Қалың мал - қазақтың бұрыннан келе жатқан салт дәстүрінің бірі.
«Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С.Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне, сонымен бірге салауаттарына да байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. Негізінен қыз алатын, яғни Қалың беретін жақты қинамайды. Жігіт жақ қалың берсе, қыз жақ кит кидіретін болған және қыз жасауын береді. Осылайша екі жастың отауын тігіп, шаңырағына керекті заттарды толықтап беретін болған. Қазақта: "теңін тапса тегін бер" - деген осыдан шықса керек. Деседе "қалыңсыз қыз болсада, кәдесіз қыз болмайды" - деп ата салттан аттамауды да дәріптеп отырған. Мұнда қалың малға сүтақы да кіреді.
«Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты. Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М.Ж.Көпеев).
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Қалың мал, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.