Бауыржан Момышұлы (24 желтоқсан 1910, Көлбастау – 10 маусым 1982, Алматы) — қазақтың әйгілі әскери қолбасшысы, Ұлы Отан соғысында даңқы шыққан стратег және тактик, жазушы, Кеңес Одағының Батыры
Батыс майданындағы 16 армияның 316-атқыштар дивизиясындағы (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы) 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколамск тас жолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.
Бауыржан Момышұлы — әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы, батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді.
Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Көлбастау ауылында туған. Дулат тайпасының Шымыр руынан.
Имаш бабасы 1911 жылы 92 жасында дүниеден өткен. Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, кирил алфавитімен оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Имаш атасы қартайған кезінде барлық шаруашылықты Момыш ұлына табыстаған. Әжесінің есімі - Қызтумас, қартайған шағында ағайын-туыс "сары кемпір" деп атаған. Анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, Бауыржан 3 жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.
1921 жылы бастауыш класты оқуға Аса интернатына түседі. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. Бауыржанмен бір сыныпта Әбділда Тәжібаев пен Құрманбек Сағындықов оқиды. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Институт директоры Тоқтыбаев деген кісі болатын. Жас баланың қатты суықта жұқа киіммен жүргенін көріп, өзінің кабинетіне шақыртып алады. Баланың қолына бухгалтерияға қағаз жазып беріп, осы қағаз бойынша ақша алатындығын және сол ақшаға ауылға қайтатындығын айтады. Осындай тұрмыс жағдайына байланысты оқудан кетеді.
Соғыс кезінде жеке басының қаһармандық ерлігімен және ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен ерекше көзге түседі. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. Мәскеу түбіндегі шайқастағы ерлігі сол кездің өзінде Одақ көлеміне аңыз болып жайылады. Осының негізінде орыстың белгілі жазушысы А.Бек «Волоколамское шоссе» (қазақшасы «Арпалыс») повесін жазды. Бұл шығарма кейін бірнеше тілге аударылады.
Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.
Мәскеу түбіндегі шайқас Бауыржан Момышұлының өміріндегі ерекше кезең болды. Жас сардар, 1073 атқыштар полкінің батальон командирі, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы сарбаздармен қақаған қыста Мәскеу түбінің омбы қарына малтыға жүріп, бес рет қоршауды жарып шығып, жалпы саны 27 рет қол бастап ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тактикалық маневрлер жасап, әскери өнерге жаңалық енгізген. Командир Момышұлы жетік стратег, асқан тактик, психолог еді.
1941 жылдың 16-18 қараша күндері аралығында Вермахтың Мәскеуге екінші дүркін шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон өз дивизиясынан қашықта Матронино селосының маңында Волоколам тас жолыда аса ерлікпен соғысты. Комбаттың дарынды басшылығының арқасында неміс әскері бұл маңда 3 күнге іркіліп қалды. Бұл ерлігінен соң жас комбат өз сарбаздарын қоршаудан соғысқа қабілетті жағдайда алып шықты.
Алайда аласапыран шақта қысылтаяң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон, роталарымен байланысы үзіліп, жауынгерлердің қай жерде, қандай халде екенін білу қиынға соғады. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі – Бауыржан басқарған бірінші батальон еді. Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасайды. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған (алдыңғы жақты барлайтын) барлаушы қойып, взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарады. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарады.
Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырады. Күндіз қалың тоғайда тыныстап, түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырған жауынгерлер табандылық пен төзімділік көрсетіп, қалың қарағайлы тоғай ішінің қалың қарын омбылай жүре отырып, екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларының аралығынан шығады. Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075-полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспағандықтан тың тұрады.
Әдісқой, тәжірибелі комдив И.В. Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып, жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды. Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алады. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып, бетінен сүйіп: «Жарайсың, сұңқарым!» деп арқасынан қағады.
19 гвардиялық атқыштар полкінің командирі ретінде 1941 жылдың 26-30 қараша күндері гвардия капитан Момышұлы Мәскеу облысының Соколово деревнясының маңында неміс әскерінің шабуылын 4 тәулік бойы қайтарып, сәтті ұрыс жүргізді. 1941 жылдың 5 желтоқсанында омыртқаға оқ тиіп, жарақат алды. Әзілхан Нұршайықовтың "Ақиқат пен Аңыз" кітабында Бауыржан өзін санбатқа жеткізгенде дәрігерлер дереу госпитальға апару керек деп шешкендігін, бірақ ол тапаншамен дәрігерді қорқытып, оқты сол жерде шығаруды бұйырғанын айтады. Оқты алып, жараны таңғаннан кейін капитан Бауыржан Момышұлы ұрыс алаңына қайта оралады.
Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8-гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерлерін саптан шығарады, жаудың көптеген техникасын жойып жіберді.
1944 жылы Комдив болып жүрген кезінде Дубровка деревнясының маңында болған ұрыс кезінде тағы қатты жараланады. Өз айтуынша құйымшақпен жерден шығып тұрған темірге құлаған екен. Біраз уақыт атқа отыра алмай және шалқасынан жата алмай жүрді, бірақ госпитальге бармады.
