Байзақ Мәмбетұлы, Байзақ датқа (1789, Тараз — 1864, Шымкент) — Қазақстанның оңтүстік өңірінде Қоқан хандығына және Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы батыр, Тараз аймағында елді отырықшыландыруға көп күш жұмсаған.
Шыққан тегі: Ұлы жүз құрамындағы Дулат тайпасы, Шымыр руынан.
Одан Бекболат, Жиенбет, Сәмбет, Мәмбет тарайды. Мәмбеттен Байзақ туған. Байзақ жасынан атбегі, құсбегі, мергендікті меңгерген. Шешен, билер, ел басқарған беделді кісілердің жанында жүрген. Өсе келе ауыл ағасы, жүзбасы, мыңбасы болған. Елді кәсіппен айналысуға отырықшылыққа арық қаздырып, егіншілік ұйымдастырған. Байзақ Мәмбетұлы туған өлкесі Қоқан хандығына да, Ресейге де қарамай тұрған тәуелсіз кезде ер жетіп, ел басшысы ретінде қалыптасқан. Оңтүстік өңірді Қоқан хандығы басып алғаннан кейін, ағасы Байтерекпен бірге сұлтан Рүстем Асфендиярұлы бастаған көтеріліске (1821) қатынасады. Көтерілісшілер қатты жазаланса да, Байзақ Мәмбетұлы беделді адам ретінде, өз руластарына датқа болып тағайындалады. Байзақ Мәмбетұлы датқа Қоқан отаршыларының айтқанына көнбей, қазақтардың мүддесін қорғай отырып, тәуелсіз саясат жүргізуге ұмтылады. Отаршыларға қарсы күресте Кенесары Қасымұлының сенімді серігі ретінде әйгілі болады. Оның сарбаздары Кенесары қолына қосылып, Қоқанның бірнеше бекінісін алды (1841), Созақ аймағын азат етуге қатысты. Қазақтар мен қырғыздардың Қоқан хандығына қарсы көтерілісіне басшылық жасады (1858). Патша генералы Колпаковскийдің әскеріне қарсы Алматыға жақын Ұзынағашта болған соғыс қимылдарына өз қолымен келіп қатысқан. Әкесі Мәмбет пен Абылай ханның өсиетін ұстап, қазақтың “арқасын тамға, аузын нанға сүйеу” жолында өмір бойы еңбек етті. Жергілікті халықты егіншілік кәсіпке үйрету үшін кезінде 160 км канал қаздырған. Оның игілігін Әулиеата (қазіргі Тараз) төңірегіндегі халық күні бүгінге дейін көріп отыр. Байзақ Мәмбетұлы датқа Қоқан хандығының әкімі Әлімқұлдың бұйрығымен зеңбірек аузына байланып атылды. Оның быт-шыты шыққан денесінен қалған екі саусағы Талас өзеннің жағасындағы Сарыкемер ауылының маңына жерленді. Жамбыл облысының бір ауданы Байзақ Мәмбетұлы есімімен аталады.
Елі сыйлаған, тыңдаған Байзақтың сол абырой, атағын, қадір-қасиетін, шешендік, батырлық, қабілетін білген Қоқан бектері оны датқа, би етіп, сол өңірді баскаруды тапсырады. Сөйтіп олар Байзақ датқаның беделін пайдаланып, алым-салық, зекетті мол жинамақ болады. Жинайды да. Осы бір ауыр тауқыметті, ел тұрмысының күйзелген халін сезінген Байзақ датқа кейін Қоқан бектеріне қарсы шығады. Ел-жұрт Байзақтың айтуымен алым-салық төлеуден бас тартады. Елді қоқандықтар қанауынан құтқару үшін Ресейге қосылуды қолдайды. Сол мақсатпен ол Сұраншы, Сарыбай Тезек төремен бас қоса ақылдаса отырып, Жетісу, Әулиеата, Шымкент аралығындағы соғыстарға қатысады. Оның кейбіріне өзі тікелей басшылық етеді. Баласы Ақмолда батыр өз жасағымен Ұзынағаш, Бішкек, Меркі, Әулиеата қалаларындағы соғыстарға қатысып, ерлік көрсетеді. Байзақ датқа сол жолы Шоқан Уәлихановпен танысып, пікірлеседі. Осының барлығын белгілі жазушы Сәуірбек Бақбергенов өзінің "Ақбоз атты ару" (1986) романында жан-жақты суреттеген. Романның 124-128-беттерінде Байзақ датқаның кескін-келбетін, ақыл-парасатын, баласы Ақмолдаға айтқан сын-сыйпатын, әкелік парызын автор былайша кескіндепті. "...Байзақ ерен биік, орта бойлы екі жігіттің бойындай бойы бар, көбеңге біткен сәмбі талдай түп-түзу, іші жоқ, иығы тік, жауырыны дөп-дөңгелек, төңкерген қазандай, кеудесі аяққаптай апай төс кісі. Атқа мінсе де, төрде отырса да, топ бастап жаяу жүрсе де елден ерек көзге түсіп, бәрінен оқшау тұратын. Енді, міне, қартая бастаған шағында нақ қасынан тағы бір өзі сияқты солқылдақ көк теректің өсіп келе жатқанын байқап, іштен шүкірлік етіп, қуанатын. Әке деген қызық, қуана тұрып, күдіктенетін.
