Қазақ Халқының Этнографиясы

Этнография- халықтардың қоғамдық құрылысы туралы ғылым, гректің «этнос»-халық, «графо»-жазу, үйрену деген сөзінен құралған.

Этнография ғылымы туралы түсінік.

Өзінің мағынасы бойынша этнография- халықтардың қоғамдық құрылысын, олардың арғы- бергі тегін, өзара қарым-қатынасын, материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін ғылым.


Қазақ этнографиясын зерттеуші ғалымдар.

Қазақстан этнографиясын зерттеуші ғалымдар- П.Н.Рычков, А.И.Левшин, В.В.Радлов, Н.А.Аристов, А.Н.Харузин, Ш.Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, Ә.Х.Марғұлан, Х.А.Арғынбаев, Ө.Жәнібеков, М.С.Мұқанов және т.б. Олар өз еңбектерінде қазақ халқының ертеден келе жатқан аңыз-әңгімелері, отбасы мен неке қию ерекшеліктері, қолөнері, ою-өрнектері, ұлттық ойындары, эпостық жырлары, және музыкалық аспаптары туралы тарихи-этнографиялық зерттеулерін жүргізді.


Ш.Уәлиханов.

Этнография тарих ғылымының бір саласы ретінде дүние жүзіндегі халықтардың қоғамдық тұрмысын және мәдениетін түбегейлі зерттейді.

Тұрмыс дегеніміз- әрбір халықтың ғасырлары бойы қалыптасқан, сан-салалы тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, күнделікті өмірі, ұлттық ерекшелігі. Дүние жүзін мекендеген сан жағынан азды-көпті халықтардың әрқайсысының ғасырлар бойы қалыптасқан тек өзіне лайықты тұрмыс ерекшелігі бар. Сол ерекшеліктер арқылы бір халық екінші халыққа ұқсамайды. Әдет-ғұрып ғасырлар бойы сол халықпен бірге өмір сүреді.

Этнография халықтардың тұрмысындағы ұлттық ерекшелігіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына басқа да халықтармен салыстыра көңіл аударып, жалпы, сол халықтың мәдениетінің нақты даму жолын анықтайды. Бір халықтың тұрмысын зерттегенде, сол халықты басқа да халықтармен, әсіресе, көрші халықтармен салыстыра зерттеген тиімді. Себебі қандай халық болса да, өзге халықтармен араласпай отыра алмаған. Мұндай қарым-қатынас олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей байланысты жүзеге асырылған.

Әр халыққа тән белгілердің елеулі тұрақтылығы, әдетте, көптеген ғасырлар бойы сақталады. Әр этностың белгілі бір ішкі бірлігі болады, сондай-ақ оны осындай сипатта пайда болған басқа барлық этностардан айырып тұратын өзгеше сипаты да болады. Мұның өзінде жеке этносты құрайтын адамдардың өзіндік сана-сезімі, тіршілігі, әдет-ғұрпы, жалпыұлттық ерекшелігі қалыптасады.


Этнос белгілі бір тарихи мекенде өсіп-өнген, ортақ және орныққан тілі, мәдениеті, ойлау жүйесі өркендеген, сондай-ақ өздерінің біртұтастығын әрі өзгелерден ерекшелігін сезінетін сана-сезімі қалыптасқан әлеуметтік қауым. Этнос мүшелерінің тұрмыс-салтының әр түрлі салаларында көзге түсетін ортақ белгілері мен айырмашылықтары бар. Сол салалардың ішіндегі аса маңыздысы- тіл. Тіл тиісті этносқа жататын адамдардың негізгі қарым-қатынас жасайтын құралы ретінде қызмет етеді. Ол басты этностық белгілердің бірі. Осы белгілерге қарай отырып, халықтардың арасындағы тарихи өзара байланысын, туысқандығын, әрі шығу тегінің жақын-алыстығын, шаруашылық, мәдени ұқсастығын байқауға болады.


