Жылқы – дәстүрлі қазақы ортада төрт түліктің төресі деп ерекше қастерленген түрі.
Көшпелі түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінде жылқы малының маңызы өте зор болды.
Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Соның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Ежелгі дәуірлерде-ақ қазіргі Қазақстан аумағы жылқының қолға үйретілген мекені болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4 – 3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақтар|сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Арийлер жылқыны ерекше құрметтеген. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болғанын анықтады: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түрікменстаның ақалтеке жылқысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар қатты қадірленген. Әлемде алғаш рет екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Қазақстан аумағында арийлер қалдырған құнды мәдениет ескерткіштері өте көп. Олардың көпшілігі – жартастарға салынған суреттер. Суреттерден арийлердің дүниені қалай түсінгені, қандай рәсімдік билерді билегені, қалай аң аулағаны, қандай мал баққаны, екі доңғалақты арбалары, абыздар мен батырлар туралы түсініктері, т.б. туралы толық мағлұмат алуға болады.
Ал сақтар Алтайдан Дунай өзеніне дейінгі кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерген. Сақтардың балалары мен әйелдеріне дейін ат үстінде соғысу тәсілдерін жас кезінен жетік меңгеріп, көрген жұрттың зәресін ұшырған. Олардың қанқұйлы жорықтарынан соң, Еуропада, Кіші Азияда, Жерорта теңізінің бойында, Мысырда атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз тараған. Ежелгі грек мифологиясындағы жауынгер әйелдер – амазонкалар туралы аңыздар да осы сақ әйелдерінің бейнесінен алынған деген пікір бар. Қалай болған да, жылқыға салт мінуді қас өнерге айналдырып, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының ең қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы баласын аса қатты құрметтеп, жан серігі санаған. “Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді, – деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот, – ал жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді” Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққаны туралы деректер бар. Олардың қайтыс болған хандарды, ханзадаларды, батырларды т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да “иесіне аты о дүние де серік болады” деген сенімнен пайда болған.
Қазақ халқы арасында әлі күнге дейін сақталған ат тұлдау, яғни, қайтыс болған адамның мінген атын тұлдап жіберіп, бір жылдан соң асында сою ғұрпын сақ заманынан сақталған дәстүрдің жалғасы деп есептеуге болады. Айбынды атты әскерінің көмегімен қаһарлы елге айналып, Еуразия құрлығында үстемдікке қол жеткізген, сөйтіп адамзат өркениеті тарихында өшпес із қалдырған кейінгі ғұндар, Түркі қағанаты, Шыңғыс хан империясында да жылқы малы қатты қадірленген. Осы мемлекеттерді құраған тайпалардың негізінде ұйысқан қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. “Адам – жылқы мінезді” дейді қазақ халқы. Бұған “жылқы – малдың патшасы”, “жігіттің сорлысын аттың жолдысы теңейді”, “ат – ердің қанаты” т.б. жүздеген мақал-мәтелдерді қоссаңыз, қазақ халқының адам мен оның жан серігі атына біртұтас әлем ретінде қарағанына көз жеткізуге болады. Адамның азамат қатарына қосылуының өзін “ат жалын тартып мінді” деп бейнелейді қазақ халқы. Жас баланың алғаш атқа отырғанын атап өту рәсімі – тоқым қағар тойынан бастап, адамның бұл өмірден өткенінің белгісі ат тұлдауға дейінгі бүкіл пәнилік тіршілікті жылқымен байланыстырған қазақтар біреумен жауласса “ат құйрығын кесіскен”, біреудің алдында кінәлі болып қалса “ат-шапан айыбын төлеген”. Сыйлы қонаққа ат мінгізу, күйеу жігіттің қалыңдық алуына алғаш барғанда ат байлауы, ұрыс кезінде жау қоршауында қалған қолбасшыға ат сүйек беріп құтқару, т.б. дәстүрлер, атқамінер, атқосшы, атшабар, т.б. лауазымдар жылқының қазақ халқының шаруашылығында ғана емес, әлеуметтік өмірінде де үлкен мәнге ие болғанын білдіреді.
