Ақ Орда — Алтын Орданың шығысындағы протоқазақтық ұлыс, кейіннен тәуелсіз мемлекет.
XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан Шағатай мен Жошы ұлыстары тарихы аясында дамыды. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы түркілік ру-тайпалар қауымдыстығы ретінде жылқы шаруашылығы, қала мәдениеті мен сәулетшілік өнер, сауда-керуен жолдарын дамытумен болды. Көптеген ұлыстардың жегілікті билеуші әулет өкілдері, билері мен батырлары әлеуметтік ортасын құраған. Хандардың бір ордасы Ақ Орда деп аталды. Ол Жайық өзенінен Ертіске, Батыс Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін көшіп жүретін хандардың ордасы еді. Ақ Орданың орналасатын ірі қаласының бірі Сырдария өзенінің орта ағысы бойында орналасқан Сығанақ қаласы болды.
Ақ Орданың халқы - ноғайлы-қыпшақтар жұрты болды. Ол қыпшақ қауымдыстығы құрамында арғын, жалайыр, наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар болды. Ақ Орда хандары - Орда-Ежен, Сартақ, Баян, Сасы Бұқа хан, Ерзен, Мүбәрәк Қожа хан, Шымтай хан, Ұрыс хан, Құйыршық хан, Барақ, Керей, Жәнібек және т.б.
Ақ Орданың күшейген кезі XIV ғ. II жартысы. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Ұрыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағын иемденуге күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 жылы Ұрыс хан қайтыс болды.
Ақ Орда иелігі енді Ұрыс ханның баласы Темір Мәлікке көшті. Бірақ осы кезде Маңғыстау үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті Түй хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды. Өзін 1379 жылы Ақ Орда ханы етіп жариялайды. Ақ Орда әмірлерінің қолдауына ие болған ол, 1380 жылы Сарайды, Қажытарханды, Қырымды және Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 жылы Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі себебінен мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қамқорынан босануға тырысады. Бірақ, 1380, 1391, 1395-жылдары Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қирайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. соңы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсіреп қалады.
1423-1424 жылдары Ұрыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Орда да хандықты өз қолына алды. Алайда, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, Сырдың орта ағысындағы аудандар Темір әулетінің қолында еді. 1425-1426 жылдары Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сыр бойындағы басқа да қалаларды босатты. Жорықта жүріп Барақ қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтың билігі Шайбани әулетіне көшті. Барақ өлген соң олар Ақ Орданың елеулі бөлігін жаулап алды. Сөйтіп, 1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде пайда болған Ақ Орда екі ғасыр өмір сүрді.
Ақ Орданың отырықшы аудандарында жерді шартты түрде иелену мен жеке меншіктің түрлері қалыптасты. Мал шаруашылығы да дамыды. Жер иеленушіліктің інжу, милк, сойырғал сияқты түрлері және тархандық сый тарту болған. Ақ Орданың еңбекші халқы хандар мен ақсүйектер пайдасына күпшір, зекет, тағар тәрізді салықтар төлеп тұрды. Ақ Орданың ресми тілі қыпшақ тілі болды.
Әуезов «Әдебиет тарихы» атты монографиясында (1927) Ақ Орда тұсындағы тарихи оқиғаларды талдай келе, көп дәуір «исі түркі жұртының бірлігі мен елдігін ойлаған ұлы батырларды туғызды» деген пікір түйеді. Ондай шығармалардың қатарына «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Ер Сайын», «Шора батыр» жырларын жатқызады. Жазушы бұл тұжырымын: «Батырлар әңгімесінің басы ескі түркі бірлігінің заманындағы әңгімелерден шығады. Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түрік жұртының ескілігі деп саналуға керек. Бұрынғы түрік, моңғол дәуірі жүрген заманда «Алтын Орда, Ақ Орда күндері» айтылатын жерлер бар.
Ноғай, Қырым, Қыпшақ, Қырғыздардың бір жалаудың астында бір ел болып жүрген кездерін айтады. Бұл түрік жұрттарының жік-жікке бөлінбей тұрған күндері бірін-бірі жат демей, бауыр көріп журген кездері. Қазақтағы батырлар әңгімесінің осы кездерде шыққаны бір жік болып, кейінгі замандағы шыққандары екінші бір жік болады. "Алғашқы жіктегі - ұлы батырлар" деп одан әрі дамытады. Осы еңбекте түркі тілдес халықтардың бірлігін аңсаған тарихи жырларды ерекше бөліп қарағаны үшін оған 1927-1932 және 1945-1951 жылдары «Ұлтшыл - ұлы түрікшіл», «Алтын Орда» мен «Ақ Орда» дәуірінің тұсындағы хандықты көксеп отыр» деген айып тағылды.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Ақ Орда (мемлекет), which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.