Жер шарындағы халықтар екі мыңнан астам тілде сөйлейді. Тілші ғалымдар барлық халықтардың тілдерін морфологиялық және генеологиялық ұстанымдар бойынша негіздеп тіл отбасына бөледі. Дүние жүзіндегі халықтардың тілдері 20-дан астам үлкен тіл отбасына бөлінеді.

Рухани және материалдық мәдениет.

Этностардың өмір сүруі үшін тілмен қатар мәдениет жетекші рөл атқарады. Мәдениет деген түсінік кең және тар мағынада қолданылады. Мысалы, ауыл шаруашылығында егілетін әр түрлі дақылды, өсімдік түрлерін де мәдени дақылдар деп атайды. Бұл мәдениет сөзін тар мағынада қолдану. Ғылыми тілде «мәдениет» ұғымын кең мағынасында қолданып, адам баласының қажырлы еңбегінің нәтижесінде пайда болған материалдық және рухани байлықтардың жиынтығын айтамыз. Сөйтіп, жалпы мәдениетті заттай және рухани деп екіге бөлуге болады. Адамдардың еңбек етуінің арқасында жасалған бұйымдарды-заттық (материалдық) мәдениет деп атаймыз. Оған: әр түрлі еңбек құралдары, тұрғын үйлер, киім, үй ішілік бұйымдар, т.б. жатады. Ал адамдардың ақыл- ой еңбегінің нәтижесін- рухани мәдениет дейміз. Оған- дін, діни сезім, әдебиет, музыка, ғылым, тіл, тарих, математика, т.б. топтасады.

Жер шарын мекендеген үлкенді-кішілі халықтардың өздеріне ғана лайықты мәдени болмыстары бар. Мәдениетсіз халық болмайды. Бірақ оның даму дәрежесі біркелкі емес. Халықтардың ғасырлар бойы өмір сүруі тілді, мәдениет пен тұрмысқа тән сипатты белгілерін ұрпақтан- ұрпаққа беріп отыру арқылы қамтамасыз етіледі.

Қысқасы, белгілі бір халықтың екінші бір халықтан тілі мен сенімі, мекен-жайы ғана бөлек емес, сонымен бірге мінез-құлқы, салт-дәстүрімен ерекшеленеді екен. Ондай ерекшелікті елемей тұрып этнос туралы белгілі бір тұжырым жасау мүмкін емес. Сол себептен этностық ерекшеліктерді зерттейтн этнография ғылымының маңызы зор. Этнографиялық мағлұматтар халықтың этностық тегін, рухани болмысын, мәдени талғамын, моральдық-этикалық қалыптарын саралауға көмектеседі.

Қазақтың ұлттық киімдері мен дәстүрлі тағамдары.

Шаруашылықтың және әлеуметтік қатынастардың өзгеруіне орай көрші елдермен жаңаша қарым-қатынастардың пайда болуы қазақ киімдеріне және оның өзгеруіне үлкен әсерін тигізді. Халық киімінің ерекшелігі ол этностың сыртқы болмысының бір түрін көрсетеді. Заттар күнделікті қолдануға қолайлы белгілерімен жасалған. Киім қолайлылық, эстетикалық, дәстүрлі сыйынушы деген мағынаны иеленді. Сонымен қатар жастық, заттық және т.б. арнаулы қызметтерді атқарады. Қазақ киімдері көшпелі өмір сүруге және климаттық жағдайларға сай, қозғалуға ыңғайлы болған.


Ертеден қазақтарда киім тігуге тері мен үй жануарларының жүндері пайдаланылған. Бас киімдері түлкі және тағы басқа мамық жүнді аңдар терілерінен тігілген. Көрші мемлекеттермен сауда қатынасының дамуына байланысты киім тігуге шыт, биязы, барқыт, парша, жібек, т.б. фабрикалық маталар қолданыла бастаған.

Қазақтың ұлттық киімдері адамның жас ерекшелігін көрсетеді. Әйел киімдерінің ерекшеліктері: қыз киімі, бойжеткен қыз және қалыңдық киімі, тұрмыстағы әйел киімі, бірінші баласын туғанға дейінгі келіншек киімі, сонымен бірге жасы ұлғайған әйелдер киімдері болып бөлінеді. Ер адамдар киімін жасқа қарай бөлу нақты сақталмаған.