Қазақ халқы жылқыны, ең алдымен, ел қорғаны ердің жан серігі деп дәріптеген. Ұлттық мифологиядағы иесі қысылғанда тіл бітіп, ақыл айтатын тұлпарлар (мыс., “Ер Төстік”, “Алтын сақа”, т.б. ертегілерде), батырлық жырлардағы Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқа аты, бергі заман батырлары Исатайдың Ақтабаны, Амангелдінің Шалқасқасы иелерімен бірге жыр-аңызға айналып, ел құрметіне бөленген. Қазақ халқының әскери жорыққа төзімді жылқы тұқымдарын көптеп өсіретіні туралы деректер Ресей және Еуропа зерттеушілері Н. Бахметьевтің (1870), С. Вогактың (1873), А. Гердердің (1875), А. Вилькинстің, т.б. еңбектерінде жазылып қалған. 19 ғ.-дың 80-жж. Австрия подполковнигі А. Дандевильдің Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия армиясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны туралы дерек сақталған. Қазақ даласында өсірілген жықлылар 1-ші, және 2-ші дүниежүзілік соғыс майдандарына көп алынған. 1945 ж. 24 маусымда Мәскеуде өткен Жеңіс парадын КСРО маршалы Г. К. Жуков Қазақстанның Луговой (қазіргі Құлан) жылқы зауытында өсірілген Араб есімді ақбоз ат үстінде қабылдауының өзінде символдық нышан бар еді (қ. Абсент).
Екіншіден, қазақ халқы жылқыны спорттық ойын-сауықтарда (қ. Аламан бәйге, Бәйге, Құнан бәйге, Жорға жарыс, Көкпар, Аударыспақ, Ат омырауластыру, Ат үстінен тартыс, Жамбы ату, Қыз қуу, Салма ілу, Күміс ілу, т.б.) азаматтың мерейін асыратын, сал-серілік пен сәнділіктің шырайын келтіретін текті жануар деп есептеген. “Жылқы сәндік үшін, түйе байлық үшін” деген мақалдың мәні осыны мегзейді. Қазақ халқының алыс қашықтыққа шабатын аламан бәйгелер ұйымдастыратыны туралы орыс саяхатшылары тамсана жазады. Мысалы, А. Вилькинистің 1885 ж. “Журнал коневодства и коннозаводства” басылымында жарық көрген “Заметки о лошадях Туркестана” деп аталатын мақаласында мынадай пікір айтылады: “Орта Азия халықтарының ішінде атты алысқа шабуға машықтыратын қазақтар мен түрікмендер 25-тен 40 верстке (1 верст – 800 м) дейін ат шабысын ұйымдастырған. Ал Әулиеата қазақтары қашықтығы 100 версттік бәйге ұйымдастырып отырған”. Осы мақалада тағы бір қызғылықты пікір бар: “...Ташкент пен Орынбор арасына қосарға бір ат алып, 18 күнде барып қайтқан. Сондықтан граф Зубовичтің бүкіл Еуропаны таңқалдырған Вена мен Париж аралығын 15 күнде жүріп өткен сапары мұндағы қазақ жігіттерінің көпшілігінің қолынан келеді”.
Үшіншіден, дәстүрлі қазақ қоғамында байлық мөлшері тек жылқымен ғана өлшенген. Жылқысының саны 5000-нан асатындар ғана бай санатына жатқызылған. “Біздің асыл дүниеміз бір ғана жылқымыз, – деп жазады Мұхаммед Хайдар Дулат, – ләззат алатын асымыз – ет, сүйетін шәрбатымыз – қымыз... қызық көретініміз – өрістегі жылқымыз”. Халықтың жылқы малына қатысты осындай ерекше ықыласы, кең байтақ жайылымдардың болуы, жылқының қыста тебініп өзі жайыла алатындығы, т.б. факторлар қазақ даласында бұл түліктің көп өсірілуіне себеп болған. 1880 ж. Австрия-Венгрияда 3,5 млн., Германияда 3,3 млн., Францияда 3,0 млн. жылқы болса, 1879 ж. Қазақстанның бір ғана Орынбор облысында 1,8 млн. жылқы болған. 20 ғ.-дың басындағы нәубеттерден кейін 1920 ж. Қазақстанда 8 млн-нан астам жылқы қалғандығы туралы ресми дерек бар. Шын мәнінде, ұлттық байлық саналған осыншама жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты салдарынан 20 ғ-дың 30 жж. қырғынға ұшыраған (қ. Ашаршылық).
