Жүкаяқ - жиған жүктің астына қоюға арналған ағаш тұғыр. Жүкаяқ кепкен, мықты әрі жеңіл ағаштан, өңделген, тегіс тақтайдан жасалады. Ол негізгі уш бөліктен: жанағаштан (алдыңғы және артқы беттер), аяқтан, шабақтан тұрады. Жүкаяқтың пішіні екі түрлі болады:
Қайқыбас жүкаяқ кәдімгі қайқыбас төсекке ұқсайды. Жүкаяқтың алдыңғы беті бір түсті сырмен боялып, оған кейде түрлі-түсті бояулармен өрнек салады не өрнек салған сүйекпен қаптап әшекейлейді.
Сандық - киім-кешек, тағы басқа да заттарды салуға арналған, ағаштан жасалған бұйым. Сандық - халықтар тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Көшпенді халық үшін ол өте-мөте қолайлы болған. Сандықтың аузына көбінесе ішкі құлып, кейде аспа құлып орнатылады. Сандықты жерге қойғанда түбі дым тартпау үшін, оның астыңғы төрт бұрышымен үйлестіре тақтайдан бұрыштап аяқ орнатады. Сандықтың беті әр түрлі бояумен сырланып, не өрнектеледі не айшықты қаңылтырмен, кейде өрнекті сүйекпен қапталады. Сандықтың екі бұйіріне тұтқа орнатылады.
Сандыққап - сандықты бүлінуден сақтау үшін сыртына кигізетін киіз қап. Киізді сандыққа өлшеп пішіп, сандықтың қақпағына тура келетін бетінен сандық сиярлықтай ауыз қалдырады да, қалған қосындыларын шуда жіппен тепшіп тігеді. Жүкке жиналған сандық қап кигізілген кезде де сәнді көріну үшін сандыққаптың алдыңғы бетіне кесте тігіледі, түсті асыл мата тұтылады. Сандыққаптың сандық тұтқасына дәл келетін тұсы өлшеніп тесіліп, тұтқалар сыртқа шығарылып қойылады. Бұл сандықты қабымен көтеруге қолайлы болады. Сандыққаптың аузы матадан ызылған баулар немесе түйме арқылы жабылады.
Асадал - тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған кебеже тектес ыдыс. Асадал мықты әрі жеңіл ағаштан жасалады. Асадалдың түбі оның ішкі жағындағы жиекшелерге тірей орнатылатын қалың тақтаймен, үстіңгі беті жұқалау тақтаймен жабылады. Алдыңғы бетінде топсамен бекітілген бір кейде екі жармалы есігі және суырмасы болады. Асадал сәнді болу үшін оның бетін әр түрлі бояулармен өрнектеп сырлайды не сүйекпен өрнектеп әшекейлейді. Асадалдың үйдегі орны - қазан-аяқ (сол жақ) жақ.
Алаша - әртүрлі жүннен немесе әртүрлі түске боялған мақта мен жүннен тоқылған төсеніш. Оны екі түрлі әдіспен: түрлі -түсті жіптерді жарыстыра жолақ жасап, әртүстерін, көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды. Алғашқысын жолақ алаша, соңғысын терме алаша деп, кейде кілем алаша деп те атайды. Алаша енсіз тоқылғандықтан төсеніш, тұс кілем, қоржындар жасағанда бірнеше ендерді біріктіріп тігеді.
Бөстек - адамдардың астына төсеуге арналған жұмсақ төсеніш. Ол малдың (көбінесе ешкінің) не аңның иленген жұмсақ терісіне киізден астар салып жасалады.
Жастық - адамның басына жастауға арналған үй жиһазы. Жастықтың ішіне көбінесе құстың мамығы салынып, сырты матамен тысталады. Оны "бидай шүберек" деп атайды. Бидай шүберектің сырты әр түрлі асыл маталармен қапталады. Оны "жастық тыс" деп атайды. Жастық тысын шешіп ауыстырып отыруға қолайлы болу үшін, кигізетін аузына түйме қадалады, не бау тағылады. Құстың мамығынан жасалған жастықты "құс жастық" дейді. Жастық көбінде бір кісілік болады. Ал оның салт атқа мінгенде ер үстіне салатын түрін "көпшік" деп атайды.