Қазақ киімдері кәсіптік мағына бойынша да бөлінеді. Мысалы, бақсыларға, хандарға, жауынгерлерге және аңшыларға арналған арнайы киімдер болған. XX ғасыр басында ұлттық киімдердің кейбір ыңғайсыз және қымбат формалары күнделікті қолданыстан шығып, қарапайым әрі ыңғайлы еуропалық киімдермен өзгертілді.

Киізден жасалатын киімдер:

1. Байпақ.

2. Кебенек.

3. Киіз етік.

4. Киіз қалпақ.

5. Пима.

Теріден жасалатын киімдер: Сырт киімдер: Аба; Бота ішік; Жарғақ; Тайжақы; Тақыр шалбар; Тон. Бас киімдер: Бөрік; Құлақшын; Малақай; Тақия; Тымақ. Аяқ киімдер: Кебіс; Мәсі; Мықшима; Саптама етік; Шарық (Шоқай); Шоңқайма.

Жүннен жасалатын киімдер: Жабағы күпі; Жадағай шапан; Жүн қолғап; Жүн шұлық; Мойынша; Түйежүн далбағай; Түйе жүн кеудеше; Шекпен; Шидем шекпен.

Ерлердің бас киімдері: тақия – шағын сәтен, шұға, барқыт тәрізді маталардан тігіледі. Ол зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе, тікше, қатипа тәрізді бірнеше түрге бөлінеді. Қалпақ –ақ киізден, қалың матадан жасалады. Ол биік төбелі болып келеді. Қойдың ақ жүнінен, қозының ақ күзем жүнінен, ешкінің ақ түбітін қосып басқан шымыр киізден тігеді. Тымақ – аңның, малдың терісінен тігілген қысқы баскиімдердің жылысы. Биік төбелі, маңдайы, екі құлағы бар, артқы етегі желке, жотаны жауып тұрады. Құлақшын – бағалы аң терілері мен бұзау, құлын, қозы – лақтың бұйра терісінен (елтірі) тігіп, киеді. Қысқы баскиім. Малақай – аң терісі мен елтіріден арасына жүн, мақта салып, сырып тігеді, оны кейінгі кезде қыздар да суыққа киіп жүр. Бөрік. Оны ерлер мен бірге қыздар да киеді. Сырты мақпал, пүліш, бар-қыт тәрізді қымбат маталардан жасалатын баскиім. Жиегіне қымбат бағалы аң, мал терісі ұсталатын бөріктің жазғы, қысқы түрлері бар. Төбесі көбінесе, төрт сай немесе алты сай болады. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі конус тәрізді биіктеу келеді. Сал-серілер бөріктеріне үкі таққан. Әйелдердің бас киімдері. Қазақ әйелдері жасы мен отбасы жағдайына байланысты өзіндік ерекшелігі бар баскиімдер киген. Олардың жазғы, қысқы түрлері болады. Әйелдердің негізгі баскиімдері: бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі (жібек, шілтер, оюлы ж.т.б.).Тақия. Оны қымбат матадан тіккен. Бұл ерлер тақиясынан басты ерекшелігі. Қыздардың тақиясы міндетті түрде үстіндегі қамзолға, бешпентке сәйкес келуге тиісті. Етегі, жоғары бөлігі алтын немесе күміс паршамен оюланып, сәнді жіптермен тақияға зер тігіледі. Қазақтың «үкідей үлбіреген», «тотыдай таранған» деп қыздарды әспеттеуі содан шыққан тәрізді. Қыздар кепеші. Қабырғасы биік, төбесі дөңгелек, ою-өрнектермен, моншақ, асыл тастармен безендірілген сәнді баскиім. Сораба. Тақия тәріздес. Артында салпыншағы бар. Қыздар тіл-көзден аман болсын деп, оларға ырымдап кигізеді. Жырға. Асыл тастармен, ақық моншақпен көмкерілген сәнді баскиім. Бөрік. Аң терісінен тігіледі, жиегіне жұрын жүргізіледі. Жұрындалған терісіне сәйкес бөріктің мынандай түрлері бар: алтайы қызыл бөрік, қамқа бөрік, қазақы бөрік, қарқаралы бөрік, құлын бөрік, құндыз бөрік, құрайыш бөрік, құс бөрік, мари бөрік, нар өркеш бөрік, ноғай бөрік, оқалы бөрік, сәукеле бөрік, шеркеш бөрік, шоқты бөрік, шоппаш бөрік т.