Жылқы тұқымын асылдандырудың, сәйгүлік болар жылқыны тай күнінен ажырата білудің, ат баптаудың қыры мен сырын жетік біін мамандарды халық арасында атбегілер немесе атбаздар деп атаған (қ. Атбегілік), Атақты Толыбай сыншыдан бастап, Оңтүстік Қазақстанда ғұмыр кешкен Мақұлбек, Жетісуда ғұмыр кешкен Бақай сынды атбегілер туралы аңыздар әңгімелер халық жадында сақталып қалған.
Дәстүрлі қазақ қоғамында жүйрік жылқы тек иесінің ғана емес, бүкіл рудың, аймақтың мәртебесін өсірген. Олар туралы әндер мен күйлер шығарылып, есімдері халық жадында ұзақ сақталған. Мысалы, бүкіл Қазақстанға танымал Құлагер, Жетісуға мәлім болған Көкбайтал, Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстанның біраз жеріне даңқы жеткен Қараат, 20 ғасырдың 60-жылдарындағы Б. Кітапбаевтың Құланқарасы, Бұланқарасы, Желмаясы, т.б.
Қазақ халқы жылқы малын 3 топқа бөлген. Белгілі этнограф М. Бабажановтың 1871 ж. Ресейдің “Журнал охота” (ғ6, 7, 11, 12) және “Журнал коневодство и коннозаводство” (ғ4, 5, 6) басылымдарында жарық көрген мақалаларында қазақ халқы өсіретін жылқыларды үш топқа бөледі:
Зерттеушінің бұл пікірі қазақ халқының жылқы шаруашылығындағы белгілі бір жүйе болғандығын қуаттайды. Қазақтар бәйгеге қосатын жүйрік жылқыларды тұлпар, арғымақ, сәйгүлік деп әлпештеп, ерекше күтімге алған. Ал ауыр жүк артуға, алыс жолға төзімді жылқыны қазанат деп атап, оны да ерекше бағалаған. Ал еті мен сүті үшін өсіретін қалған жылқылар жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайылымда жақсы семіреді. Семіртіп сойған жабы жылқыдан 53 – 57%, кейде 60% ет алынған (230 – 250 кг). Қазақ халқы жылқы етінен қазы, қарта, жал, жая, т.б. дәмді тағамдар әзірлеп, терісі мен қылын да шаруашылыққа пайдаланған (қ. Тулақ, Жүн). Ал жабы жылқының биелерінен тәулігіне 18 – 20 л сүт сауылған (қ. Қымыз). Сүті мол бие мама бие деп аталған. Бие желінінің сүтке толып, сауылатын мезгілін сауым дейді. Ол бас сауым (күні бойы сауылатын биенің ең алғашқы сауымы), жебей сауым (бас сауымнан жарты сағат өткеннен кейін биені қайта сауу), кенже сауым (биені өріске ағытар алдындағы соңғы сауым), т.б. болып бөлінеді. Ал құлындамай қалған биелерді қысырақ деп атайды.
Мыңнан тұлпар. Мың құлында бір құлын 13 пар (пар – қазақ сөзі – пар ат жеккен, ол оған пара-пар келеді деген сөз тіркестері бар) қабырғамен, яғни екі қанатымен туады екен. Сондай құлынды қазақтар ерекше күтіп, өсірген, баптаған. Ертегілерде, аңыздарда, жырларда айтылатын, қырық күншілік жерді бір күнде алатын, небір биік қамалдардан секіріп өтетін, тағы басқа да кереметтер жасайтын жылқылар осылар.
Жебе мініп жау алған. Өте ұшқыр, керемет жылдам, екпіні қатты, алысқа шабатын, төзімді «Жебе» деген қазақи жылқы тұқымы болған. Тақымы бос адамдар үстінде шыдап отыра алмаған. Батырлар жекпе-жекке осы тұқымның аттарын мініп шығатын болған. Бұндай аттар тұрған орнынан бірден үлкен жылдамдық алып, жекпе-жек уақытында өзінің иесіне оның жауының алдында көптеген артықшылық әперген.
