Топырақ — табиғат компоненттерінің бірі.
Жердің геологиялық тарихында алдымен пайда болған топырақ. Палеогеографиялық зерттеулердің деректері бойынша алғашқы жұқа топырақ қабаты 500 млн жыл бұрын кембрий дәуірінде пайда болыпты. Бұл кезде әлі өсімдік жамылғысы қалыптаспаған. Топырақ жамылғысын зерттейтін топырақтану ғылымы - жас ғылым. Оның негізін салған XIX ғасырдың 80-жылдары орыс ғалымы В. В. Докучаев - топырақтың табиғи және тарихи дене екенін анықтады.
Топырақтың пайда болуының, дамуының өзінше заңдылықтары бар. Топырақ - су, ауа, жылу, өсімдік және тірі ағзалардың әсерінен, тау жыныстарының үгілуі нәтижесінде жер қыртысының беткі қабатында пайда болған ерекше табиғи құрылым. Міне, осы факторлардың көп жылдық үздіксіз әсерінің нәтижесінде құнарлы топырақ қабаты пайда болады.
Табиғатта топырақ жамылғысының түзілуі - өте ұзаққа созылатын құбылыс. Ұзақ геологиялық мерзімде таулар үгітіліп, мүжіліп, шыңдар аласарады. Құм мен саздар суға шайылып, желдің күшімен ауаға ұшады, шаңданады. Бұл процестер ғасырлар бойы жалғасады. Жаңбыр, жел қатты болса, жер беті өзгеріп тұрады. Топырақтың ең негізгі қасиеті табиғи құнарлылығы, яғни құрамында өсімдіктің тез әрі жақсы өсуіне жағдай жасайтын қоректік заттардың мол болуы. Сөйтіп, аналық тау жыныстарынан кейін топырақ түзуші жетекші фактор ағзалардың тіршілік әрекеті. Олар тасты бұзатын қышқылдар шығарады. Қышқылдар тау жыныстарын ерітуінен, одан шірінді (гуммус) пайда болған. Шірінді үгілген майда жыныстармен араласып кіріккен. Осылайша топырақ қалыптаса бастаған.
Жануарлар дүниесі өздерінің тіршілік әрекетінің нәтижесінде топырақты байытады, өлгендері шірінді мөлшерін көбейте түседі. Шұбалшындар топырақ пен органикалық қалдықтарды асқазан шырынымен шылап өзгертіп, өңдеп шығарады.
Топырақ жамылғысын түзуде климаттың да зор маңызы бар. Бұл процеске қатысатын өсімдіктердің, жануарлардың және микроағзалардың тіршілігі климатқа байланысты. Аязды кезеңде топырақтың түзілуі тоқтайды, ал қуаңшылық кезеңде баяулайды. Климат табиғаттың басқа компоненттері сияқты, топырақтың ендік зоналық, биіктік белдеулілік заңдылықтары бойынша таралуына әсерін тигізеді.
Жер бедерінің топырақ түзудегі рөлі жергілікті жердің жер бедеріне байланысты. Олардың аналық жыныстарда әр түрлі, ылғалдың топыраққа сіңуі де әр түрлі. Солтүстік беткейден оңтүстік беткейге түсетін жылу мен ылғал да әр түрлі болады.
Адам баласының топырақтың түзілуіне тигізетін әсері әр түрлі. Бір жағынан топырақты тыңайтқыштар пайдаланып құнарлылығын арттырса, жерді суарып, батпақтарды құрғатып жатса, екінші жағынан тыңайтылған жерлерді үсті-үстіне пайдаланып, жел эрозиясына ұшыратуда. Адамдардың қызмет әрекеті әрдайым топырақтың құнарлылығын арттыра бермейді.