б. Қарқара бөркі. Биік төбелі, милығына айнала құндыз тұтады. Маңдай тұсына жоғарыдан төмен қарай үшкілдеп жырға тігеді. Оған құтанға, тырнаға ұқсас сұңғақ, сымбатты құс – қарқараның қауырсыны қадалады. Бұл қыз баланы пәле-жаладан сақтап жүрсін деген ырым бойынша жасалады. Кимешек. Жас келіншектерден бастап егде әйелдерге дейін киетін дәстүрлі ұлттық баскиім. Ақ матадан, жібек матадан тігіп, әртүрлі әшекеймен безендіріледі. Қазақтың салт-дәтүріне сәйкес жас келіншек балалы болғаннан кейін кимешек киюге тиіс. Төменгі бөлігі – кимешек, жоғарғы бөлігіне жаулық оралады. Кимешек кеудені, иықты, жонды жауып тұрады, бет-әлпеті көрінетін жері ойық келеді. Шылауыш немесе жаулық. Ақ түсті матадан немесе жібектен тігілген жаулықты егде әйелдер басына орап киеді. Жаулық әр руға байланысты әрқилы аталады. Шығыс Қазақстанда матаның көлеміне қарай оны шаршы деп, Жетісу, Алтай өңіріндешылауыш деп атап, аналарды «ақ жаулықты аналар» деп ардақтайды. Орамал. Ол пішіміне сәйкес шаршы, қиықша болып бөлінеді. Орамалды (парсы, араб, румал) жаулық деп те атаған. Арзанқол матадан да, қымбат матадан да жасайды. Жібектен шашақтап тоқылғаны – «бөртпе». Жібектен, матадан шашақталмай, қалыңдау келген түрі – салы. Торғын тектес, үлпілдек, жұмсақ матадан немесе ешкі түбітінен жа-салған түрі –шәлі. Түйе, ешкі түбітінен тоқылғаны – бөкебай. Ақ матадан тігілгені – шаршы шыт. Қасаба. Ол қыз тақиясының бір түрі. Үшкірлеу төбесіне бір шоқ қауырсын қадайды, маңдай тұсына түгелдей алтын, күміс әшекейлер тағады. Қыздар үйлену тойында қасабаны сәукеле орнына да киген. Күрең, көгілдір түсті жібек, ши барқыт, пүліш, дүрия, шұға, парша сияқты маталардан тігеді. Сәукеле. Қалыңдықтың ұзатылу тойында киетін сәнді баскиімі. Зере. Өзі ұзын, іші қуыс, сәукеле-мен бірге киетін бас киім. Ертеде бір қабат киім сыртынан киетін сауытты да «Зере» деп атаған.


Көшпелі қазақтардың тамағы, негізінен ет және сүт тағамдарынан тұрады. Қолда бар мал түрлері- қой, жылқы, ешкі, кей жағдайда түйе еті мен сүтін тамаққа пайдаланған және жылқы еті сапасы жоғары деп саналған.

Халық егіншілікпен айналысып, бау-бақша өсіріп, отырықшылыққа бет алған дәуірде ғана мал өнімінен әзірленген негізгі тамақтарға қоса нан, жеміс, көкөністі пайдалана бастаған. Олардың ішінде ең көп өсірілгені-тары, арпа, бидай, күріш.

Мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі қазақтың негізгі асы-сүт пен ет. Сүттен қымыз, шұбат, қатық, айран, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. «Ағы бардың-бағы бар» деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген.


Қазақ халқы еттен түрлі тағамдар жасай білген. Етті суға, буға пісіріп те, майға қуырып та, кесектеп турап та, отқа қақтап та жеген. Ет тағамдарының тұздығы мен сорпасын дәмдендіру үшін түрлі өсімдіктерді: пияз, сарымсақ, жуа, атқұлақ, қымыздық, т.б. пайдаланған.

