Тауықтар — тауықтәрізділер отрядына жататын құс, ауыл шаруашылық құстарының неғұрлым кең тараған түрі.
Еті мен жұмыртқасын, қауырсыны мен мамығын алу үшін өсіріледі. Саңғырығы тыңайтқыш ретінде қолданылады. Олардың барлық тұқымдарының арғы тегі – бұдан 5 мың жыл бұрын Үндістанда қолға үйретілген жабайы банкив тауығы. Төбесінде теріден тұратын айдары, құлақ сырғалықтары, қоразының аяғында сырғалығы мен сүйір тепкісі болады. Қауырсындарының түсі әр түрлі. Көпшілік тұқымдарының артқы жіліншігі мен тұмсығы сары кейде қызғылт, қара болады. Тауықтардың денелері тығыз, табандары үнемі жер бетінде жүретіндіктен мықты, төрт саусақты, тырнақтары қатты жерлерді де қазуға бейімделген. Қаңқасы дала құстарымен салыстырғанда ауырлау. Қанаттары қысқа, ұша алмайтындықтан оларды өте сирек пайдаланады. Жұмыртқа салатын, балапандарын басып шығаратын қолайлы жерді өздері таңдап алады.
Өнімділік бағытына қарай ет, ет-жұмыртқа, жұмыртқа бағытындағы тауықтар деп бөлінеді, сонымен қатар өндірістік мәні жоқ көркемдік және жауынгер тауықтар да өсіріледі. Жұмыртқалағыш тұқымы онша ірі емес, мекиені 1,7 – 2,2, қоразы 2,5 – 3 кг; етті-жұмыртқалағыш тұқымы сәйкесінше 2,3 – 2,8 және 3,4 – 3,8; етті тұқымы 3 – 3,5 және 3,8 – 4,5 кг салмақ тартады. Етті тұқымының балапандары (бройлер) тез өседі, олардың жұмыртқаны жарып шыққандағы салмағы 38 – 41 г. болса, 7 – 8 аптада 1,5 – 1,8 кг салмақ қосады. Тауықтар жыныстық жағынан ерте жетіледі (5 – 6 айда). Жұмыртқалағыш тұқымы басқа тұқымдарына қарағанда тез өседі. Жұмыртқалағыш тауықтар жылына орта есеппен 220 – 250 дана, ал етті тұқымдылары 110 – 220 дана жұмыртқа береді. Жыл сайын жұмыртқалау мерзімінің соңына қарай тауықтар түлей бастайды, ол өнімділік бағытына және күтіп-баптау жағдайына байланысты 2 – 3 аптадан 2 айға дейін созылуы мүмкін. Түлеу кезінде жұмыртқа салмайды. Жұмыртқалау мерзімінің басында жұмыртқаның салмағы 40 – 50 г, ал соңына қарай 57 – 65 г-ға дейін көтеріледі. 10 жылға дейін жұмыртқалай алады, екінші жылы ең көп жұмыртқа береді, содан кейін жылдан жылға жұмыртқа саны кемиді. Тауықтар өсіретін шаруашылықтарда өнімі мол тұқымдық тауықтарды 2 – 3 жыл ұстайды. Тұқымдық тауық үйірінің 55 – 60%-ы жас, 30 – 35%-ы – 2 жастағы, 10%-ы 3 жастағы тауықтар болады. 8 – 12 тауыққа 1 қораз ұсталады. Тағамдық жұмыртқа алуда қораз ұстамаса да болады. Тауықтарды қолда өсіргенде қораны кең, жарық, су өтпейтін, жылы жерге салады. Ішінде тауықтарды азықтандыратын науалар, суаратын астаулар, жұмыртқалайтын ұялар болады, оларды жуып, дезинфекциялап отырады. Қыста қалың төсеніш үстінде ұстайды. Тауықтар қорасының алдына үлкендеу ашық алаң қоршалады. Сонымен қатар тауықтарды құс фабрикаларында, арнайы шаруашылықтарда өсіреді (қ. Құс өсіру). Тауықтарды азықтандыру ерекшеліктері тұқымына, өнімділік бағытына байланысты. Жемі – арнайы дайындалған құрама жем.
Әсемдік, жауынгер тауықтарды әуесқой құс өсірушілер әсем қауырсыны немесе дене құрылысы үшін, түрлі мақсаттар үшін (төбелестіру, т.б.) өсіреді. Әсемдік тауықтар өте кішкентай, ергежейлі, қауырсыны бұйра, жібектей жылтыр болады.
Құстардың қан айналымы қосмекенділер мен жорғалаушылардан күрделі. Жүрегі төрт бөліктен: екі құлақша және екі қарыншадан құралып, оң және сол жақ жартыларға бөлінеді. Жүректегі салатамыр және көктамыр қаны бірімен-бірі араласпайтындықтан, бүкіл ағзаға тек оттегіне қаныққан қан таралады.
Құстың денесіндегі қан екі шеңбер бойынша айналады, олар үлкен және кіші қанайналым шеңбері деп аталады. Жүректің сол жақ қарыншасынан шыққан салатамырдағы қан бүкіл денені аралап, денедегі жасушаларға оттегін береді, көмірқышқыл газға қанығып, оң жақ құлақшаға оралады. Бұл - үлкен қанайналым шеңбері. Оң жақ құлақшадағы көктамыр қаны оң жақ қарыншаға өтіп, өкпеге барады, құрамындағы көмірқышқыл газды өкпеде қалдырып, өкпедегі оттегімен қаныққан соң сол жақ құдақшаға құяды. Бұл - кіші қанайналым шеңбері. Құстың жүрегі қуатты жұмыс істейтіндіктен, қан тамырларды бойлай шапшаң ағып, ағзаға қажетті мөлшерде оттегі мен қорек жеткізеді. Сондықтан құс денесіндегі температура тұрақты (40-45 градус) болады.
Құстардың зәршығару мүшесі - жамбас қуысында орналасқан қызыл түсті екі бүйрек. Құста қуық болмайды, бүйректен тараған екі несепағардың өзекшесі тікелей клоакаға ашылады.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
This article uses material from the Wikipedia Қазақша article Тауық, which is released under the Creative Commons Attribution-ShareAlike 3.0 license ("CC BY-SA 3.0"); additional terms may apply (view authors). Мәлімет CC BY-SA 4.0 лицензиясы аясында қолжетімді (басқа шарттар көрсетілмеген жағдайда). Images, videos and audio are available under their respective licenses.
®Wikipedia is a registered trademark of the Wiki Foundation, Inc. Wiki Қазақша (DUHOCTRUNGQUOC.VN) is an independent company and has no affiliation with Wiki Foundation.