Топырақтың механикалық құрамы ірілі және ұсақ минерал бөлшектерінің жиынтығы. Топырақтың механикалық құрамы әр түрлі болады. Оны анықтау қиын емес. Топырақты дымқылдап алып, илегенде құрамында саз бен шірінді бар топырақтар біріккіш келеді. Ал құрамы құмды, құмдауытты, саздауыт болса, онда топырақтың бірігуі нашар болады. Топырақтың қасиетіне қарай оның құрылымы да әр түрлі болады. Шірінді өсімдіктің қоректенуі үшін ғана керек емес. Ол топырақ құрылымының түзілуіне белсенді түрде катысады. Топырақтың құнарлылығы оның құрылымына байланысты. Шірінді мен кальцийге бай қара топырақ құрылымы ең жақсы топырақ болып саналады. Топырақ түйіршіктерінің көлемі 10 мм-ге дейін болса, кеуек топыраққа ауа, су оңай өтіп, өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдай туады. Құрылымы кесек топырақтарды құрылымды топырақ деп атайды. Құрылымды топырақ құнарлы келеді. Түйіршіктері ұсақ топырақты құрылымы жоқ топырақ деп атайды. Ол онша құнарлы болмайды. Топырақ құрылымы нашар жерлерде қар суы сіңбей, сай-салаға ағып кетеді. Құрылымды топырақтар тыныс алады. Күндіз топырақ қызады, ауаның көлемі ұлғайып, тысқа шығады, түнде керісінше ауа топыраққа өтеді.
Қазақстанда өзге елдерде кездесетiн топырақ түрлерiнiң түгелдей дерлiгi тараған. Мұнда тайга, тундра топырағына дейiн бар, тек ылғалды субтропик белдемiне тән топырақ қана жоқ.
Қазақстанның топырақ жамылғысы күрделі және әр түрлі. Топырақ жамылғысының зоналар бойынша таралғаны айқын байқалады. Қазақстанның жазық бөлігі аумағының 86%-ын алып жатыр. Негізінен үш топырақ зоналарына бөлінеді: қара топырақты зона (52° с.е. солтүстігінде); қара қоңыр топырақты зона (52°-48° с.е. аралығында); қоңыр, сұр қоңыр топырақты зона (48° с.е. оңтүстігінде).
Қара топырақты зона республиканың солтүстігінде тараған. Бұл зона Солтүстік Қазақстан облысын түгелімен, Қостанай облысының көп жерін, Ақмола, Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының солтүстік бөліктерін камтиды. Республика аумағының 25,5 млн гектар жерін (9,5%-ын) алып жатыр. Қара топырақты зона үш зона аралығына бөлінеді: сілтісізденген қара топырақ - орманды дала табиғат зонасының оңтүстігінде аз ғана бөлігін алып жатыр; кәдімгі қара топырақ және оңтүстіктегі қуаң даланың қара топырағы - дала зонасына тән. Құнарлылығы жағынан алдыңғы екі өңірдің топырақ құрамында гумусы (қара шіріндісі) мол (6-8%) қара топырақ орын алса, оңтүстігінде қара топырақтың қара шіріндісі аздау (4-6%) келеді. Қара топырақты зона ылғалмен қамтамасыз етілген жазық далада тараған, республиканың негізгі астық өндіретін алқабы саналады.
Қара қоңыр топырақ зонасы қара топырақтың оңтүстігінде орналасқан. Бұл Орталық Қазақстанның көп жерін, Каспий маңы ойпатының солтүстігін, Шығыс Қазақстан облысының жазықтарын алып жатыр. Бұл – республиканың оңтүстік дала (тым құрғақ далалы) және шөлейтті алқаптарын 90,6 млн гектар немесе республика жерінің 34%-ын алып жатқан зона. Қара қоңыр топырақ зонасы да үш зона аралығына бөлінеді: қуаң даланың күңгірт қара қоңыр топырақты өңірі; қуаң даланың жай қара қоңыр топырақты өңірі; шөлейт жердің ашық қара қоңыр топырақты өңірі. Топырақтың құнарлылығы оңтүстікке барған сайын кеми түседі. Күңгірт қара қоңыр топырақ пен кәдімгі қызыл қоңыр топырақтың гумусы (қара шіріндісі) 4,5-3,0%, ал шөлейт ашық қызыл топырағының гумусы азырақ, 3,0- 2,0%. Бұл топырақ зонасының солтүстігінде астық өндіру мен мал шаруашылығымен айналысады. Өйткені мұнда ылғал аз түседі.
Қара қоңыр топырақты зонаның оңтүстігінде шөлді аймақ топырақтары алып жатыр. Мұнда негізінен қоңыр және сұр қоңыр топырақ жамылғысы басым келеді. Топырақтың Бұл типі 120 млн гектар жерді, республика жерінің 44%-ын алып жатыр. Қазақстанның оңтүстік бөлігін түгел камтыған. Бұл топырақтың гумусы аз (2,0-1,0%), сондықтан онда негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бұл өңірде суармалы егіс қана тиімді.