Киіз үй және оның құрылысы.

Қазақстан даласын көшпелі өмір кешкен тайпалар көшіп-қону өміріне сай келетін киіз үйді ойлап тапты. Киіз үй- өзінің даму жолында ұзақ әрі қиын қозғалушы үй формасынан қазіргі заманға сай түріне дейінгі кезеңнен өтті. Қазақтың киіз үйі басқа киіз үйлерден (түрік, монғол) ерекше. Киіз үй ағаш, киіз бөліктерінен, бау-шудан тұрады. Үйдің ағаш саймандары төрт бөліктен: кереге, уық, шаңырақ, есіктен тұрады. Кереге– киіз үйдің дөңгелек қабырғасын құрайтын, бірнеше жиналмалы бөліктен тұратын зат. Әрбір жеке бөлігі қанат деп аталады. Уық-шаңырақ пен керегенің арасына дәнекер болып тұратын иінді шыбық ағаштар.


Шаңырақ-киіз үйдің төбесі. Үйдің көлеміне қарай шаңырақтың диаметрі екі жарым метрден бес метрге дейін болады. Шаңырақ иінінің бүйірінің астына қарай уықтың ұшы кіріп тұратын көздері болады. Шаңырақтың дөңгелек иінінің ортасынан жартылай томпайып келген кергіш ағаштар салынады. Бұл ағаштарды күлдіреуіш деп атайды. Сықырлауық–киіз үйдің ағаш есігі. Бұл есік екі жармалы болып келеді. Киіз үйдің жамылғысы үш бөліктен тұрады: туырлық үзік және түндік. Туырлық- үйдің кереге бөлігін айнала жауып тұратын төртбұрышты ұзын киіз. Уықтардың үстін жауып тұратын трапеция тәрізді киіз жамылғыны үзік деп атайды. Ол екеу болады. Шаңырақты жауып тұратын төртбұрышты шағын киізді түндік (түңлік) деп атайды. Киіз үйдің бау-шуына: желбау, аяқбау, аспа бау, әр түрлі таңғыштар, бау-басқұрлар жатады. Үйдің қақ ортасында ошақ тұрады.

Әшекей бұйымдары, жиһаз-жабдықтары.

Ежелгі қазақ халқы әшекейлі бұйымдарды көп пайдаланған. Киімнің көрнекі материалы зергерлік бұйымдар болып табылады. Оларды жасағанда алтын, күміс, және бағалы тастарды пайдаланған. Қазақ зергерлері негізінен, әйелдердің сәндік әшекей заттарын (сырға, білезік, жүзік, сақина, шашбау, т.б.) әсем жасай білген.


Зергерлік заттарда жан-жануарларға байланысты мифтік ұғымдағы өрнек түрлері (қошқармүйіз, түйетабан, таңдай), өсімдік тектес (жапырақша, гүл, сабақша), үйлесімді өрнектер (ырғақ, сағақтау, айқас), геометриялық өрнектер кездеседі.

Зергерлік өнердің туындылары жауға-айбар, жақынға- мақтаныш, аруға-ажар, жігітке-жігер беретін болғандықтан, батырлардың ерлігіне, ақындардың тапқырлығына, жүйріктердің бәйгесіне сыйға тартылатын болған. Әшекей заттарды жасауда зергерлер ұсталықтың құйма ою, салу, шекпе, көшірме, зерлеу, иректеу түрлерін қолданған. Олар басқа, шашқа, мойынға, көкірекке, қолға тағуға арналып жасалады. Шашқа арналған әшекейлерге шашбау мен шолпы жатады. Қазақ қыздары моншақ тақпайтын. Оның орнына күмістен өрнектеп жасалған әшекейлі бойтұмар тақты. Омырауға тағылатын алқалар мен қолға арналған білезіктер және сақиналар кең тараған. Сақинаны әйелдер де, ерлер де тақты.

