Қойдың хламадиоздық іш тастауы — қойдың іш тастаумен, өмірге қабылетсіз төлдердің туылуымен және төлдер арасында энтерит, пневмония, коньюктивит және артриттермен сипатталатын жіті және созылмалы түрде өтетін жұқпалы ауру.
Ауру энзоотиялық іш тастау деген атпен 1936 жылы Англияда белгілі болып, іле шала басқа да Еуропа елдерінде тіркеле бастады. Кейіннен қой шаруашылығы дамыған барлық елдерде дерлік бар екені анықталды.
Қоздырушысы - Chlamidia psittaci var.ovis - хламидиялар тобына жататын микроб. Барлық химидиялар бір-біріне морфологиялық және биологиялық қасиеттері жағынан ұқсас келеді. Олар бактериологиялық сүзгіден өтіп кетеді, торша ішінде тоғышарлық етеді және денешіктер түзеді. Қойдың хламиоздық іш тастауының қоздырушысында екі түрлі антигендік типтері кездеседі. Бірі қой мен сиырдың жыныс органдарын және ішегін зақымдайды, екіншісі бұл жануарларда энцефалит, полиартрит және конъюнктивит тудырады. Хламидиялармен лабороторияда 6-7 күндік тауық эмбрионы, ак тышқанды және теңіз тышқанын жұқтырады.
Ауруға қойлар жасына және жынысына қарамай шалдығады, әтседе ұрғашы тұсақар басқаларынан тез ауырады және ауру ең алдымен қоздайтын қойлардың буаздық мерзімінің екінші жартысына ойысқан сәтінде жиі байқалады. Ауру қойдан ешкі мен сиырға да жұғуы мүмкін. Инфекция қоздырушысының бастауы - ауырған және хламидия алып жүретін малдар. Хламидия алып жүру мерзімі өте ұзақ болады. Хламидиялар сүтпен, несеппен, нәжіспен, іш тастаған соң шаранаман және қынаптан аққан сорамен бөлінеді.
Жасырын кезеңі бірнеше айдан бір жылға дейін созылады, ал буаз қойда 30-60 күн мөлшерінде. Хламидиоздық іш тастаудың клиникалық көріністері жылына бір рет қана төлдеген маусымда байқалады. Ауру екі түрде өтеді: симптомды және кәдімгідей. Симптомсыз байқалғанда қой дұрыс қоздайды. Бірақ, оның қағанағында және жыныс жолдарынан шыққан бөлінділерге хламидиялардан болады. Сондықтан, мұндай мал ұзақ уақыт бойы ауру таратады. Одан туған төл нашар жетіледі және хламидия алып жүреді. Аурудың кәдімгідей байқалуы деп буаз қойдың іш тастауы немесе әлжуаз, нашар қозы табуын айтады. Осындай қозы көп тұрмай өліп қалады. Іш тастаған малда аборт қайталанбайды, бірақ, келесі қоздағанда төлі нашар жансар болып туылуы мүмкін. Буаз салдық көбінесе тууына 2-3 апта немесе 2 ай қалғанда іш тастайды. Аурыған мал іш тастаудан 2-3 күн бұрын тынышсызданып, бір жатып, бір тұрады, жемшөп жеуі нашарлайды.
Қойдың шуындағы кателидондары өліеттенеді. Плацентаның түсі қызыл-қоңыр, консистенциясы тығыз, бетінде сұрғылт қабыршақтар кездеседі. Тастанды төлдің бұлшық еттері мен тері асты шелі қанталап, домбығады, құрсақ және көкірек қуыстарында қан аралас транссудат болады. Жүрегі мен өкпесі қанталап, миына қан құйылады. Бас жағы, кіндік тұсы домбығады. Айыршық без, бауыр, көк бауыр және ьүйректерінде дистрофияға ұшырап, өліеттенген ошақтар болады.
Емдеу үшін әр түрлі антибиотиктерді: тетрациклин, окситетрациклин, т.б., сульфаниламид препараттарын қолдану ұсынылған. Бірақ, олар негізінен қосалқы микробтарға әсер етеді және нәтижесі онша болмайды, қымбатқа түседі.
Аурудың алдын алу ұшін қой отарларын мал басымен толтырғанда, отар мен отардың, ферма мен ферманың, шаруашылықтардың арасында малды бір жерден екінші жерге ауыстырғанда ветеринариялық-санитариялық талаптарды мұқият орындау қажет. Жаңадан әкелінген саулықтар мен қошқарлардың бір ай карантинде ұстап, хламидиоздық іш тастауға комплемент байланыстыру реакциясымен тексереді. Сау емес шаруашылықтан қошқар алуға болмайды. Қой іш тастаса, оын міндетті түрде хламидиозға тексеріп отыру қажет.
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Қойдың хламидиоздық іш тастауы, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.