Жауға мінбе Жабыны. Қазір «Жәбе» немесе орысша «Жабэ» деп жүрген «Жабы» деген қазақи жылқы тұқымы. Оның етті, сүтті, жұмысқа пайдаланатын түрлері болған. Сүті мол, қымызы дәмді және шипалы, еті көп, қазысы көзге ерекше көрініп және айландыруға ыңғайлы болып тұратын, мініс-тұрысқа көнпіс, мінезі жайлы, төзімді жылқылар. Сондықтан бұл жылқыларды соғысқа мінбеген, тек күнделікті тұрмыста пайдаланған. Қазіргі ғылым тілімен айтқанда «Жабы»жылқысының «Наймандық типі» деген түрі Шығыс Қазақстан облысының таулы аймақтарында сақталған. Осы облыстың Катон-Қарағай ауданында мал жейтін шөптер өте құнарлы, нәрлі, емдік қасиеті және күші бар шипалы болып келеді. Осы ауданда өсетін қазақ жылқысының қымызы дүние жүзіндегі ең керемет қымыз болып есептеледі. Өйткені, қымыздың қасиеті жылқының тұқымына және шөптің сапасына байланысты болады. Ал, қазақ жылқысының сүтті тұқымдарының кейбір түрлері қымыз өндіруге арнайы сұрыпталып шығарылған. Бұл ауданда өсетін маралдардың мүйізінің қасиеті мен сапасы да әлемдегі ең жоғары болып есептеледі.
Жалпы қазақ тілінде жылқы өсіруге, оның мінез-құлқына, жасына, жүрісіне, т.б. байланысты ұғымдар мен атаулар өте көп. Мысалы, жылқы төлдерін:
Ал бұдан әрі ұрғашы жылқыны яғни байталды:
Піштірілмеген еркек жылқының яғни айғырдың атаулары:
Қазақ халқы салт мінуге немесе союға арналған еркек жылқыларды жас кезінен піштіріп (тарттырып деп атайды) жібереді. Қазақ тіліндегі ат ұғымы, көбінесе, осындай жас кезінен піштірілген, салт мінуге арналған жылқыға қатысты айтылады. Піштірілген жылқылар үйірге қосылмай, бөлек жайылады. Сондықтан оларды саяқ жылқылар деп атайды. Саяқ жылқылар атаулары:
Жылқы түсін айырудың тым күрделі болуы объектінің түр-түс реңктерінің әралуандығымен, құбылмалылығымен байланысты болып келеді. Жылқының жүздеген түр-түс атауын академик В.В. Радлов, этнограф Ж. Бабалықұлы екі топқа бөледі. Бұлай топтауда қарақошқыл және ақшыл түстер негізге алынады. Ал этногроф Х. Арғынбаев қылаң, баран, ала деп үш топқа бөліп қарастырады. Яғни табындағы жылқыға алыстан көз жүгірткенде бозғылттанып көрінсе – қылаңға, ал қара-қошқылданып көрінсе – баранға, ал аласы көп болса – алаға жатқызған. Осылай тарқатылған түстер өз кезегінде тағы да әртүрлі түске топтастырылып, басындағы қасқасына, аяғындағы аласына және жасына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Жылқы малы әлемде көптеген халықта бар, бірақ түр-түс атауына келгенде қазақтардағы атаулардай аса көп емес. Көшпелі ортада жылқы малы түсінің алуандығын жіті ажыратқыштығын қазақтардың осы малға байланысты сан ғасырлық тәжірибесімен түсіндіру қажет. Қазақтар ең алдымен қылаң және баран деп алыстан көз ұшындағы көрінген жылқы түсін айтқан. Бұл – алыс көзшалымдық қабылдаумен байланысты айтылатын түр-түс атауы.
Қазақы ортада жылқының түр-түстерін кеңістіктік қабылдау мен ажыратуға байланысты қалыптасқан атаулар үш топқа бөлінеді:
а) ақбоз, бозжирен, ақбозжирен, тарланбоз, бозқасқа; қаракөк, теңбілкөк, көкбоз, қаражалкөк, көкқасқа, көктөбел; құлақасқа, құлатөбел; шабдар, аққапталшабдар, ақбақайшабдар; қанжирен, жиреншабдар, жиренқасқа, жирентөбел, жұлдызжирен, алаяқжирен, ақбақайжирен; шымқайсары, ақжалсары және т.б.