Сол уақыттан 1944 жылдың наурызына дейін госпитальде жатады. Сол жылы Бас Штабытың Әскери Академиясының жанындағы офицерлердің біліктілігін арттыру курстарын бітіріп шығады.
1945 жылдың 21 қаңтарынан бастап гвардия полковник Бауыржан Момышұлы Екінші Прибалтика майданының, 6 гвардиялық армиясының, 2 гвардия атқыштар полкінің 9 гвардия атқыштар дивизиясын басқарды. 1945 жылдың ақпан-наурыз айларында Бауыржан Момышұлы басқарған дивизия Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағында орналасқан неміс әскерінің үш бекінісін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елді мекен босатылды, ал жау әскеріне үлкен зиян тиген болатын.
Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан нақылға бергісіз сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, елі үшін шыбын жанын қиятын ерлігін ерекше бағалай білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.
Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ, сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі, зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісі де бола білді.
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді, ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып, ел тілегі орындалды.
Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмеді, бірақ інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырды. Куба әскерилерінің алдында дәріс оқыды. Кубаға барған саяхаты жайында "Куба әсерлері" атты кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.
1963 жылы Куба үкіметінен бірнеше қайтара шақыру келгендіктен, 10 күндік сапармен барып келеді.
1982 жылы 10 маусымда 71 жасына қараған шағында Алматыда дүние салады. Кеңсай зиратына қойылды.
2010 жылы қыркүйектің 14-і күні Алматыда «Қазақтың Бауыржаны» атты деректі фильм көпшілікке таныстырылды. Фильмді үкімет тапсырысымен Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына арнап режиссер Қалила Омаров түсірді .
2010 жылы желтоқсанның 10-ы күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында совет-герман соғысының қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлына тұрғызылған ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды. Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан құйылған..
2010 жылы Республика бойынша Бауыржан Момышұлының 100-жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өтті.
2010 жылы қыркүйек айында Бауыржан Момышұлының 30 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
2010 жылы 10 желтоқсан күні Алматы қаласында Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш ашылды.
Бауыржан Момышұлы жігіттік шағында-ақ ғашықтық жырлар, достарына, жерлестеріне арнау өлеңдер жазған. Оның алғы шептен жазған мақалалары мен өлеңдері, аудармалары майдан газеттерінде, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» және басқа басылымдарда жарық көріп тұрған.
Майданда ол күнделік жазып, ұрыс алаңында көрген-білгенін, басынан өткен жайттарды қағазға түсірді. Ол кез-келген жағдайда қарда да, жаңбырда да және тіпті қоршауда қалған кезде де жазба жүргізді. Осылайша, ол 38 жауынгерлік жазба кітапша жазды. Онда соғыс барысы, сарбаздардың ойы мен әрекеті туралы айтылады. Оның негізгі әдеби шығармалары оқырманды шыншылдығымен таңғалдырады. «Бір түннің тарихы» оның дарынды жазушы екенін жариялаған алғашқы туындысы.
Бауыржан соғыс уақытында «Серігім», «Жазушыға», «Қалыбек аға», «Біреулерге», «Омарбекке», «Жардың мұңы», «Ғ-ға», «Ана тілін ардақта», «Досыма», «Толғау» атты өлеңдер жазған.
1952-1956 жылы «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья» деген алғашқы кітаптары жарық көрді.
Қазақстанда батырдың атымен Алматы, Тараз, Атырау, Семей қалалары және Жамбыл облысы Аса ауылындағы көшеге батырдың аты берілген:
Соғыс кезінде
Соғыстан кейін
Ұлы Отан соғысы жылдарында екі қазақ қана дивизия басқарған. Оның біріншісі Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Әбілқайыр Баймолдин.
Бауыржан Момышұлы үш қыздан кейін, әкесінің 53 жасында дүниеге келген.
“ | Опасызда Отан жоқ, Отанда опасызға орын жоқ.
| ” |
“ | Тәртіпке бас иген құл болмайды!
| ” |
“ | Отаның үшін отқа түс — күймейсің.
| ” |
“ | Ептілік пен ерлік — Ерге тән қасиет.
| ” |
“ | Сен жаудан қашсаң — өмір сенен қашады.
| ” |
“ | Тәрбиелі — тәртіптің құлы, Тәртіпті — елдің құлы.
| ” |
“ | Өз кітаптарым — өз балаларым. Олардың да Отаныма адал қызмет етуін қалаймын.
| ” |
“ | Үмітін жоғалтқан жан — ешқашан үміттеніп көрмеген жан.
| ” |
“ | Елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып, елге қызмет ет.
| ” |
Бауыржан Момышұлы |
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Baurzhan Momyshuly |
Бұл мақала қазақша Уикипедияның жақсы мақалалар тізіміне енеді. |
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Бауыржан Момышұлы, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.