Көрпе - матаның арасына мақта немесе жүн (әсіресе түйенің) салып тіккен жамылғы әрі төсеніш. Ол жамылғы көрпе және төсек (төсеніш) көрпе болып бөлінеді. Көрпенің астары жай ғана матадан, тысы асыл матадан тігіледі. Жамылуға арналған көрпе бір кісілік, екі кісілік болады. Төсек көрпенің сыртқы астарын маталардың қиықтарынан құрап тіксе, оны "құрақ көрпе" дейді. Жамылғы көрпенің ұзындығы кісінің бойына лайық етіп жасалады. Баланың бесігіне жабатын көрпені "бесік көрпе", бала орауға арналған көрпені "орауыш көрпе" дейді.
Құстөсек - құс жүнінен (мамығынан) жасалған жұмсақ төсеніш. Құстөсектің үлкендігі оны төсейтін төсектің үлкен-кішілігіне қарай әр түрлі болады. Қалың матадан ұзындығы мен ені төсекпен бірдей етіп үлкен қанар тігеді де, оның ішіне құстың жүнін толтырады. Құстөсектің сыртын тағы бір асыл матамен тыстайды. Құстөсектің ішіндегі мамық адамның терімен дымқыл тартып, ұйысып қала береді. Сондықтан оны апта сайын қағып-сілкіп, мамықтың ұйысқанын жазып, күн көзіне қойып, желге қақтырып алып отырады. Құстөсек тек жұмсақтығымен ғана емес жылу сақтағышымен де құнды.
Сырмақ - киізден сырып, оюлап жасалған төсеніш. Сырмақты түрлі-түсті киізден ойып, өрнек салып та, сондай-ақ шымқай ақ киіздің бетіне ақ, қызыл, сары маталардан ою бастырып та тігеді. Сырмақ жасау үшін алдымен ою-өрнек салынған үлгісі дайындалады. Мұндай үлгілерді жасауға қалың қағаз картон, жұқа пластмассалар дайындалады, пластмассадан жасалған үлгілерді бірнеше рет пайдалануға болады.
Сырмаққа керекті ақ, қара киіздер бөлек-бөлек дайындалады, сондай-ақ, олар жұқа, әрі тығыз басылуы керек. Киіз басылып біткен соң, ақ мен қара түрлерін бір-біріне беттестіріп, үстіне алды ала дайындалған ою-өрнектері салып айналасын қарындашпен сызып, суреттің ізін түсіреді. Түсірілген із бойымен екі киізді бірден ойып шығады да, ақ киіздің ойылған оюын қараға, қарасын ақ киізге салып қиюластырып тігеді. Құрастырылған екі түсті киіздің оюын сол қалпымен тұтас үлкен киіздің үстіне салып жапсырады. Оюлардың құрастырылар жерінің үстін бастыра жиектейді. Біріншіден жіптің бояуы ақ, қара киіздің түсінен басқа ашық түсті болады, сонымен қатар жиек бірнеше жіптерден қабаталып иіріледі. Үй тұрмысында сырмақ, текеметтей емес, тұтынуғы мықты, төзімді болады. Сырмақтың оюларын құрастырып, үстінен басып тігіп болғаннан кейін, ақ киіздің үстін ақ жіппен, қара киізді қара жіппен жөрмеп тігеді. Осы әдіспен тігілген сырмақ шымыр, қатты болады.
Сырмақ жасау өнерінде "қошқар мүйіз" ою-өрнегі көп қолданылады, олар өте дәлдікпен орналасып, бір-бірімен жалғасып ұласып жатады. Қазақстанда жиі кездесетін сырмақтарда үш-төрт ою бірігеді де, бір квадрат немесе ромбы құрайды.Бірақ та "қошқар мүйізден" басқа өрнектер пайдаланылмайды деп кесіп айтуға болмайды, мысалы, Павлодар облысында жасалған сырмақтардың бетіндегі ою-өрнектерде әр түрлі гүлдердің бейнесі көп кездеседі.
Сырып тігудің екі түрі болады:
Текемет - бетіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз. Оның күзем жүннен басылған талдырма бетіне ақтай немесе қызылға, көкке, қараға не басқа түске боялған жүнді әр түрлі өрнекпен тартады. Текемет басылатын жүнді де киіз басылатын жүн сияқты көпсітеді. Текеметті де киіз басқандай әдіспен басады. Алғашқы жартылай басылған түрі "талдырма" деп аталады. Бұл әлі толық басылып, қатаймаған кезі. Оны оюлы түр салуға негіз ретінде кептіріп, құрғатып дайындайды. Текемет мықты болуы үшін жартылай басылған екі киізді беттестіріп білектейді. Ою-өрнек негізгі талдырмаға салынады. Текеметтің бірнеше түрі болады. Олардың ішінде шашақты текеметті қымбат маталармен безендіріп жасайды. Мұндай текеметті халық жоғары бағалаған.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Киіз үй жиһаздары мен бұйымдары, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.