Киіз үйдің ішкі жабдықтары күнделікті тұрмыста қолданатын үй керек-жарағы болып қана қоймай, өнер шығармашылығы болып табылады. Сыйлы орын-төр, төрдің сол жағы үй иелерінің демалатын орны. Төрдің артында жүкяқтың үстінде сандықтар мен бума заттар, ал оның жан-жағында киім мен бас киімдер ілінетін адалбақан орналасады. Киіз үйдің ішінде Қазақстанның кез-келген жеріне танымал ағаш жиһаз (төсек, жүкаяқ, кебеже және т.б) заттары болады.


Қазақ халқының ұлттық қолөнері.

Қазақ халқының ғасырлар бойғы қалыптасқан ұлттық мәдениетінің, материалдық қазынасының қомақты бөлігі –ұлттық қолөнері. Қазақтың қолөнері де өзінің төлтума бітім-қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен ерекшеленеді, қолөнер үлгілері тек эстетикалық мұра ғана емес, сонымен бірге халықтың белгілі бір тарихи кезеңдегі таным-түсінігі, өмір-салты, сұлулық туралы талғамынан хабар береді.

Өнер ескерткіштері ұсталық, зергерлік, ағаш және тоқыма өнерінде көрініс алған. Қолөнершілер, негізінен, жазғы және қысқы тұрғын үй жиһаздарын, ат әбзелдері, киімдер, яғни, үйге қажетті затар жасаған. Кеңінен тарағаны- жүннен жіп иіру, тері илеу, тоқыма тоқу, сүйектен және ағаштан ою, зергерлік өнер, т.б. Әсіресе, түкті заттарды тоқу ерекше орын алды; киіз басу, киіз үй жапқыштарын жасау, текемет, түсті алаша, сырмақ, тұскиіз, ою-өрнек бұйымдарды тігу.


Шиге тоқыма жіптердің көмегімен белгілі бір өрнек немесе сурет салу да кең тараған. Теріні ашыған сүтке салып жібітіп, оны қолмен илеп, тон, етік тігуге арналған терілерді табиғи бояулармен бояған. Кілемдер көлденең станокта, өрмекте жүннен иіріліп, түрлі-түсті боялған жіптерден тоқылған. Кілемдердің бірнеше түрлері болған. Түксіз кілемдер жерге төселіп, түкті кілемдер керегеге ілініп, үйдің көркін кіргізген. Кілем тоқумен қатар аяққап, қоржын, сандық қоржын және т.б. жасау тығыз байланысты. Бұл заттар кілем тоқитын станокқа ұқсас, бірақ көлемі кіші құралда тоқылған.

Ағаштан жасалған бұйымдар.

Қазақ тұрмысында ертеден-ақ ағаш ұсталығы жақсы дамыған. Ағаш ұсталары киіз үйдің сүйегін, арба, қайқыбас төсек, кебеже, жүкаяқ, сандық, үстел жасаған. Ер қосатын ершілер де ағаш ұстасы болған. Сонымен қатар ағаш шеберлері тұрмысқа қажетті астау, ағаш табақ, тегене, ожау, ағаш шелек, көнек, піспек, күбі, саптыаяқ, т.б. заттар жасаған.


Ағаш ұсталығында пайдаланылатын негізгі құралдар: балта, шот, балға, қашау, үскі, бұрғы.

Қазақ ағаш өнерінің ең бір кең тараған түрі-ершілік өнері. Ерді қайың, үйеңкі, қара мойыл сияқты мықты ағаштарды таңдаған. Бұл ағаштардың түбірі (томары) қатты болады. Ерге арналып қиылған ағаш мұқият кептіріледі. Қазақ ері, әдетте, бес бөліктен тұрады: алдыңғы қасы, артқы қасы, екі қаптал ағаштары және белдік ағашы (бел ағаш).

Дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары.

Музыкалық аспаптар тек той-думандарда ғана пайдаланылып қоймай, жау шапқанда дабыл, дауылпаз, ұран, керней сияқты түрлері арқылы елге хабар беріліп отырған. Ал бақсы- балгерлер зікір салғанда даңғара, асатаяқ, шаңқобыздарды пайдаланған. Әнші-күйшілер өлең-жыр, терме айтқанда немесе күй шерткенде домбыра, сыбызғы, сырнай, қыл қобыз сияқты шекті аспаптармен сүйемелдеген.