Солтүстік Қазақстандағы Батыс Сiбiр ойпатынан оңтүстіктегi Алатау өңiрлерiне дейiнгi аралық 1500 — 1600 км, Батыстағы Атырау(қолжетпейтін сілтеме) алқабынан Алтай тауларына дейiнгi 3000 км-ге жуық өңiрлердi әр түрлi топырақтар жамылғысы басқан. Бұл топырақ жамылғысының әр аймақтарда түзiлiп, орналасуы географиялық белдемдiлiк заңына байланысты. Мысалы, Қазақстанның 86% жерiн алып жатқан жазық алқаптарында климаттың, топырақтың солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгеруi көлденең белдемдiк заңына сәйкес өзгерсе, Қазақстанның 14% жерiн алып жатқан оңтүстік, оңтүстік-шығыс таулы алқаптарында — тiк белдемдiк (биiктiк белдеулiк) заңына сәйкес болады.
Ауданы 235 млн. га. Қазақстанның жазық аймақтарында солтүстіктен оңтүстікке қарай мынадай топырақ белдемдерi кездеседi:
Биік таулы аймақтың топырағы республиканың оңтүстік-шығысын алып жатыр. Аумағы 37 млн. га, республика жерінің 14%-ын құрайды.
Қазақстанда топырағы мен климаты жағынан ерекшеленетін 4 биіктік белдеу бар:
Топырақтың құнарлылығын кемітетін табиғаттың бір апаты - топырақ эрозиясы. Топырақтың құрылу процесінің ұзақ екендігін түзуші аналық тау жынысынан құнарлы 18 см топырақ қабаты пайда болу үшін өте қолайлы табиғи жағдайдың өзінде 1400 жылдан 7000 жылға дейін уақыт керек екенін айтса жеткілікті. Ал бұл қабатты желдің ұшырып әкетуі оп-оңай. Топырақ эрозиясының екі түрі бар: жел эрозиясы және су эрозиясы. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Топырақтану институтының зерттеулері нәтижесінде республикада эрозияға бейім жер 70 млн гектардан астам немесе республика аумағының 26%-ы. Оның 52 млн гектары жел эрозиясына бейім, 17 млн-нан астамы су эрозиясына бейім.
Жел эрозиясының басым болуы, біріншіден, Қазақстан жерінің көп бөлігінің жазық және ашық болуы; екіншіден, күшті желдің жиі соғуы; үшіншіден, топырақтың құрылымы бос немесе механикалық құрамы жеңіл (құмды, құмдауытты) топырақтардың молдығы. Сондықтан мұндай әсерлерді игеру өте жауаптылықты қажет етеді. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерген кезде эрозияға бейім жерлер жыртылып, бекерге эрозияға ұшырады. Мысалы, Павлодар облысында (1955-1958 ж.) күңгірт қара қоңыр, қоңыр топырақты аймақ жыртылып, 805 мың гектар жер эрозияға ұшырап, егіске жарамай істен шығып қалды. Қостанай облысының Әулиекөл ауданының көп жері осындай жағдайға ұшырады.
Аққан судың топырақтың беткі қабатын шайып кетуін, жыра мен сай-саланың, жар мен орлардың пайда болуын топырақтың су эрозиясы деп атайды. Нөсер жаңбырдан немесе мөлшерден артық суарған топырақтың беткі қабаты шайылады. Басында ұсақ жыралар пайда болып, олар суарған сайын ойылып, тереңдеп, сайға айналады. Жалпы топырақтың су, жел эрозиясы - адамның жер ресурстарын тиімсіз пайдаланудың салдары деп ұғамыз. Топырақтану институтында топырақ эрозиясы бөлімі ашылып, солтүстік, оңтүстік аймақтардың су эрозияларын зерттеп, олармен күресу шараларын ұсынды.
1) агротехникалық шаралар: еңісі үлкен беткейлерде жерді су ағысының бағытына көлденең жырту, қыста қар тоқтату, топырақты қайырмасыз соқамен жырту, т.б.;
2) мелиорация шаралары: жыра мен сай, өзен жағаларына, суару түрлері бойынша ағаш және бұта отырғызу;
3) гидротехникалық шаралар: жыраларды бекітетін инженерлік құрылыстар салу, арықтар мен каналдардың түбін су өткізбейтін бетондалған тақта, пленкалармен қаптау, т.б. Бұл шаралар топырақтың су эрозиясына ұшырауын азайтады.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — география бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Қазақстанның топырағы, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.