ә) телкүрең, қозыкүрең, күреңқасқа, күреңтөбел; қараторы, керторы, тобылғыторы, шымқайторы, торықасқа, торытөбел, ақсауырторы, алаяқторы, ақбақайторы; қаракер, керторы, керқұла, құлакер, кержирен, кершабдар, ақтаңкер, ақтанаукер, алаяқкер, кербалақ; сүлікқара, сүліктейқаракер, мақпалқара, мақпалқарақасқа, мұздайқара, қаракөк, қаратөбел, қарақасқа т.б.
Түс ерекшелігі жылқының жүйрік, мінезді, күшті т.б. болуына әсер етпейді, ол тек тұқым ерекшелігіне байланысты болады. Сонымен бірге, жылқы түсінің табын-табын жылқыны түгендеуде бір-бірден санамай-ақ, ішін бір аралап шығып түстеп шығуда да өзіндік орны бар. Ертеде тәжірибелі атбегілер бие мен айғыр түсіне қарап, туар құлынның қандай болатынын дөп басып айтып бере алған.
Жылқы малының мінезінде кездесетін жағымды-жағымсыз қылықтарының жалпы атауы:
Жылқының мінезіндегі осындай аққұла қасиеттерімен қатар осқырынуы, мөңкуі, тулауы, тебегендiгі, тарпуы, тiстеуіктігі, үркектік, шапшуы, тарпуы т.б. жағымсыз, оғаш қылықтары көбінесе жануарды дұрыс пайдаланбаудан, үйретпеуден қалыптасады.
Жылқы малында маңайына адам жолатпайтын қашағанды безер қашаған дейді. Безер қашағанды жүйрік атпен қуып шалма тастап, құрық салып ұстайды. Қашағанның тағы бір түрі шылбыр қашаған деп аталады. Бұл маңайына шылбыр тастамдай жер жете бергенде қашып адамды мезі етеді. Қамшыға да, жүгенге де көнбейтiн шегiншек немесе қарашыл, түнде аяғын кiбiртiктеп жүрексiне басатын жер қорқақ осалдар да кездеседi. Жылқы мойынын бауырына алып, артқы екі аяғын серпе тастауын мөңку дейді. Жылқының мойынын ішіне алып мөңкуі көбінесе шу асауларда болады, ал күнделікті мініс жылқысы тек оқыс жағдайда (шабына аяқ немесе қамшы тигенде т.б.) ғана тек басын төмен салып, артқы аяғын жоғары қарай бір-екі рет серпи тастайды. Тез иімей тұрып алатын биені бедіреуік бие; сауғанда тыпыршып дұрыс сауғызбайтын биені жанбақы бие дейді. Бұндай жылқыны биеші көбінесе бүкпелеп сауады. Желіде байлаулы тұрған құлынының қасына барып, жанасып емізіп қоятын биені жанасқыш бие дейді.
Жылқы жүрісі аяң, желіс, шабыс, жорға деп бөлінеді.
Халыққа жақсы танымал “Кербескер”, “Қара жорға”, “Бестай”, “Бозжорға”, “Тепеңкөк” тәрізді әндер мен күйлер, Ақан серінің “Құлагері”, “Маңмаңгері”, “Құлагердің желісі” әндері, Біржанның “Телқоңыр”, “Бурылтай”, “Керкекіл” әндері, К. Әзірбаевтың “Көкшолағы”, Е. Аязбаевтың “Шайтанқарасы”, т.б. жылқыны әспеттеудің үздік үлгілері саналады.
Қазақ халқы жылқының маңқа, қара өкпе, шойырылма, қарақаптал, киеңкі, жамандат, мандам, боғымалы, қыршаңқы, өлі, желін құрт, сары ауру, жалақ, жауыр, шилі қара, лоңқа, өлі ет, қара дақ, т.б. ауруларын дәл ажыратып, олардан емдеудің өзіндік тәсілдерін жақсы білген.
Қазір Қазақстанда жылқының 16 тұқымы өсіріледі. Олар негізінен, ет және қымыз өндіруге мамандандырылған шаруашылықтарда, асыл тұқымды жылқы өсіріін жылқы зауыты|жылқы зауыттарында бағылады (қ. Жылқы өсіру). Республикада Ат спорты федерациясы жұмыс істейді, ұлттық ат спорты мен Ж. шаруашылығы мәселелеріне арналған «Маңмаңгер» журналы шығады.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Жылқы (қазақ дәстүрі), which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.