Музыка аспаптарын ағаштың қайың, шырша, емен сияқты түрлерінен жасаған. Сонымен бірге аспап жасауға қамыс, саз балшық, малдың терісі мен сүйегі, мүйізі, қылы пайдаланылған.

Балшықтан, қамыс, мүйізден үрлемелі музыкалық аспап сазсырнай, сырнайлар, сыбызғы, адырна, ұран, керней жасалады.

Ішекті музыкалық аспаптар- жетіген, шертер, екі және үш ішекті домбыралар, қобыз, шалып ойнайтын шаңқобыз, соқпалы аспаптар –даңғыра, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың бірнеше түрлері бар. Ішекті шертіп ойнайтын көне музыкалық аспаптың бірі-жетіген.

Tags:

Қазақ Халқының Этнографиясы Этнография ғылымы туралы түсінік.Қазақ Халқының Этнографиясы Қазақ этнографиясын зерттеуші ғалымдар.Қазақ Халқының Этнографиясы Ш.Уәлиханов.Қазақ Халқының Этнографиясы Рухани және материалдық мәдениет.Қазақ Халқының Этнографиясы Қазақтың ұлттық киімдері мен дәстүрлі тағамдары.Қазақ Халқының Этнографиясы Киіз үй және оның құрылысы.Қазақ Халқының Этнографиясы Әшекей бұйымдары, жиһаз-жабдықтары.Қазақ Халқының Этнографиясы Қазақ халқының ұлттық қолөнері.Қазақ Халқының Этнографиясы Ағаштан жасалған бұйымдар.Қазақ Халқының Этнографиясы Дәстүрлі ұлттық музыкалық аспаптары.Қазақ Халқының Этнографиясы

🔥 Trending searches on Wiki Қазақша:

Қажығали МұханбетқалиұлыҚазыбек биҚазақстан Республикасы Қарулы КүштеріЭмбриогенезЗәрдің түзілуі және шығарылуыАИВ/ЖИТСКөші-қонАвторлық құқықҚазақтың музыкалық аспаптары тарихыЖай механизмӨкпеТемпераментШыңғыс ханТүркістан автономиясыБауыржан МомышұлыЖасушаЫбырай АлтынсаринІсікҚазақстанның пайдалы қазбаларыАдамаралық қарым-қатынасАралас құрмалас сөйлемИзомерияМәлік ҒабдуллинКенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысМұнайХартлендКүкіртҚазақстан астанасыЕліктеу сөзҚазақ ұлттық киімдеріАлтынемел ұлттық паркіОсип Андреевич ИгельстромОнтогенезАйнұр ТұрсынбаеваМысАқбөкенАқпаратЕуразиялық Экономикалық ОдақСан есімМахаббат, қызық мол жылдарӘлемнің жеті кереметіҚыпшақ хандығыҰлы Отан соғысыАлаш автономиясыҚазақстан Республикасының ПарламентіАлмазБарбаросса жоспарыМагмалық тау жыныстарыМәдени мұраИммануил КантСырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысыШерхан Мұртазаұлы МұртазаСарыарқа (Солтүстік Қазақ жазығы)Қазақстан әкімшілік бірліктеріТабиғатты қорғауФотосинтездің жарық және қараңғы фазаларыҚазақстанның географиялық орны мен шекараларыКөнерген сөздерҚазақ батырлар тізіміМашинажасауЭлектромагниттік толқындарСоленоидТүркістан (қала)Жоңғар хандығыҚышқылII ЕкатеринаҚазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандар тізіміҚазақстандық Кеңес Одағының Батырлары (тізім)СүтқоректілерЖұлдызТарих философиясыСәбит Мұқанұлы МұқановҚазақстанның мұнай өнеркәсібіСынықҚазақстан теңгесіШығыс Қазақстан облысыМемлекеттік басқару формасыАдам даму индексі бойынша елдер тізіміҚазақстан 2050🡆 More