Әке көпке дейін үнсіз қалды. Әлден уақытта баласына бүтін денесімен ат үстінен бұрыла қарап:
Қаратау мен Алатаудың құз-қиясына балапан салған бүркітті талай-талай көрген әке емес пе, баласын ауыр да соңғы сыннан өткізбек еді.
Бала үндеген жоқ. Әкесіне қарап еді, ол шанында да, томағасын сыпырып тастаған кәрі бүркіт сынды екен. Көзінің жиегі қызарған, беті айқыш-ұйқыш әжім, мұрны дөң, қоңқақ, мойны қыртыс-қыртыс, жүні түлеген тазқараның алқымына ұқсайды. Саусақтары тасқа, түғырға көп жармасып, талайды бүрген қыранның тұяғы тәрізді тарам-тарам, айғыз-айғыз еді, әлдеқандай сафиянмен қаптағандай сап-сары, бұж-бұж екен. Әке мен бала тау етегіне ілікті.
Байзақ датқа 75-ке қараған жасында қоқандықтардың қолынан опат болады. Оған өшіккен Қоқанның бектері батырды алдап, Шымкентке шақыртып алады да, тірідей балталап шауып өлтіреді. Денесін өртеп, күлін зеңбірекпен аспанға атады. Сөйтіп ел-жұртты үрейлендіреді. Кейін ағайын-туыстары Байзақ датқаның шауып тасталған жалғыз шынтағын тауып алып, еліне апарып жерлейді. Ол белгі-мүрде Михайловка селосынан 12 шақырым жерде тұр. Бүгінде датқаның басына ескерткіш орнатып, күтімге алынған. Байзақ Мәмбетұлы зерттеліп, жазылуға тұрарлық халқымыздың белгілі-беделді ел қамқоры болған азаматы. Оның есімі Жамбыл облысы Свердлов ауданына берілді. Байзақ датқа айтыпты дейтін кесімді, әділ, тапқыр билік сөздері ел арасында аз емес, бірақ ескеріліп жиналмаған, архивке, қолжазба қорына түспеген.
Ел арасынан біз жазып алған бірер шешендік, тапқырлық сөздер мыналар:
Қоқандықтар билеген заманда, бір күні Байзақ баланың үлкен атасының үйіне бес-алты зекетші келіпті.
Жалғыз сиырдың сүтіне қарап отырған жарлы шал қалай мақұл дей қойсын, қатты сасыпты. Сол кездің өзінде-ақ шешендігімен аты шыққан қаршадай Байзақ бала әлгі зекетшілердің үстіне келе қалса, жасы үлкендеу біреуі:
Сонда бала тұрып:
дегенде, әлгі зекетшілер үйден құр қол шығып жүре беріпті.
Байзақ датқа сайланған алғашқы жылдар екен. Әкесінен бөлек ауыл болып ақ орда көтеріп, ел басқарып жүреді. Бір күні үйіне әкесі келеді.
Байзақ датқаның айтуынан қалған қанатты нақыл сөздер де баршылық, солардың кейбірі мыналар:
Байзақ датқа жөнінде жоғарыда аталған жазушы С. Бақбергеновтың романында және Қазақ энциклопедиясында (2-т. 85-бет.) қазақ хандар тарихына байланысты ("Казахско-русские отншения ХVІІІ-ХІХ в.в сб. документов и материалов". Алматы, 1964 г.) жинақта жазылған. Әсіресе, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанқара Дәдебаевтың әулие ата туралы қомақты еңбегінде жанжақты зерттелген. Бұл жағынан Абылайханның әулетімен, екінші жағынан Мәделі қожа әулетімен туыстық қарым-қатынаста болған. Сондықтан да болар. Мәделі қожа мен Майлықожаның шығармашылык мұрасында Байзақ датқаның өзі мен айналасы туралы деректерге кең орын беріледі. "Қараның өтті хандары" деген шығармасында Майлықожа қара халықтан шығып, хан болған ірі елбасылар жайында толғай отырып, Мәмбет бидің әулетіне ерекше көңіл бөледі.
деп, ақын Мәмбет бидің кіндігінен тараған ұрпақтарының өсіп-өнген тұтас бір ел болғанына сүйсінеді. Сондай-ақ ақын бұл елдің ортасынан атағы алты алашқа шыққан батырларды да даралап көрсетеді:
Ақын сөзінің жалғаны жоқ. Байзақ жасы ұлғайып, билік іске көшкенде, жауға шапқан батырлық істі Ақмолда атқарды. Ақмолдаға қатысты ақындық мадақ сөздің негізінде осындай шындық жатыр. Майлықожа Байзақ пен Батырбек арасындағы талас-тартыс жайын да назардан тыс қалдырмайды, екі датқаның бір-біріне ашуының калың жұртқа жарты ғасырлық ауыр жүк болғанын бейнелі түрде баяндайды:
Тарих деректерінде екі датқа арасындағы текетірестің бір ғана қыры, бір мезеттік көрінісі ғана сақталған. Ол Қоқан мен Ресей, Коқан езгісі мен Кенесары-Наурызбай көтерілісі тұсындағы оқиғалар тобына қатысты. Ақын бұл екі "наһан" арасындағы қырын-қабақ жанжалдың жарты ғасырлық тарихы барын нұсқайды, әрі олардың арасындағы мұндай тартысты тарихи-әлеуметтік, саяси сипаты жоқ "ашу" деп қана бағалайды. Енді бір тұста Майлықожа Байзаққа деген өзінің құрметін ашық білдіреді:
Екі тармақ өлең Майлықожаның Байзаққа деген аса құрметі мен ықылас-пейілінің тазалығын анық танытып тұр. Бұл сөздерде ақынның Байзаққа сүйсіну, оны құрметтеу сезімі мөлдіреп тұнып жатыр десе болғандай. Осы тұста ақиық айтыскер ақын Сүйінбайдың Байзақ туралы:
деген жыр жолдары еске түседі. Екі ақын да өздерімен заманы бір, ортасы бір Байзақтың адамдық, азаматтық қасиетін, кісілгін өлшеусіз жоғары бағалайды. Майлықожаның "Сайлаудың сақтан, - жұртым, сарсаңынан" толғауында Байзақтын балалары Ақмолда мен Тайымқұл арасында болыстық мансап үшін талас туғаны туралы айтылады. Майлықожа шығармаларының екінші кітабында бұл толғауға мынадай сипаттама берілген: "Дулат Байзақ датқаның баласы Ақмолда болыс болып жүргенде, бір сайлауда оның шешесі бөлек інісі Райымқұл болыстыққа таласады. Халық Ақмолданы сайлайды. Сонда да Райымқұл болыстықты қимайды. Бұл әңгімені Сыр жағында жатқан Майлықожа естиді. Майлықожа осыларды татуластыруға келсе, Райымқұлдың Сыздық деген баласы қайтыс болған екен. Сонда Майлықожа Райымқұлға көңіл айта отырып, Ақмолда екеуін татулыққа шақырган... Ақмолда мен Райымқұл арасындағы мұндай іс бұрын баспасөз бетінде жарық көрген еңбектердің бір де бірінде баяндалмаған болатын. Майлықожаның толғауы Байзақтың екі ұлының өмірі, тұрмыс-тіршілігі жайында тың деректер береді. Байзақтын туыстық айналасын тануда толғау жүйесінде көрініс тапқан мәліметтердің де маңызы зор. Толғауда Райымқұл, Ысмайыл, Төрегелді, Жүсіп, Назар бірдей аталып, ақынның тоқтам салып, татулыққа шақырған тілегі солардың бәріне бірдей арналады:
Ақын ағайынды кісілерді татулыққа шақыра отырып, Ақмолда, Төрегелді, Райымқұл - Байзақтың осы үш баласының шағын образын жасаған. Ақмолда туралы ақын былай жырлайды:
Толғауда Райымқұл бейнесі де жарқырап көрініс тапқан:
Ақын Райымқұлдың мінез-құлқындағы, іс-әрекетіндегі бірнеше белгілерді даралап көрсетеді. Толғауда едәуір толық тұлғаланған образдардың бірі - Төрегелді образы. Төрегелді де Ресей - Қоқан - Қазақстан арасындағы соғыс ісіне араласқан, әкесі Байзақ, інісі Ақмолдамен тізе қосып, қатар жүрген белгілі батыр. Ол туралы архив құжаттарында бірқатар деректер сақталған. Майлықожа Байзақ балаларының ішінде Төрегелдіні айырықша айбарлы етіп суреттейді.
деп, Байзақ балаларының ішінде елге қариялық айтып, жол көрсетуге Төрегелдінің лайықты екендігін ақын ашық білдірген.
секілді жыр жолдары Төрегелдінің батырлығына қоса ақылға бай, пайым-парасаты терең кісі болғанын аңғартса керек. Байзақ пен оның айналасы туралы шығармалардың маңызы мен мәні екі тұрғыда айырықша жарқырап көрінеді. Оның бірі - тарихи-танымдық тұрғы. Ақын-жыраулар Байзақ және оның айналасы туралы жырлай отырып, сол дәуірдің ірі тарихи оқиғаларына да назар аударды.
Бұл мақалада еш сурет жоқ. Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Байзақ Мәмбетұлы, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.